Қазақстанда 448,1 мың адам мемлекет тарапынан бөлінетін атаулы әлеуметтік төлем алады. Республика бойынша атаулы әлеуметтік төлем ретінде мемлекет тарапынан бір адамға ай сайын 4176,6 теңге беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекке бөлінетін қаражаттың 66,3%-ын ауыл тұрғындары алады екен. Бұған қоса әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қыс мезгілі таяған сәтте коммуналдық шығынына көмек ретінде 19 мың 240 теңге төлемақы қоса бөлінеді.
Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің мұндай түріне көңілі толмайтындар баршылық. Бұл ретте "Аналитик" сараптау орталығының қаржыгері Арман Мусин Қазақстанға атаулы әлеуметтік көмек түріне қатысты жаңа форматты ұстанатын кезең жеткенін алға тартты. Қаржыгердің пайымдауынша, алдағы үш жылда нақ осы салаға қатысты жаңаша бағыттарды тәжірибеге енгізген жөн.
"2018 жылдың 1 қыркүйегінде "Қандай мәселеге алаңдайсыз" деген сауалды ұстана отырып, 2 млн 300 мың адам қатысқан арнайы сауалнама жүргіздік. Сонда сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы азық-түліктің және баспананың қымбаттығына қынжылған. Ал 43%-ы ақшаның тапшылығына, әлеуметтік төлемдердің аздығына, жәрдемақының жетпейтініне көңілі толмаған. Ал қалған 11%-ы коммуналдық төлемдердің қымбаттауына наразы. Қазірде осы үш сауал қарапайым халықты алаңдатып отыр. Біз бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек алатын 448,1 мың адамның 300 мыңын жеке сауалнамаға тартып көрдік. Нәтижесінде олардың 76%-ы "кедейшіліктің қақпанында" отырғанын айтты. Қосымша табысы жоқ, кірісі мардымсыз тек әлеуметтік төлемге ғана күні қарап отырған адамға 4176,6 теңге бір айлық күн көрісіне жетпейді. Сондай-ақ қыс мезгілі тақағанда 19 мың 240 теңге көмек беру де ақылға сыйымсыз. Бұл сомаға шындап келгенде бір тонна көмір де келмейді. Өз басым, осыған байланысты әлеуметтік төлемдер жүйесіне қатысты заманға сай жаңашылдық керек деп есептеймін", – деді қаржыгер Арман Мусин.
Қаржыгердің айтуынша, әлеуметтік төлемдер мәселесіне келгенде "қолұшын бер" деп тек мемлекетке ғана телміріп отыру дұрыс емес. Бұл ретте қосымша әлеуметтік-қоғамдық қорлар құрылғаны дұрыс.
"Әлеуметтік саясатта халықтың жағдайын мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлеммен көтеру мүмкін емес. Бұған қатысты дүниежүзінде түрлі тәжірибелер бар. Мысалы, Малайзияда тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсететін әлеуметтік-қоғамдық қорлар бар. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі. Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финлияндия, Германия тәрізді елдерде 1 % үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан", – деді Арман Мусин.
Оның айтуынша, мұндай аз пайыздық үстемақымен тұрмысы төмен адамға несие беру оларға үлкен мүмкіндік ашар еді.
"Қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы да мүмкін. Шағын шеберхана, тігіншілік, етік жөндеу істерін дөңгелетіп әкеткісі келетіндер де бар. Сондықтан әлеуметтік аз қамтылған топқа арзан несие беру жайы да қолға алынса", – дейді ол.
Қаржыгердің бұл пікірін экономика ғылымының кандидаты Бауыржан Әбілов те қолдап отыр.
"Бірқатар дамыған елдерде жағдайы төмен, мемлекеттік бақылауда тұрған отбасыларға бірнеше мәрте көмек беріледі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда даму деңгейі төмен аймақта тұрған әлеуметтік жағдайы жоқ адамға мемлекет тарапынан ай сайын 280 доллар көлемінде арнайы жәрдемақы төленеді. Ең қызығы, уақыт өтіп олар басқа қалаға немесе өзге мемлекетке қоныс аударса да мемлекет сол жәрдемақыны оларға төлеуін тоқтатпайды. Өйткені олар даму деңгейі төмен аймақта өмір сүрді. Сол үшін мемлекет оларды әлеуметтік төлеммен өмірінің соңына дейін қамтуға міндетті. Ал бізде бір ғана Семей полигон аймағында тұрған адамдар өз ішімізде басқа қалаға қоныс аударса, төленіп отырған мардымсыз экологиялық төлем дереу тоқтатылады", – деді экономист-ғалым Бауыржан Әбілов.
Бұған қоса экономист-ғалым "тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай әлеуметтік көмектен бөлек балабақшамен, баспанамен, жұмыспен қамту жайы жетілсе" дейді.
"Көрші Ресейде әлеуметтік төлем алатын тұрмысы төмен отбасылардың баласын балабақшамен қамту, әлеуметтік баспаналармен қамту, биржадағы жұмысқа орналастыру жайы оңтайлы шешілген. Олар үшін бір күндік жұмыс табудың өзі үлкен көмек. Бізде әр адам басына 4176,6 теңге төленеді делік. Бір үйде бес адам болсын. Ол бес адамға 4146,6 теңгеден берілгенде олардың алатын ай сайнығы әлеуметтік төлемі 20, 882 теңгені құрайды. Мұндай сома қосымша табысы жоқ, жұмысы жоқ бес адамға бір айға жетпейді. Сондықтан біз үшін қазір тұрмысы төмен отбасыларды жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр", – деді Бауыржан Әбілов.
Бұған қоса әлеуметтанушы маман Әсия Қасымханованың пайыптауынша, біз үшін алдағы бес жылда халықтың тұрмысын теңестіру маңызды бола түседі. "Ол үшін болашақта елдегі ауқаттылар қатаң бақылауға алу қажет" дейді маман.
Қарлығаш Зарыққанқызы