Атбасарды көшіруге қанша қаржы шығындалатыны белгілі болды

3131

Ұдайы тасқын су басып, халқының көз жасын көл ететін Атбасар қаласын көшіру басталады.

Атбасарды көшіруге қанша қаржы шығындалатыны белгілі болды

"Қазақстан үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" үкімет қаулысының мазмұны белгілі болды.

Онда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  инвестициялар және даму министрлігіне "Ақмола облысының әкімдігіне нысаналы даму трансферттері түрінде аудару үшін 2018 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан үкіметінің резервінен 1 283 399 700 (бір миллиард екі жүз сексен үш миллион үш жүз тоқсан тоғыз мың жеті жүз) теңге сомасында қаражат бөлуді" жүктейді.

Құжатта айтылғандай, осынша қаржы "табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға байланысты Ақмола облысындағы Атбасар ауданының Атбасар қаласында қырық бес пәтерлік төрт тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыс жүргізу үшін" берілмек.

Бұл ретте Жеңіс Қасымбек басқаратын инвестициялар және даму министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды қабылдауға міндеттелді.

Ал бөлiнген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге қаржы министрлiгі жауапты болып бекітілуде.

Бұдан бөлек премьер Ақмола өңірінің әкімдігіне 2018 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде осы берілген қаражаттың нысаналы пайдаланылуы жөнінде есеп ұсыну туралы тапсырма берді.

Айта кету керек, қызыл суға қарық болып, баспаналарын тастап шыққан атбасарлықтар көшетін бұл үйлер негізінен дайын болып қалған көрінеді. Атбасар ауданының әкiмi Аманбек Қалжанов жақында ғана жаңа 45 пәтерлi үйлердiң құрылыс алаңын аралап көріпті.

"Жұмыс кестеге сәйкес жүргiзiлуде. Пәтерлерде қазiрдiң өзiнде iшкi әрлеу жұмыстары аяқталды. Электр жабдықтары, сантехника, есiктер орнатылған. Көп ұзамай тұрғындар өздерiнiң жаңа пәтерлерiне көшедi", – деп хабарлайды Атбасар ауданының әкімдігі.

Сондай-ақ таяуда бұл науқанның басталуына елді мекеннің қаншалықты дайындығын тексеру үшін Атбасар жаққа президент әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторы Қалдыбек Бәйiмбетов арнайы сапармен барып қайтқан. Аудан әкімдігінің дерегінше, Астанадан жеткен меминспектор әкім Аманбек Қалжановпен бірге, Жабай өзенi жанындағы топырақтан үйiлген бөгенді тексерген және су тасқынынан зардап шегiп, тұрғын үйсiз қалған атбасарлықтар үшiн салынып жатқан үйлер құрылысының алаңында болды.

"Қалдыбек Бәйiмбетов аудан әкiмiне, құрылыс бөлiмiнiң басшысына және құрылыс компанияларының өкiлдерiне өзiн толғандыратын сұрақтарын қойды. Жаңа пәтерлерде де болып, құрылыс сапасы мен әрлеуiн бағалады", – деп қысқа қайырды әкімдіктегілер.

Жалпы, Атбасар қаласы өз тарихын ресми түрде Батыс Сiбiр генерал-губернаторы Горчаковтың тапсырмасымен сонау 1845 жылғы 6 маусымда бой көтерген Атбасар станицасынан бастайды. Кейін 1878 жылы станица Атбасар қаласына өзгертiлiп, содан Атбасар уезiнiң орталығы болған.

Атамыз қазақ "жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" деген емес пе?! Содан бері шаһарды қанша су шайса да, кейінгі кеңес өкіметі де қаланы тасқыннан түбегейлі қауіпсіз етпеді. Енді мұны тәуелсіз Қазақстанға жасауға тура келуде.

Елордадан 250 шақырым қашық жерде жатқан Атбасар қаласында қазір 28 мыңнан асатын тұрғын ғана қалған. Соның ішінде қаланың ұдайы судан зардап шегетін бөлігін басқа жаққа көшіру туралы шешім де елордамен байланыс кезінде қабылданды. Биылғы 20 ақпанда өткен үкімет отырысында премьер Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге осыны тапсырған болатын. Бұл ретте биыл 1830 адам тұрып жатқан 528 үйге тасқын судан зақым келгені мәлім болды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крылов қаланың бұл бөлігін көшіруді қолдайтындарын айтады. Себебі, ол тұрғындар сыз салдарынан түрлі дертке шалдыға бастаған. Мәселен, су басқан бөліктен өкпе ауруымен ауыратын 85 адам және демікпеге душар болған 63 адам анықталған.

"2017 жылы ведомствоаралық комиссия зерттеулер жүргізіп, жаңа күрделі қорғаныш бөгенін тұрғызуға, Жабай өзенінің түбін тереңдетуге және арнасын кеңейтуге ұсыным берді. Соған сәйкес, біз облыстық бюджеттен оның жобасын әзірлеуге 50 миллион теңге бөлдік. Қазір жоба аясындағы ондай бөген Атбасар қаласында бар екенін көрдік. Оның ұзындығы 9,5 шақырымдай, ал биіктігі әртүрлі телімдерінде орташа алғанда шамамен 6 метр. Алайда барлық гидротехникалық құрылымдар бәрібір бірте-бірте су өткізе бастайды және кез келген жағдайда қайтадан су басатын аймақтар пайда болады", – дейді Василий Крылов.

Оның мәліметінше, осы бөгенді ұстап тұру үшін ғана жыл сайын 50-ден 100 миллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысын шығындап отыру қажет болады.

Бұдан бөлек, үлкен бөгет тұрғызу үшін 10 миллиард теңге және екі-үш жыл уақыт керек көрінеді. Егер тасқынның екпіні қатты болса, ол бөгет-дамбаның зардап шеккен бөліктерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет болады.

"Осыған байланысты атбасарлықтар баламалы нұсқаны ұсынып, бастама көтерді. Су басатын аймақтардан атбасарлықтарды басқа жаққа көшіру мәселесін біз бірлесе пысықтадық. Бұл бөгет салғаннан әлдеқайда арзанға түседі", – деген Ақмола облысы әкімінің орынбасары бес миллиард теңге қайта қоныстандыруға жететініне сенімді екенін білдірді.

Бұл ретте ол көппәтерді тұрғын үйге көшетіндер бақша салатын телімдерінен айырылып қалатынына уайымдамауларына болатынын, оларға пәтермен бірге жазғы маусымда жеміс-көкөніс өсірулері үшін бақша учаскелерін бөлу мәселесін шешіп жатқандарын қосты.

Айтқандай, әзірге елордадан жеткен қаржы 180 отбасының жаңа қоныс тойын тойлауға жетеді. Бірақ Василий Крылов 3,5 миллиард теңге жұмсап, барлығы 12 үй салып жатқандарын айтады.

Бұған қоса, Жабай өзенінің түбі тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстарына да шамамен екі миллиард теңге қарастырылуда екен.

Бәлкім, осы шаралар аяғына дейін жеткізілсе, Атбасар үшін су басу зұлматы өткеннің еншісінде қалар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу