"Халық пен елбасы алдында өздеріңіз жауап бересіздер"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10208

Бақытжан Сағынтаев командасын бір сілкілеп алды.

"Халық пен елбасы алдында өздеріңіз жауап бересіздер"

Биыл республикалық бюджеттен 13 жобаға бөлінген 42,9 млрд теңгенің иегірілмей қалу қаупі бар. Оның көп бөлігі құрылыс саласына тиесілі екен. Нақтырақ айтсақ, автокөлік жолдарын салу бойынша 37,8 млрд теңгенің 4 жобасы әлі күнге дейін мемлекеттік органдармен келісілуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігінде 3,2 млрд теңгеге 6 сумен жабдықтау және гидротехникалық құрылыстар жобасы бойынша конкурстар өткізілмеген. Мәдениет және спорт министрлігі 1,7 млрд теңгеге конкурстар жарияламаған.

"Бес айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 3,9%-ды құрады. Оның ішінде экономиканы артқа тартып отырған сала – құрылыс. Бес айдың ішінде бар-жоғы 0,3%-ға өсім көрсетті. Ал 4 айдың қорытындысы бойынша 2,1% болған еді. Негізгі мәселенің бәрі құрылысқа тіреліп отыр. 2018 жылға 275 млрд теңгенің міндеттемесін қабылдау көзделген еді. Бүгінге дейін 178 млрд теңгенің міндеттемесін қабылдап алдық. Әлі 100 млрд теңге қалып отыр. Бес айдың ішінде 42 млрд теңгенің ғана жұмысы атқарылған. Ал уақыт болса өтіп жатыр. Құрылыс маусымы да өте шығады. Қазан айынан бастап күн суытады. Жол салу, басқа да құрылыс жұмыстары қиындайды. Сонда бұл қаржыны қалай игереміз, Жеңіс Махмұдұлы?" – деді премьер-министр  Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сұраулы жүзбен.  

Бақытжан Сағынтаев егер жұмыс жанданбаса, онда алты айдың қорытындысы бойынша бөлінген ақшаны кері қайтарып алу керек екенін айтты. Бұл ретте, қайтарып алынған қаржыны министрліктер тарапынан түсіп жатқан сұраныстарға бағыттауға болатынын айтты.

"Жол құрылысына үлкен тапсырыс болды. Ақшаның игерілмей қалу қаупі бар. Мәдениет министрлігі визит орталықтарын салып біткенше, туристік маусым өтіп кетеді. Орталықтар бойынша конкурс өткізу былай тұрсын, жобалық-сметалық құжаты да дайын емес. Онда не үшін ақша сұрады? Мұндай мәселе ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктерінде де бар. Қазір қосымша қаржы сұрап отырсыздар. Игерілмей қалу қаупі бар 42 млрд теңгені қайтарып алып, басқа салаға пайдалану керек. Бәрібір одан пайда жоқ. Өңірлерден келіп түсіп жатқан жобалар жүзеге аспай отыр. Жобалар бірінен соң бірі сотқа жөнелтілуде. Демек, конкурстар дұрыс ұйымдастырылмайды деген сөз. Қашан бітеді мұның бәрі?", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ақшасы иегірлмей жатқан жобалардың бәрі былтыр қолға алынған. Яғни, олардың орындалуы өткен жылдан бастап жалғасып келеді.

"Бұл жобаларға халықаралық банктер тартылған. Ал олардың талап-тәртібіне сәйкес, министрлікке ай сайын сертификат беріліп отырады. Біз берілген сертификат бойынша төлем жасаймыз. Дәл осындай тәртіп жыл соңына дейін жалғасады. Сондықтан бұл жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Бөлінген ақшаны жүз пайыз иегереміз", – деді үкімет басшысының алдында ақталған министр.

Алайда, Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге басқа қырынан келді.

"Міне, "Дүниежүзілік банктен қаржы алу туралы келісім мемлекеттік органдармен келісілуде" деп жазылған. Ислам банкіне қатысты келісім де әлі мақұлданып жатыр. Қашанғы келісе бересіздер? Келісіп біткенше қыс түседі ғой", – деді премьер-министр.

Жеңіс Қасымбек Ислам банкіне қатысты мәселе барын мойындады. Ол мәселе бүгін-ертең шешіледі деп сендірді.

Үкімет басшысы бөлінген қаржы игерілмейтін болса, министрлер мен әкімдер халық алдында, елбасы алдында жауап беретінін еске салды.   

"Елбасының тапсырмасы бойынша үкімет қаржыны бөлді. Парламент қолдады. Бюджет қабылданды. Бірақ, қаржы игерілмейді. Қашанғы күтіп отырамыз? Не экономикада өсім жоқ, не халықтың алдында айтатын сөз жоқ. Есеп берілген кезде бәрін қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Соңғы сөз – жарты жылдың қорытындысынан кейін бөлінген, алайда игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалатын болады. Ары қарай өздеріңіз білесіздер. Халық пен елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер", – деп қадап айтты үкімет басшысы. 

Еске сала кетейік, бүгін үкімет отырысында қаңтар-мамыр аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндағандай, 2018 жылдың бес айында жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,9% құрады. Бұл орайда, өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бес айдағы өсім 5,4%-ға тең болды. Өңдеу өнеркәсібінің өсу деңгейі 5,5%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы саласы 3,9%-ға өсім көрсеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар жыл басынан бері 25,3%-ға ұлғайған.

"Сыртқы сауда айналымы оң серпінді сақтап отыр. Оның айналымы І тоқсанда 24,3%-ға ұлғайды. Экспорт 27%-ға өсті. Импорт 19,4%-ға артты. Жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Қаңтар-сәуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрады", – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, бес айда инфляция деңгейі 2,4%-ды құраған. Инфляция деңгейі 2018 жылға бекітілген 5-7%-дық нысаналы дәлізден асқан жоқ.

"Қаңтар-сәуірде валюта нарығындағы ахуал жалпы алғанда тұрақты болды. Ұлттық валютаның бағамын белгілейтін факторлар оңтайлы қалыптасты. Жылдың басынан бері теңгенің АҚШ доллары қатысты бағамы 0,4%-ға шамалы әлсіреді", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышевтің айтуынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мамырдың соңында 31,2 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 59,2 млрд АҚШ долларын құраған. Халықаралық резервтер жыл басынан бері 1,4%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 90,4 млрд АҚШ долларына тең болды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу