8 қарашада "Астана Опера" ұжымы гастроль аясында италияндық көрерменнің назарына А.Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай" операсын көрермен назарына ұсынбақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спектакль қарсаңында қазақстандық солистердің, маэстро Алан Бөрібаев пен генуялық театр дирекциясының қатысуымен баспасөз жиыны өтеді. Гастрольдік бағдарлама 10 қарашада Л. Бетховеннің № 9 симфониясымен жалғаспақ.
Опера солистері, Симфониялық оркестр музыканттары, хор, балет және миманс әртістері, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар мен сахна машинистері бүгін Италияның ауқымы бойынша алтыншы орын алатын Генуя қаласына аттанды.
"Карло Феличе" театры 1827 жылы салынған, оның сахнасында әлемнің ең танымал дирижерлері мен әйгілі оркестрлері, беделді балет труппалары, атақты орындаушылар өнер көрсеткен. "Карло Феличе" театрында барлығы басқаша, біз сахнаның планшетін жауып тұратын төменгі платформаны пайдаланатын боламыз. Осылайша, декорациялардың ең ауқымды және ауыр салмақты элементтерінің бірі – Абай үйі "трюмде", яғни сахна астында орналасатын болады. Жалпы алғанда, спектакль "Астана Опера" театрындағы түпнұсқа көрсетіліміндегідей ұсынылатын болады. Көрермендер қойылымға қатысатын жануарларды да тамашалай алады" - деп бөлісті "Астана Опера" көркемдік-өндірістік кешен жетекшісі Виктор Караре.