Алдағы онжылдықта әлемде екі түрлі интернет болуы мүмкін

6146

Google’дің бұрынғы басшысы Эрик Шмидтің ойынша, келесі онжылдықта интернет екіге бөлініп, АҚШ пен Қытайға бағынады. 

Алдағы онжылдықта әлемде екі түрлі интернет болуы мүмкін

Эрик Шмидт бұрын Google-дің басқарма төрағасы болып, сол компанияның құрылтайшысы - Alphabet-ке де басшылық етті. Оның болжамынша, алдағы онжылдықта интернет екі түрге бөлініп, соның біріне АҚШ, екіншісіне – Қытай төрелік етпек.

Мұндай пікірді Шмидт сәрсенбі күні Village Global VC инвестициялық фирмасы Сан-Францискода ұйымдастырған жеке кеште білдірді. Бұл фирма Шмидпен ғана емес, ғаламдық интнернет ритейлері – "Амазон" президенті Джефф Безос, "Майкрософттың" негізін қалаушы Билл Гейтс, Google-дің директорлар кеңесінің мүшесі Диана Грин тәрізді технологиялық бизнес корифейлерімен ынтымақтаса жұмыс істеп, олардың қаражатын жаңа инновациялық жобаларға инвестициялаумен айналысады. Сол кеште экономист Тайлер Коуэн Шмидке "Келешекте интернеттің бөлшектену мүмкіндігі қандай?" деген сауал қойды. Шмидтің бұл сұраққа берген жауабы мынадай: "Меніңше, бір сценарий бойынша, интернет түрлі сегменттерге емес, Қытай басқаратын интернет және Қытай басқармайтын, яғни Америка жетекшілік ететін интернет болып, екіге бөлінеді. Егер Қытайға назар аударсақ, оған жақында ғана барып қайттым, бұл мемлекетте құрылып жатқан компаниялардың, пайда болып жатқан қызмет түрлерінің, жасалып жатқан байлықтың ауқымдылығы өте ерекше. Қытай интернеті елдің жалпы ішкі өнімінің қомақты пайызын құрап отыр. Бұл жерде үлкен санды келтіруге де болады. Құрама Штаттарда да солай ғой. Егер сіздер "иә, Қытайда интернет керемет" деумен шектеліп қалсаңыз, көп нәрсеге қанық емессіздер. Ғаламдану оларды да ойыншыға айналдырды. Меніңше, сіздер қытайлық өнімдер мен қызмет түрлерінің ғаламаттығына әлі куә боласыздар. Сол қызмет түрлерімен, өнімдермен қатар оның үкіметінен режимдік басқару, цензура және бақылау келе ме деген қауіп бар.

"Бір белдеу, бір жол" бастамасын алайық. Оған әлемнің 60-тан астам елі тартылып отыр. Сол мемлекеттер осы инфрақұрылымды қабылдап, бостандығының бір бөлігін құрбан етуі әбден мүмкін".

Айта кетсек, бірқатар сарапшылардың ойынша, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы Бейжіңнің саяси және экономикалық ықпалын Қытайды Еуропа, Таяу Шығыс, Азия елдерімен сауданың барлық түрі, соның ішінде, электрондық сауда арқылы байланыстыру арқылы күшейтуді көздейді. 

Шмидтің болжамы Google-дің қазіргі бас директоры Сундар Пичай осы компанияның Қытайдағы стратегиясы жайында дау көтергенде жасалып отыр.  Кейбір мәліметтерге қарағанда, Google өзінің іздеу жүйесінің Қытайға қолайлы, яғни цензураланған версиясын жасап жатыр. Ол  жүйе Project Dragonfly деп аталады. Бұл жоба іздеудің кейбір нәтижелеріне тосқауыл қоятын құралға ие. Мысалы ол "бейбіт шерулер" туралы ақпараттарды ашпай қоюы мүмкін. 

Ал "Уолл Стрит Джорнал" газетінің хабарлауынша, қазір АҚШ пен Қытай арасында әлемнің ең жедел сымсыз интернеті үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Өйткені мұның ар жағында миллиардтаған доллардың, жаңа технологияның, тіпті ұлттық қауіпсіздіктің тағдыры тұр.

Мобильдік байланыстардың алғашқы толқынын жетілдірген – америкалық және еуропалық компаниялар екені белгілі. Қазір адамдарды интернет қолдануда жаңа белеске шығаруы тиіс 5G дәуірі жақындап қалды. Ол үшін бәсекеде кім үстем түспек: Қытай ма, Құрама Штаттар ма? Бұл сауалға айқын жауап жоқ.

Алайда екі мемлекетте де құрал-жабдық жасаушылар мен телеком компаниялары сымсыз желілердің келесі толқынын сынаудан жарысқа түсіп отыр. Сондағы мақсаттары - 4G стандартынан 100 есе жылдам интернетті бірінші болып жасау.

Болжамдарға қарағанда, жаңа интернет жүргізушісіз көлікті басқарып, дәрігерлерге хирургиялық операцияның талай түрін қашықтықтанжасауға мүмкіндік бермек. Ол үшін байланыс құралдарына жедел интернетті Wi-Fi мен кабельдің көмегінсіз қосатын мұнаралар тұрғызу идеясы да көтеріліп отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу