"Жаңару" "Ағартуды" ұсынды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2472

Ел ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарымен айналысатын жаңа қоғамдық ұйым құрылмақ.

"Жаңару" "Ағартуды" ұсынды

2015 жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданды. Бірақ сол уақыттан бері өзгерген түк те жоқ. Бұл – сараптама және жаңа технологиялар ғылыми-өндірістік институтының директоры Михаил Сандрачуктың пікірі. 

Оны "Transparency International" халықаралық ұйымының көрсеткішінен-ақ аңғаруға болады дейді ол.

"Стратегия қабылданған уақытта 131-орында едік. Қазір де сол төңіректе тұрмыз. Осының өзі көп жайды аңғартса керек", – деді Михаил Сандрачук "Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған жиында.

Институт директорының айтуынша, заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама керек.

"Мұндай сараптама бұрын болған еді. Кейін алынып тасталды. Қазір қайта ұсынылуда. Сараптама керек. Бірақ бұл іспен бұрынғыдай әділет министрлігі емес, қоғамдық ұйым айналысуы қажет. Мәселен, бұл жұмысты "Жаңару" қоғамдық бірлестігінің қолға алуына болады", – деді ол.

Михаил Сандрачуктың сөзінше, елімізде 2010 жылдан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында 386 заң жобасы сараптамаға жіберілген. Соның 293-і ғана қабылданған. Қалғаны сараптамадан өтпеген.

"Қабылданған 293 заң жобасына да сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпелер айтылды. Ескертпелердің 74%-ы қаперге алынып, түзетілді. Қалған 26%-ы сол күйі қабылданып кетті. Үш жарым жыл ішінде сараптамаға 21 мыңға жуық нормативтік құқықтық актілер жобасы жіберілген екен. Жобалардағы сыбайлас жемқорлық белгілеріне қатысты 32,5 мыңға жуық ескертпе айтылды. Ескертпелердің 18 мыңы енгізілді. Үш мыңы сараптамадан өтпей, кері қайтарылды", – деді Михаил Сандрачук.

Барлық нормативтік құқықтық актілер жобасына қатысты айтылған ескертпелердің 86%-ы назарға алынған. Ал қалған 14%-ы сол күйі қабылданып кеткен.

"Біз бұл туралы айттық та, жаздық та, дәлелді негіздеме де ұсындық. Заң жобасын жасаушылармен де кездестік. Біз сыбайлас жемқорлықтың белгілерін дәлелдеп көрсетсек те, олар өз дегендерінен таймады. Ақыры сол күйі қабылданды. Міне, осындай жағдайлар елдегі сыбайлас жемқорлықты одан әрі өршіте түседі. Сондықтан заң жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қатысты сараптамадан өткізу орынды", – деді институт директоры.

Республикалық "Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы" қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Боран Рахымбековтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды-ақ. Бірақ жағдай сонда да дұрысталар емес. Мәселен, 2016 жылы 2 800-ге жуық адам сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2017 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып кеткен.

"Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жою үшін қоғамды тәрбиелеу керек. Тұрғындар мемлекеттік және құқықтық органдарға көмектесуге тиіс", – деді Боран Рахымбеков.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" заңның 11-бабында  парламент депутаттарының, мемлекеттік мекеме басшыларының, судялардың декларация тапсыруы міндеттелген. Алайда бұл баптың орындалуы 2020 жылға шегерілді. Соған қарамастан декларация тапсырғандар бар екен.

"2015 жылғы ақпаратқа сүйенсек, 3883 мемлекеттік орган басшылары өз кірістерін жариялаған. Оның бесеуі – облыс әкімі. Олар – Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының басшылары. Лауазымды тұлғалардың ашықтығы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір жолы. Іргеміздегі Ресейдің осы тәжірибені қолданып келе жатқанына бірнеше жыл болды", – деді өз баяндамасында Боран Рахымбеков.

"Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған жиынға қатысқан халық қалаулылары да өз ойларын ортаға салды. Мәселен, мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мейлінше цифрлық технологияны пайдалану керек десе, сенат депутаты Марат Тағымов әлем елдерінің бұл бағыттағы озық тәжірибесіне сүйену керек деген пікірді алға тартты.

Жалпыұлттық қозғалыс еліміздегі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіп стандартын қабылдамақ. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарымен айналысатын "Ағарту" қоғамын құрмақ. Бұл ұйым азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды көздейді. Аталған бастамалар алғаш рет көпшіліктің талқысына ұсынылды.

Жиында айтылған ұсыныстар ел үкіметіне және парламентке жолданбақ.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу