Әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы табыс табу ұсынылды

Артур Мискарян Артур Мискарян
4207

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева кәсіпкерлерді МЖӘ жобаларына қатысуға қалай тартуға болатынын түсіндірді.  

Әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы табыс табу ұсынылды

Басқарама төрағасы орынбасарының айтуынша, соңғы екі жылда жекешелендіру барысында, соның ішінде ұлттық палатаның бастамасымен мемлекеттік меншік нысандары толық түгенделген.

"Бүгінгі күні нысандардың жартысы сатылған, жартысы жойылған, қалғаны жекешелендіру тізіміне енген. Әлеуметтік маңызы мен бизнестің қызығушылығын ескеретін болсақ, бұл нысандардың көбі мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту үшін үлкен әлеуетке ие", – деді Юлия Якупбаева "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Астана әкімі Әсет Исекешевтің кездесуінде сөйлеген сөзінде.  

"Атамекен" КҰП мәліметі бойынша, 2006 жылдан бастап МЖӘ-нің 116 келісімшарты жасалған, ал қазір 440 жоба әзірленіп жатыр. Осы 116 келісімшарттың 88-і биыл жасалған. Өңірлер арасында ШҚО, Ақтөбе және Қостанай облысы көш бастап тұр.

"МЖӘ жобаларының негізі медицина, білім беру, ТКШ, мәдениет және спорт сияқты әлеуметтік бағдарланған салалар, – дейді Юлия Якупбаева. МЖӘ институттары әлеуетінің үлкен болуына қарамастан, ол баяу іске асуда. Өкінішке қарай, жасалған келісімшарттардың өзі іске аса бермейді. МЖӘ мәселесін ілгері бастыру үшін негізгі төрт мәселе – ұзақмерзімді тапсырысты қамтамасыз ету, жобаларды дайындау мен мақұлдау рәсімін жеңілдету, инвесторлардың тәуекелін жабу, жобаларды қаржыландыруды шешіп алу керек.

"Атамекен" КҰП осы мәселелерді шешуге қатысты жұмысты ұлттық экономика министрлігімен  және басқа да  мемлекеттік  органдармен бірлесіп осы жылдың мамыр айынан бастап қолға алды. Қазіргі салық кодексінде ұзақмерзімді тапсырыс қарастырылған. Енді кәсіпкерлер жыл сайын  тапсырысты создырып жүрмейді, олардың қолында түсінікті, нақты қаржы моделі болады. Жобаларды әзірлеу мен мақұлдау рәсімі қысқарған, тұжырымдама алынып тасталды. Тұжырымдама жасау бір миллионнан 50  миллион теңгеге дейін жететін. Енді мұны жасаудың қажеті жоқ, оның орнына бизнес-жоспар әзірленеді. Сондай-ақ МЖӘ жобалары бизнестің жол картасына енгізілді. Ол жерде сыйақының субсидияланған мөлшерлемесін алуға болады. Сонымен қатар валюталық тәуекелдердің болуы ескерілді", – деді басқарма төрағасының орынбасары. 

Юлия Якупбаеваның айтуынша, қазір МЖӘ жобаларын қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.

"Уақыт өте келе барлық нысандар мемлекеттің балансына көшеді. Заң бойынша кепіл берілмейді. Жеке серіктес үшін ұзақмерзімді тапсырыс беру маңызды. Егер қандай да бір себеппен жеке серіктеспен жасалған келісімшарт бұзылатын болса, қаражатты банкке қайтару механизмі жоқ. Осыған байланысты Ұлттық банк МЖӘ жобаларына арналған қарыздарды қамтамасыз етілмеген деп есептейді де, оған 100% алдын ала қарыз талап  етеді. Қазір Ұлттық банкпен бірлесіп, екі негізгі тәуекелді жабатын шешімді қарастырып жатырмыз", – деді  Юлия Якупбаева.

Сондай-ақ ұлттық палата шетелдік инвесторлардың валюталық тәуекелдерін сақтандыру мәселесін шешуді ұсынып отыр.

"Валюталық тәуекел мәселесін шетелдік инвесторлар үнемі көтереді. Мұны үкімет жүз пайыз жаба алмайтыны түсінікті. Егер бағам 15%-ға артатын болса, осы 15% инвесторға төленуі тиіс екені туралы ұсыныс жасадық" , – деді ол.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасы орынбасарының пікірінше, осы жылдан бастап МЖӘ жобалары жақсы дами бастаған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қиындығы болса да, ұлттық палатаның ұсынысы мемлекеттің қолдауына ие.

Гүлназ Ермағанбетова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу