"Спортшы білімсіз болсын деген сөз жоқ"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4492

Таланттың бағын мемлекеттік грант емес, бапкер ашады.

"Спортшы білімсіз болсын деген сөз жоқ"

Алматыдағы туризм жəне спорт академиясының грантына қолы жетпей қалған талапкерлердің ата-аналарына білім және ғылым министрлігінің өкілі мен аталмыш жоғары оқу орнының проректоры жауап берді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басқармасының басшысы Қарлығаш Шаяхметқызы мемлекеттік білім гранты ҰБТ мен кешенді тест нəтижесі бойынша конкурстық негізде тағайындалатынын, түлектердің жинаған ұпайы бірдей болған жағдайда "Алтын белгі" иегерлерінің бәсі биік болатынын баяндады.

Спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев аталған жоғары  оқу орнына 1122 талапкер-спортшы өтініш білдіргенін, оның 107-сі ғана грантқа қол жеткізгенін жариялады.  

Грантқа қолы жетпей қалғандардың басым көпшілігі спорт саласында жетістікке жетіп жүрген жастар екен. Олар БҒМ-ға туризм жəне спорт академиясына түлек қабылдау кезінде спортшыларға басымдық беру туралы өтініш білдірген екен. Алайда заң талабы ҰБТ қорытындысын назарға алады.  

Қарлығаш Шаяхметқызының сөзінше, ҰБТ қорытындысы бойынша грантқа қолы жеткен түлекті жолынан тайдырып, спортшыға басымдық беруге болмайды. Мемлекеттік грант ҰБТ нәтижесі арқылы ғана тағайындалады.

Мұхтар Есқалиев бұған дейін  халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары жоғары оқу орнына осыған дейінгі жетістіктері есепке алынып қабылданғанын тілге тиек етіп: "Биылдан бастап назарға ҰБТ нәтижесі ғана алынатын болды. Біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Жоғары ұпай жинағандар ғана мемлекеттік білім грантымен оқи алады", – деді.

Проректор спорт және туризм академиясында 1-4 курс студенттерінің оқу ақысына 10%-дан 50%-ға дейін  жеңілдік жасау дәстүрі бар екенін айтты. Ал спорт және туризм академиясына түсе алмай қалған спортшылардың ата-аналары былтыр 750, биыл 450 мемлекеттік грант бөлінгенін алға тартып, грант санының азайғанына реніш білдірді.

Abctv.kz-ке берген сұхбатында олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров орта мектептердегі білім бағдарламасы спорттық бағыттан мүлдем алыс екеніне тоқталды.

"5-6 сыныптан бастап Алматы мен Астанадағы спорт мектептерінде білім алуға ауыл балаларының шамалары келе бермейді. Сондықтан мектеп бағдарламасына спортты пән ретінде енгізу қажет. Биыл мектеп бағдарламасына футболды пән ретінде енгізу мәселесі көтерілді. Естуімше, бұл бастама бірнеше облыста ілкі жоба ретінде қолданысқа енгізіліп жатыр. Менің пікірімше, мектеп бағдарламасында "Спорт пәні" деген арнайы пән болуға тиіс. Осы пән арқылы оқушылар арасынан спортқа бейімі бар балалар іріктеліп отырады. Нәтижесінде спорт және туризм академиясына сайдың тасындай түлектер қабылданады", – деді Жақсылық Үшкемпіров.  

Оның сөзінше, спорт мамандарын дайындау біздің елде ғана бағытсыз, бағдарсыз жүреді.

Қазақтың желмен жарысқан жүйрігі Әмин Тұяқов үлкен спортта бақ пен баптың қатар жүретінін әңгімесіне арқау ете келіп: "Үкімет спортқа бейімі бар балалар мен спортпен шұғылданып жүрген жастардың барлығын мемлекеттік грантпен қамтамасыз етуге міндетті емес. Спорт саласында теориялық білімнің маңызы зор. Бірақ мәселенің барлығын үкіметке артып қоюға болмайды. Спортшы білімсіз болсын деген сөз жоқ. Қай саланың өкілі болмасын өзі үшін оқиды. Сондықтан спортшылар үкіметке міндет артпауы керек. Жалпы, таланттың бағын мемлекеттік грант емес, бапкер ашады. Бізге бапкерлерді баптау қажет. Бапкер түзу болмаса, қазақтан шыққан чемпиондардың саны көбеймейді. Ал спортшыларды жоғарғы оқу орындарында мемлекетке салмақ салмай оқытудың ең тиімді жолы: оларды "атымтай-жомарттарға" аманаттау.

"Қазір спорт бизнестің бір бөлшегіне айналды. Таланты тас жарып тұрған балаға демеуші табу оңай. Бізге жоғары оқу орны мен бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту керек. Осылай болғанда ғана спортшылар ешкімге жалтақтамайды. Білім де алады, спортта да жетістікке жетеді", – деді Әмин Тұяқов.  

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу