"Petroprox" жерге қаратты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3503

Аталған компанияның салдарынан алматылық диқандар ақпан-наурызға бөлінген дизель отынын ала алмай отыр.

"Petroprox" жерге қаратты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, биыл көктемгі дала жұмыстарына 375 мың тонна дизель отыны қажет. Бүгінде өңірлік операторлар мұнай өңдеу зауыттарымен шарт жасасып, наурыз айының көлеміне ақы төлеу рәсімін аяқтап қалды. Облыстарға отынның 50%-дан астамы жөнелтілген. Алайда, шешімін таппаған проблема да жоқ емес.

Мәселен, алматылық диқандар ақпан-наурызға бөлінген дизель отынын ала алмай отыр. Бұған "Petroprox" ЖШС-ның салғырттығы себеп болған. Компания Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизель отынын жеткізіп беруі керек еді. Бірақ, міндеттемені орындамаған.

"Бұл мәселені энергетика министрлігі әлі реттеген жоқ. "Petroprox" ЖШС биыл алғаш рет энергетика министрлігінің кестесіне енгізілген болатын. Компания ақпан айында 1,9 мың тонна дизель отынын жеткізуі керек еді.  Алайда міндеттемені орындаған жоқ. Енді, міне, наурыз айының міндеттемесі де (1,8 мың тонна) орындалмай қалады деген қауіп бар", – деді Арман Евниев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Вице-министр егер "Petroprox" ЖШС міндеттемені орындамайтын болса, ал энергетика министрлігі оның орнына басқа компанияны бекітіп берсе, онда ақпан-наурыз айларында жеткізілмеген 3,7 мың тонна отынды мамыр айында қайта бөлуді ұсынды. Аталған мәселе Алматы облысының әкімдігімен де келісілген.

Ал энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев "Petroprox" компаниясына қатысты мәселе осы айдың соңына дейін шешіледі деп сендірді. Бірақ Алматы облысының әкімі Амандық Батталов бұл мәселенің оң шешілеріне күмәнмен қарайды.

"Petroprox" серіктестігіне қатысты мәселе наурыз айының соңына дейін шешіледі дейді. Мен бұған сенбеймін. Жарты айдың ішінде аталған мәселе бойынша энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен телефон арқылы сөйлестім, сондай-ақ министрлікке екі рет хат жолдадық. Міндеттемесін орындамаған "Petroprox" компаниясымен келісімшартты бұзып, оның орнына басқа серіктестікті бекітуді сұраймыз", – деді Алматы облысының әкімі.

Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, энергетика министрлігі дизель отынының мұнай өңдеу зауыттарынан шығару бағасын литріне 130 теңгеден, ал тоннасына 156 мың теңгеден белгілеген. Операторлардың қызметін ескерсек, биыл өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрамақ. Бұл нарықтағы бағадан 13%-ға арзан. Еске сала кетейік, бүгінгі таңда жанар-жағармай құю станцияларында дизель отынының бір литрі 165 теңгеден сатылуда.

Алдын ала деректерге сүйенсек, 2018 жылы егіс алқаптарының жалпы көлемі 21,8 млн гектар болмақ. Былтыр да дәл осы көлемді құраған еді.

"14,7 млн гектар аумаққа дәнді дақылдарды себу жоспарлануда. Оның ішінде 11,4 млн гектарға бидай себілмек. Бидай өсірілетін жердің көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 544 мың гектарға аз. Есесіне, азықтық дақылдар дәл осыншама көлемге көбейетін болады. Арпа, сұлы, жүгері, бұршақ, ноқат секілді жемдік дақылдар 2,5 млн гектарға егіледі. Бұл өткен жылдың деңгейінен 49 мың гектарға артық", – деп мәлімдеді Арман Евниев.

Майлы дақылдардың көлемі тұңғыш рет 2,5 млн гектар асып түсті. Осылайша, биыл 2,6 млн гектар жерге майлы дақыл егілмек. Сондай-ақ, картоп алқабы да 210 мың гектарға көбейеді деген болжам бар. Бұл былтырғы деңгейден 15%-ға артық.

"Биыл егіске 2,6 млн тонна тұқым дайындалды. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі айналымда қаражаттың жоқтығынан тұқым сатып алмайды. Сондықтан, қолда бар өз тұқымдарын пайдаланады. Осыған орай тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі әзірленді. Бұл тетік мүдделі тараптардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен жиында егжей-тегжейлі талқыланды. Оны іске қосудың нәтижесінде 2021 жылға қарай үшінші репродукциядан төмен емес тұқымдарды себу 100%-ға қамтамасыз етілмек", – деді Арман Евниев.

Вице-министрдің дерегінше, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 446 мың тонна тыңайтқышқа өтінім беріпті. Оның 270,1 мың тоннасы наурыз-мамыр айларындағы көктемгі дала жұмыстарына қолданылмақ. Тыңайтқыштың 78%-ы – "Қазфосфат" және "ҚазАзот" серіктестіктері шығаратын отандық өнім.

2018 жылы тыңайтқыштарды субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 17 млрд теңге бөлу көзделген. Алайда, бұл шаруалардың сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз. Сондықтан, министрлік облыс әкімдеріне  тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған бюджет қаражатының көлемін ұлғайтуды ұсынды.

Вице-министрдің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолда 142,6 мың трактор, өнімділігі жоғары 3,7 мың егіс кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралы бар. Облыс әкімдіктерінің дерегіне сүйенсек, техникалардың жалпы дайындығы 87%-дан жоғары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу