АШМ: браконьер жазасын темір торда өткеруге тиіс

2947

Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамадан браконьерлерді шартты мерзімге тарту мүмкіндігін алып тастауды ұсынып отыр.

АШМ: браконьер жазасын темір торда өткеруге тиіс

Сейсенбі, 21 қараша күні, үкімет отырысында ауыл шаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев осындай ұсыныс жасады. Ол  құқық қолдану тәжірибесіне сараптама жасау браконьерлікке қатысты шартты жаза олар үшін тым жеңіл екенін көрсетіп отырғанын түсіндірді.

"Осыған байланысты қылмыстық кодекстегі браконьерлік үшін шартты мерзімге жазаға тарту мүмкіндігін алып тастап, оның орнына браконьерлік үшін нақты бас бостандығынан айыру мерзімін қарастыруды ұсынамыз", – деді Ерлан Нысанбаев.

Ведомствоның осыншалықты қатаң жазаны ұсынуы– қазірдің өзінде браконьерлік үшін шартты мерзімді өтеп шыққан және шартты мерзімге кесілгендер арам пиғылдарына қайта баратындығында болып отыр.  Осыған байланысты АШМ қылмыс құралын міндетті түрде тәркілеп, одан кейін оны мемлекеттік органдардың балансына беру немесе жоюға жіберу керектігін, сондай-ақ қорғау жүйесіне заманауи техникалық құралдар – дрондар мен спутниктік мониторингті енгізуді ұсынуда.

"Бұл ұсыныс бас прокуратурада браконьерлік мәселесіне қатысты өткен жиында талқыланып, қолдау тапты", –  деп атап кетті вице-министр. Бұл ретте ол көбінесе браконьерлерді инспекторлар мен орманшылардың өзі бүркемелейтінін мойындады. Осыған орай осы жылдың маусым айында "Лашын" шұғыл тобы құрылған, бұл топ тікелей ауыл шаруашылық министрлігіне бағынады.

"Топтың жұмысы нәтижесінде осы жылдың бес айы ішінде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 16 факті анықталып, оның материалдары құқық қорғау органдарына берілді", – деп атап кетті Ерлан Нысанбаев.  

Вице-министр браконьерлікпен күресті күшейту мақсатында осы жылы бір аңшыға тиесілі аңшы қаруы оннан төрт бірлікке дейін болу керектігі туралы заң жүзінде шектеу жасалғанын, сонымен қатар көктемдегі аңшылыққа тыйым салынып, ауланатын құс тәулігіне бесеуден аспау керектігіне шектеу қойылғанын еске салып кетті.

"Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар, осы тыйым салуды бес жылға дейін ұзарту керек деп ойлаймыз", – деді вице-министр. Содан соң вице-министр жан-жануарға қатысты браконьерліктен өзге, азын-аулақ аумақты алып жатқан ормандарға жасалып жатқан "браконьерлік" жайына тоқталды. Оның сөзінше, ауыл шаруашылық министрлігі орманды ұзақ пайдалануға тыйым салуды ұсынады.

"Орманды пайдаланушылар орманға ағаш отырғызу және өртке қарсы іс шаралар жөніндегі келісімшарттық міндеттерін орындамайды, сондай-ақ олардың салықтық төлем бойынша да қарыздары бар. Сонымен қатар тексеріс барысында дайындалған сүрек көлемінің рұқсат етілгеннен асып кеткендігін және мұның бухгалтерлік есепте көрсетілмегенін анықтадық", – деп түсіндірді ведомство өкілі.

"Соңғы бес жылда тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде орманды пайдаланушылары 342 мың текше метр сүрек дайындап сатқан. Бұл ретте сүректі сатқаннан түскен пайда жоқ дегенде бес миллиард теңгеден асқан", – деп нақтылады ол.

Сонымен қатар вице-министр 2003 жылы орманды ұзақмерзімді пайдалануға беруді енгізгеннен кейін барлық орман пайдаланушылар техниканы жаңғыртуға қаражат салмаған, жақсы пайда тауып отырса да,  әлі күнге дейін қоршаған ортаға зиян келтіретін ескі шынжыр табан техниканы пайдаланып жүр. Осыған байланысты құрамына орман шаруашылығы комитеті кіретін еліміздің аграрлық ведомствосы  Қытай, Украина және Норвегиядағы сияқты Қазақстанда да орманды ұзақмерзімді пайдалануға тыйым салуды енгізуді ұсынады.  

"Айтылғандары ескере отырып, сүрек дайындау бойынша орманды ұзақмерзімді пайдалануға тыйым салу және орман шаруашылығына қажетті іс шараларды мемлекеттік мекемелердің өзіне беру мәселесін қарау орынды деп есептейміз", – деді Ерлан Нысанбаев.   

Ал ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов кезінде әкімдіктердің қарауына берілген орман шаруашылықтары өз міндеттерін атқара алмай отырғандықтан орман шаруашылығында осынша мәселе қордаланып отыр деп есептейді.

"Бұл ормандардың жағдайы комитетке қараған кездегіден нашарлап кеткенін көріп отырмыз, сондықтан егер екі-үш жыл ішінде әкімдіктер тарапынан тиісті шаралар қабылданбайтын болса, онда орман шаруашылығын әкімдіктерден алып, қайтадан орман шаруашылығы комитетінің басқаруына беру мәселесін қарауға құқымыз бар", – деп қорытындылады министр орынбасарының сөзін.

Гүлназ Ермағанбетова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу