Аграрлық жоғары оқу орындары мемлекеттік гранттарды 1,5 есе арттыруды сұрап отыр

4462

Ауылшаруашылық мамандарын сапалы оқыту үшін бір студентке жылына 950 мың теңге бөлу қажет.

Аграрлық жоғары оқу орындары мемлекеттік гранттарды 1,5 есе арттыруды сұрап отыр

Елімізде аграрлық мамандықтар бойынша білім беру мемлекеттік тапсырысын іске асыру құны жете бағаланбай отыр. Қазіргі уақытта бір студентті сапалы оқыту құны жылына 950 мың теңге болу керек. Бірақ әзірге бір бюджеттік орынға мемлекет үш есе аз ақша бөліп отыр. Бұл туралы "Экономиканың нақты секторы үшін кадрлар дайындаудағы университет пен жұмыс берушінің серіктестігі" форумында С.Сейфуллин атындағы қазақ агратехникалық университетінің (ҚАТУ) басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

"Студенттерді ауылшаруашылық мамандықтары бойынша сапалы  оқыту үшін әр студентке жылына 950 мың теңге шамасында грант бөліну керек, яғни қазіргіге қарағанда 1,5 есе артық болуға тиіс. Бүгінгі күні бізге бөлініп отырған бюджетке оқытушыларды шетелге жібере алмайсың, не шетелдік профессорларды шақыра алмайсың. Жалақыға қаржы бөлеміз, бірақ мұғалімдердің жалақысы аз. Егер ғылым кандидатының орташа жалақысын алып қарайтын болсақ, онда ол тек 130 мың теңге ғана", – деді ҚАТУ басшысы.

Сонымен қатар білім гранттары құнын арттыруда "саннан сапаға" қағидасының маңызды екенін естен шығармаған жөн. Ақылбек Күрішбаев студенттерге арналған бюджеттік орындарды қысқарту керек деп есептейді.

"Аз болса да, сапалы дайындаған жақсы. Тап қазіргі уақытта экономиканың аграрлық секторына арналған мамандардың 46%-ын еліміздегі 17 бейінді емес жоғары оқу орны дайындап отыр. Бұл оқу орындарының арнайы базасы жоқ, тек 54%-ы, яғни жартысынан сәл ғана асатыны АШМ-ның үш мамандандырылған ауылшаруашылық жоғары оқу орнына тиесілі. Бәсекелестік болуы керек екенін жақсы түсінемін, бірақ ол тиісті біліктілігі бар оқытушылар мен базасы бар университеттер арасында болуға тиіс. Медицина қызметкерлерін арнайы медициналық университеттерде дайындаймыз да, мал дәрігерлерін неге осылай дайындайтынымызды түсінбеймін", – деді ректор.

Осыған байланысты ол негізгі арнайы гранттарды аграрлық мамандықтары бар мамандандырылған  университеттер арасында бөлу керек деп есептейді. Ауылшаруашылық мамандықтарына оқытуға арналған қаражаттың аз бөлінетіндігімен қатар бүгінгі күні студенттер арасында осы салада оқуға деген ынтаның жоқтығы да сөз болды. Мал дәрігері мен агроном мамандығын қазіргі жастар тек "диплом алу керек" деген мақсатта ғана оқиды. Бұл еліміздегі агарлық мамандық бойынша бітірген студенттердің ауылдық жерлерде жұмыс істеу жүйесін құру қажет деген сөз.  

"Жұмысқа тұру мәселесін шешумен қатар, бұл осы мамандық бойынша жұмыс істеуге ынтасы жоқ студенттер санын қысқартар еді. Мемлекет басшысы аграрлық  жоғары оқу орындарында оқитын қаланың балалары көп деп дұрыс айтты. Бұлай болатын себебі, біздегі оқу жүйесіне грант бөлінеді. Жоғары балл алған мектеп түлегі басқа мамандықтарға өте алмайды да, аграрлық салаға келіп, диплом алады. Тек диплом үшін оқиды. Бітіріп алғаннан кейін қалада қалады", – деді ҚАТУ басшысы.

Алайда студенттер тек осы себептен ғана ауылға бармай отырған жоқ. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін қарапайым тұрмыстық жағдай жоқ. Осыдан "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының тиімсіз іске асып жатқанын тәжірибеден көруге болады.

"Дипломмен ауылға" деген мемлекеттік бағдарлама бар. Жақсы бағдарлама. Бірақ бізден  былтыр 100 студент бітіріп ауылға барған болса, соның тек 25-і ғана көтерме ақы, тек екеуі ғана баспана алуға несие ала алған. Егер аграрлық университеттің басқа да түлектеріне осылай қарайтын болсақ, онда олардың ауылға баруға ынтасы болмайтыны анық. Қарапайым тұрмыстық жағдайға мән беру керек", – деп қорытындылады ҚАТУ ректоры.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу