"Шикізатты сата берумен шектелмеуіміз керек"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3775

Жыл басынан бері 1,9 триллион теңге инвестиция құйылған 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

"Шикізатты сата берумен шектелмеуіміз керек" Фото: nur.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні" ұлттық телекөпірі өтті. Онда  елбасы онлайн режимде бүкіл ел бойынша жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалардың іске қосылуына рұқсат берді. Олар жоғары технологиялық жаңа өндіріс ошақтары болып табылады.

Атап айтқанда, Ақмола облысының Ақсу ауылында "Қазақалтын Технолоджи" компаниясының алтын өндіру фабрикасы жұмысқа кірісті. Сондай-ақ Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбыр шығарумен айналысатын "Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты" ЖШС зауыты ашылды. Атырау облысында "Жігермұнайсервис" ЖШС-ның роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі пайдалануға берілді.

"Біз мұнайға және газға бай ел болып табыламыз. Сондықтан қазір күн тәртібінде шикізатты өңдеу мәселесі тұр. Біз тек шикізатты сата берумен шектелмеуіміз керек, қайта оны өңдеп, өнімнің қосылған құнын және жұмыскерлердің жалақысын өсіруіміз керек. Сондықтан да бұл нысандар өте маңызды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде де кәсіпкерлер ел мен елбасы алдында мақтана алар жаңа өндірістері дайын екенін паш етті. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Маслодел" ЖШС-ы "Тетра Пактың" жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауытын ашты. Шығыс Қазақстан облысында "Восток-Молоко" компаниясы жоғары технологиялық жабдықтары орнатылған сүт кешенін модернизациялады. Батыс Қазақстан облысындағы "Жайық Агро" ЖШС жаңа құс фабрикасын іске қосты.

Осы орайда президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің ең алдымен ауылдан кіндігі ажырамаған аграрлық мемлекет болып табылатынын еске салды.

"Біздің аграрлық мүмкіндігіміз – біздің болашақтағы серпініміз. Ауыл шаруашылығы арқылы біз тез дами аламыз. Ол үшін оның өнімдерін қайта өңдеуді өркендетуіміз қажет. Бүкіл әлем қазір солай жасайды. Мен аграршыларға үнемі айтамын: дән сеуіп, оны өсіру – бір мәселе, сіздер жоғары сапалы ет пен сүт жасауға талаптанып көріңіздер. Енді біз осыған бетбұрыс жасаймыз. Себебі көрші Ресейде астық бітік шықты, бізде астық бағасы құлдырады. Ал дайын өнімдердің бағасы арзандап жатқан жоқ. Яғни Қазақстан шикізаттық агроөнеркәсіптік кешеннен өңдеуші аграрлық кешенге көшуге тиіс", – деп нықтады мемлекет басшысы.

Телекөпір барысында "шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа секторлары" бағыты бойынша Жамбыл облысында "Оргстрой" ЖШС гранит, мәрмәр және гипс өндіру, жарылғыш құрылғыларды өндірудің жаңа технологиясын өңдеу жөніндегі өндірісін ашты. Алматы облысында "Psi Stroy Industriya" ЖШС металл конструкцияларын шығаратын зауытты іске қосты, Коринская ГЭС баламалы энергетикалық жобаны іске қосты.

"Жамбыл облысы бүкіл Қазақстан бойынша гранит қорымен дараланады. Астанадағы, Алматыдағы, басқа жерлеріміздегі барлық ғимараттар Жамбыл өңірінің гранитімен қапталған. Металды конструкцияны да Қазақстан қажет етеді. Өйткені еліміз үлкен құрылыс алаңына айналған. Жол салынуда, тұрғын үйлер тұрғызылуда, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Олардың барлығының да ұстыны металды конструкция болып табылады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қарағанды облысында ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын "Recycling Company" ЖШС жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жылына тозығы жеткен автокөліктердің 50 мыңын қайта өңдеуге қауқарлы.

"Бұл осы саладағы еліміздегі бірінші кәсіпорын. Біз тәуелсіз ел ретінде тәй-тәй қадам жасап жатқанда, Қазақстан бойынша небары 700 мың автокөлік қана бар болатын. Қазір жолдарымызда жүйткіп жүрген көлік құралдарының жалпы саны шамамен бес миллиондай. Олар тозуда және қоршаған ортаны ластауда", – деп ескі көліктерді кәдеге жарататын отандық кәсіпорынның қадамын құптады елбасы. 

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында мемлекет басшысы Маңғыстау облысындағы Құрық портында паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының вице-президенті Бауыржан Орынбасаровтың айтуынша, бүгінде Құрық порты "Транскаспий көлік дәлізінің" басты буынына айналды. 2017 жылы ол арқылы 1 миллион 200 мың тонна жүк артылып, жөнелтілген. Жаңа автокөліктік паромдық кешен бұған қосымша жыл сайын 2 миллион тонна жүктің артылып-тиелуін қамтамасыз етпек. Оның үстіне Қазақстан бүгіннен бастап, Түркия мен Еуропа елдеріне жаңа бағыттарды ашып отыр.

