Төтенше жағдай кезінде халыққа қандай көмек көрсетіледі?

20232

1 873 азаматқа 42 500 теңге төленбейді.   

Төтенше жағдай кезінде халыққа қандай көмек көрсетіледі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдайдың салдарынан табысынан айрылған азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген тұлғаларға 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы қалай тағайындалатынын түсіндірді. 

Министр төтенше жағдай орын алғанға дейін жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік төлемдерін тиісінше төлеп отырған, төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалып, табысынан айрылған барлық азаматқа 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы электронды үкімет порталына немесе 42500.enbek.kz сайтына өтініш берген жағдайда тағайындалатынын айтты. 

"42 500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айрылған азаматтарға қарастырылған. Олар – жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтықтан жұмыс істеп жатқан адамдар бұл төлемді ала алмайды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, осыдан 2 күн бұрын бұған дейінгі бұйрыққа өзгеріс енгізілген. Бұйрыққа сәйкес, жалдамалы қызметшілердің қатарына коммерциялық емес ұйымдардың жұмысшылары қосылған. Ақысыз демалысқа жіберілген болса, оларға да 42 500 теңге берілетін болған.

"Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушы, медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жиынтық төлем төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төленуі тиіс екенін, бұл үшін оларға қоғамдағы мәртебесін рәсімдеу қажет болатынын айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жиынтық төлем төлеу деген сөз. Осы төлемді төлеген тұлғалар төтенше жағдай аяқталғанға дейін 42 500 теңгені ай сайын алып отырады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер бірыңғай жиынтық төлемді 
төлегеннен кейін, бір күннен соң мемлекеттік жәрдеақыға өтініш бере алады", –  дейді Біржан Нұрымбетов. 

Бұдан кейін министр кімдерге мемлекеттік жәрдемақы тағайындалмайтынын тілге тиек етті

"...Зейнетақы, жәрдемақы тағайындалған азаматтар 42 500 теңгені ала алмайды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Тікелей эфирде министр 42 500 теңге алуға арналған Telegram-бот неге мерзімінен кеш қосылғанын түсіндіріп, қазақстандықтардан кешірім сұрады.

"Алаяқтар фейк, жалған Telegram-бот жариялап, жұмысымызға кедергі келтірді. Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы бірлесіп, Telegram мессенджерінде әлеуметтік төлем алу үшін өтініш беруге арналған ботты іске қосты. Қазір ол халыққа тиісінше қызмет көрсетіп жатыр. Осыған дейін келтірілген қолайсыздықтар үшін сіздерден кешірім сұраймыз",– деді Біржан Нұрымбетов.

Ол 42 500 теңге рәсімдеу барысында кейбір азаматтар қулыққа барып жатқанын да атап өтті

"Соңғы 3 күнде 42 500 теңге алу үшін 938 мың адамнан 1 млн 284 мың өтініш түсті. Сараптау барысында бір адамның бір өтінішті бірнеше рет жолдағаны анықталды. Мүмкін, өтініш иелері жаңылысқан шығар. Ал егер олар бір өтінішті бірнеше рет жолдап, 42 500 теңгені бірнеше рет алудан үміттенсе, қателеседі. Ақпараттық жүйе барлық өтінішті сұрыптап, реттеп алады. Кез келген өтініш иесіне 42 500 теңге бір айда бір рет қана беріледі", – деді министр. 

Біржан Нұрымбетов үкімет 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны осы ақшаға шынымен мұқтаж жандар алғанын қалайтынын жеткізіп, 1 873 азаматтың 42 500 теңгеге қатысты өтініші қанағаттандырылмайтынын жеткізді. 

"Ең алғашқы күні 412 мың адамның өтініші қабылданды. Оның ішінде 1 873 азаматтың өтініші ерекше көзге түсті. Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын мәлімдеген азаматтар қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мыңнан жоғары, миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Олардың 16 наурыздан кейін ақшасы қалмай қалыпты. Бұл енді дұрыс емес шығар. Біз ол кісілерден кешірім сұраймыз, уақыттарын бөлді, сайтқа кіріп, өтініш қалдырды, бірақ оларға 42 500 теңге әзірше төленбейді", – деді министр.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу