Филиппинде 28 адамның өмірін қиған "Мангхут" сұрапыл дауылы Гонконгты басып өтіп, Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауына жетті, деп хабарлайды 24.kz.
Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен соққан дүлей желден Гонконгта 362 адам жарақат алды. Сұрапыл дауыл талдар мен бағаналарды құлатып, электр жарығы жүйесін бүлдірген. Табиғат апатынан жүздеген әуе рейсі кейінге шегіріліп, метро қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылды.
Ал ұйытқып соққан дауылға байланысты Гуандун провинциясында 2 жарым миллионға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Аймақта қауіптің жоғары деңгейі жарияланды.
Мамандар "Мангхут" биыл аймақта соққан ең алапат дауыл деп отыр. Ал ауа райын болжаушылардың айтуынша, дауылмен бірге қалың жаңбыр жауып, су тасқыны мен лай көшікіні жүру қаупі бар.