Мұны естіген елбасы қазақстандық теңіз айлақтарын салу бұрыннан аңсарлы идея болғанын айтты. Кеңес кезінде бізде тек "Ақтау" порты ғана болғаны мәлім, оның өзі тек ішкіодақтық мақсатқа ғана қолданылатын.

"Осы қатарда "Қорғас" құрғақ портын құру идеясын мен Қытайдың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтаомен бірге жүзеге асырған едім. Осы мақсатта әрі құрылысты бастау үшін біз Біріккен араб әмірліктеріндегі баршаға мәлім Джебель Әли портының президентін шақырдық. Мен одан өз портын қалай қиып келгенін сұрадым: "Сіз не себепті бізге келдіңіз? Сіздерде теңіз де бар, тамаша көлік бағдарлары да түзілген. Ал бізде теңіз жоқ, айнала құм" деймін. Ол маған айтады: "Президент мырза, шынында сіздердегі теңіз біздегіден үлкен. Қытайға қараңыз – Джебель Әли ие теңізден де үлкен емес пе ол". Нәтижесінде, Тынық мұхиттан Қытайға дейін тауарлар тасылатын құрғақ порт бой түзді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Құрық айлағы елімізде іске асқан жаңалық екенін айтты.

"Көзге елестетіп көріңізші: біз Каспий арқылы паромдық тасымал аштық. Енді автомобильдік паром жолға қойылуда. Нәтижесінде Құрық порты "Қазақстан – Әзербайжан – Грузия – Түркия" бағытының ашылуына дайын. Жүктер ары қарай Босфор астындағы тоннелмен тікелей Еуропаға шығады. Енді біз Қазақстан бұдан былай құрлықтық ел емес, Парсы шығанағын қоса алғанда, барлық теңіздерге шыға алатын мемлекет деп айтатын боламыз!", – деп түйіндеді сөзін елбасы.   

Маңғыстау өңірінде сондай-ақ президент "Ақтау – Бейнеу" автожол жобасының "Ақтау – Шетпе" учаскесін ресми ашты. Инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің дерегінше, бұл жол "Астрахань – Атырау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы" халықаралық дәлізінің құрамына кіреді. Бұл Ресейге және Шығыс Еуропаға ең қысқа жол саналады екен.

"Автокөлік жолдары тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктер арасында бір төбе болып тұр. Орасан зор жұмыс еңсерілді. Ондай бүкіл Қазақстан бойынша ешқашан жасалмаған. "Нұрлы жолды" жүзеге асыру аясында біз қазірдің өзінде 4,5 мың шақырым автокөлік жолын салдық, алдағы жылдары тағы 4,5 мыңын төсеу жоспарлануда. Біз еліміздің көліктік жағдайларын толық өзгертудеміз", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес, өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін "Эйр Астана" авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастады.

"Continental Logistics Shymkent" ЖШС Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығын салды. Бұдан бөлек, "Интергаз Орталық Азия" АҚ Ақтөбе облысындағы газды жер астында сақтайтын "Бозой" қоймасында газды кептіру қондырғысын іске қосты.

Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы легирленген алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын "Giessenhaus" ЖШС өндірісін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ, "ArcelorMittalTubularProductsAktau" АҚ дәнекерлеу құбырлары өндірісі (Маңғыстау облысындағы Ақтау теңіз порты АЭА), "Химфарм" АҚ (Оңтүстік-Қазақстан облысы) қатты дәрі-дәрмек нысандарының жаңа цехы, Қызылорда облысындағы "Gejuba Цемент" ЖШС цемент зауытын салу және Атырау облысындағы мұнай-химия өндірісінің "Kazakhstan Petrochemica lIndustries" ЖШС құрылысы бар.

"Еуразиялық топ" (ERG) өндірісті технологиялық жаңарту жобасы аясында Қостанай облысының Қашар кенішінде ақылды карьерді іске қосты. "Қазмырыш" корпорациясы Шығыс Қазақстан облысындағы Малеев кен орнында Pitram жүйесін іске қосты, "Алтыналмас" компаниясы Жамбыл облысында интеграциялық тұғырнаманы іске қосты. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы "Инновациялық технологиялар паркінде" дербес кластерлік қордың "Сандық зертханасы", Астанадағы "Назарбаев университетінде" робот техникасының зертханасы ашылды.

Айта кету керек, елбасы "Экспо конгресс-орталығына" келіп, телекөпірді өткізгенге дейін осында дәстүрлі түрде ел президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаттарын, "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының, "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауының, "Іскер" арнайы сыйлығының және "Ұлы дала елі" "қолшатыр" брендін пайдалануға құқық беру байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Бұл барлық байқаулардың жеңімпаздары ашық онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталыпты. Салтанатта үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өнімдер мен қызметтердің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары тиімді басқару әдістерін енгізу бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірқатар озық компанияларға ел президентінің "Алтын сапа" сыйлығын табыстады. "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сыйлығының алтын мүсіншелерін бірінші орын иегерлерін де премьер марапаттады.

"Алтын сапа" және "Қазақстанның үздік тауары" байқауларының ұйымдастырушысы 2015 жылдан бері "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы болып табылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу