"Аттестат алмастан әлемді түбірімен өзгертіп жатыр"

4102

"Smart Zholy" жобасының жеңімпаздары цифрлық экономика құруға атсалыспақшы. 

"Аттестат алмастан әлемді түбірімен өзгертіп жатыр"

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры "Smart Zholy" бағдарламасының тұсауын кесті.

Аталмыш жоба аясында отандық бағдарламашыларға халықаралық компаниялармен бірлесіп бірегей инновациялық өнім әзірлеуге және сервис құруға мүмкіндік беріледі.

"Ертеңгі Қазақстан - бұл цифрлы Қазақстан, ұтқыр экономикасы бар және ғылыми салалары дамыған Қазақстан. Болашақта ғаламтор мен жоғары технологиялар жол қатынасы, білім, медицина, тамақтану, демалыс, мәдениет сынды өміріміздің барлық салаларына етене жақындап, кірігіп кетеді. Осыдан 20 жыл бұрын ғана мұндай болжам ғылыми-фантастикалық фильмнің сценариі сияқты болып көрінген, ал бүгін біз осы залда күнделікті еңбегімен осы сценарийді өмірге әкеліп жатқан адамдардың басын қосып отырмыз.

Жасампаз ойлау қабілеті бар және әдеттегі затқа өзгеше көзқараспен қарайтын 16 жасар жеткіншектер, тіпті мектеп аттестатын қолына алмай тұрып, сіз бен біз өмір сүріп жатқан әлемді түбірімен өзгертіп жатыр.

Бүгін  тұсауы кесіліп отырған Тұңғыш президент қорының  "Smart Zholy" жобасы Қазақстандағы жас азаматтардың тың идеяларын іске асыратын алаң болатынына сенімдімін. Қордың жұмыс істеу жылдарында мыңдаған дарынды баланың арманы жүзеге асты. Енді, міне, бүгін кезек сіздерге келді, қымбатты достар. Өздеріңіз білетіндей, биыл елбасының тапсырмасымен біздің министрлік "Цифрлы Қазақстан" атты ауқымды бағдармаға кіріседі. Сол себепті "Smart Zholy" сияқты бастамаларға біз ерекше назар аударамыз және қолдау көрсетеміз", – деді тұсаукесерде ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Айта кетейік, бағдарлама Оңтүстік Азиядағы "Echelon Asia Summit" сынды жетекші стартап-алаңымен бірлесіп жүзеге асырылады. Жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында өткізіледі. Екінші кезең елімізді тұтас қамтиды.

"Smart Zholy" жобасын іске асыру жастардың стартаптарын тек қана Қазақстанға емес, әлемге танытуды көздейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жолдауындағы экономиканы жедел жаңғырту және цифрлық экономика құру міндетін орындай отырып, Астананы технологиялық картадағы жаңа нүкте ретінде көрсетуді мақсат тұтады", – деді қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Байқау қорытындысында өтінім берген 70 команданың ішінен 10 команда жеңімпаз деп танылады. Кейін олар телекоммуникация, логистика, қаржы және денсаулық сақтау саласындағы ірі корпорациялардың өтінімдері бойынша жоба әзірлейді. Командалар сингапурлық стартап - экожүйесінің орталығында атақты Block 71- де орналасады. Қатысушылар елге оралған соң, алған білімдерін болашақ әзірлемелерінде қолдана алады.

"Біз қазақстандық стартаптарды Сингапурде және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі Echelon Asia Summit саммиттерінде қабылдап жүрміз және қазақстандық командалардың әлеуетін жақсы білеміз. "Smart Zholy" бағдарламасы Қазақстанның төл жобаларын 650 млн адамды қамтитын әлемнің ірі нарығына шығаруға ықпал етеді", - деп жиында "Echelon Asia Summit" компаниясының негізін қалаушылардың бірі Тэдиус Ко. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу