Жем бағасы шарықтап тұр

2692

Былтыр бір қап жем 1700-1800 теңге тұрса, биыл 2800-ге көтерілген.

Жем бағасы шарықтап тұр

Кез келген ауылдық жерлерде жайылымдық жерлердің тарылып қалғаны сөзсіз. Жекеменшікке өтіп кеткен жерлер қоршауда қалды. Жайылым іздеген малда көп ұзамай айналып келіп қора алдында күйіс қайырып тұрады. Мал жаятын жердің жоқтығын ауылдағы ағайындардың барлығы мойындайды. Бір уақ есік алдына жайғанмен ол малдың күйі болмайды. Амалсыз қораға қамайтын ағайын жем-шөпке тәуелді. Ал жем-шөптің бағасы күн сайын шарықтап барады. Шөбін тауып бере алмағасын шаруалар малын сатып құтылуға мәжбүр.

Жем-шөпті қамдамай мал шаруашылығын өрістету, санаға сыймайтын мәселе. Ата кәсіптің бойына қан жүгіртеміз деп жиі ұрандатқанымызбен нақты іске келгенде қарекетіміз кемшін. Айталық, Қызылорда да құрама жем шығаратын толық қуаттылығында жұмыс істеп тұрған бірде-бір кәсіпорын жоқ. Мал азығының бағасы сырттан әкелінетіндіктен күн сайын шарықтап барады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда 40-50 пайызға қымбаттаған. Баға әлі де құбылатын түрі бар. Өйткені көрші облыстардың өзінде тапшылық сезілуде, ал өңір тұрғындары болса қолға мал ұстаудың машақатқа айналғанын айтады.

"Қазір төрт түлік малды ұстау қиынға айналды. Жем, шөптің бағасы шарықтап кетті. Қолға мал ұстауға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Еліміздің саясаты, ауыл шаруашылығын өркендету деп жатыр. Төрт-түлік малды көбейт, деп жатыр. Ал енді бұған көмек беріп жатқан ешкім жоқ. Мысалға, былтыр бір қап жемді 1700-1800 теңгеден алып жүрген малдың жемін бүгінде 2800-ге аламыз. Сонда есептеп қарасаңыз 50 пайызға өскен екен", - дейді қала тұрғыны Қонысбек Сәдібеков.

Мал азығы бағасының күйіп тұрғанын жергілікті шенділерде мойындайды. Ал мемлекет тарапынан жем-шөпке арналған субсидия бүгінде тоқтап қалған.

"Өндірілген комбикорымды субсидиялауға тоннасына 20 мың теңгеден 2016 жылы берілген. Алайда бұл күндері субсидия жалғасын таппай қалды. Басқарма тарапынан осы ұсыныстарды қайта жалғассын деп Министрлікке беріп отырмыз. Министрліктен қолдау тапса біздің бұйрығымызға өзгеріс енгізеді. Сол кезде төленетін болады. Әзірге кешенді нақты ештене жоқ", - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Арыстан Омаров.

Өңірдегі жем-шөпке қатысты мәселе осы. Көтерме бағасы келісіне 60-70 теңгеден айналса, бөлшек саудада 80-100 теңгеден. Мал азығы шарықтап тұрған соң ет өнімдерінің де құны құбылып тұр. Сырттан тасымалданатын жемнің бағасы ендігі түсе қоймайтыны белгілі. Алдағы уақытта өңірдегі шаруашылықтар жем-шөп қорын молайтуға үлес қоссын десек оларға мемлекеттік қолдауды күшейтіп, субсидия мәселесін шешіп беру қажет. Болмаса жем бағасы жылдан-жылға шарықтай бермек.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу