Жаңа үйлер көптеп салынуда. Ал жылу электр орталықтары сол - бұрынғы. Ескі. Қыс басталғалы қаладағы әбден тозған жылу жүйелерінің өзінде 400 рет апат болған. Жылу беру орталықтарында мұндай жағдай 70 рет қайталанған.
Қыс келсе Семей халқы жылудан қысылатыны әдетке айналғалы қашан?! Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған жылдары тұрғындары талай мәрте шулап, әкімдік табалдырығын әбден тоздырса да еш нәтиже жоқ. Қазір қала аумағы үлкейіп келеді. Жаңадан Қарағайлы мөлтек ауданы қосылды. Онда 2 жүзден астам көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық халық қоныстанады деп жоспарлануда. Алайда, онсыз да жылуға жарымай жүрген семейліктер үшін жаңа жылу электр орталығы салынбады.
"Енді алыстау, қаланың шетінен салып, бұрынғы ескі құбырларға қоса бермегені дұрыс деп ойлаймын, дейді қала тұрғыны Гүлжан Нұрсұлтанова.
Биыл аязды күндері Қарағайлыдағы үйлер пана болмай кеткенін қала әкімінің өзі көрді. Ескі үйлер де азынап кетті. Қыс қысымшылығын жасағанда №1 жылу электр орталығында өрт шықты. Бірқатар жүйе істен шығып, сол жағалаудағы үйлердің 70 пайызында жылу деңгейі төмендеп кетті. Тек қазандықтарды істету үшін бункерлерге көмір қолмен салынды. Қала қатып қалмас үшін көмекке әскерилер де келді. Ал жаңа жылу электр орталығы алдағы 2-3 жылда салынбайды. Биыл тек 2 қазандық іске қосылады.
"Сондықтан да мына 20 гигакалория деп отырмыз ғой. Сол 20 гк-ны ақырын бөлеміз. Содан кейін тағы да 2 кательныйымызды міне экспертизамыз шықты. Тағы да 40 гк-ға екі кательныйымызды үлкейтетіндей жағдай жасаймыз", дейді Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Ұзындығы 300 шақырымнан асатын жылу желілерінің 70 пайызға жуығы ескірген. Қазіргі тариф жылу желілерін жаңартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан оны қайта қарау керек. Бұл туралы президент тапсырмасымен құрылған орталық және жергілікті атқарушы органдардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру комиссиясының төрағасы Тимур Сүлейменов те Семейге келгенде айтты. Жылуға қатысты жетіспейтін тағы бір мәселе. Маман тапшы.
Айта кетейік, жалпы өңірдегі жылу желілері мен қазандықтарын толық жаңарту үшін 149 миллиард теңге шамасында қаражат қажет.
Жанболат Санияз