Ауылдықтардың цифрлық сауатын ашпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1968

Жыл сайын 15 мыңнан астам кәсіпкер цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқу бағдарламасымен қамтылады.  

Ауылдықтардың цифрлық сауатын ашпақ

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, оқу бағдарламасы биылдан бастап қолға алынып, бүгінде 7 мыңнан астам кәсіпкер оқытылған. Бұдан былай жыл сайын 15 мыңнан астам кәсіпкердің цифрлық сауаттылығын арттыру жоспарланып отыр. Ауылдық кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды.

"Қалалар мен аудан орталықтарындағы кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету орталықтарының жұмысы цифрландырылмақ. Интернет желісіне қол жеткізу мүмкіндіктері шамалы кәсіпкерлер үшін "өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары" құрылады. Оларға консультанттар көмектесетін болады", – деді Тимур Сүлейменов үкімет отырысында.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің сөзінше, бүгінде Астанадағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қағаз түріндегі қызметті тоқтатқан. Күзге дейін Алматы қаласындағы орталық та толықтай электронды форматқа көшеді. Ал жыл соңына дейін облыс орталықтарындағы және интернет жақсы ұстайтын аудан орталықтарындағы мекемелер де осындай форматқа ауыстырылады.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, шағын және орта бизнесті автоматтандыру қаржылай емес қолдау көрсетудің бюджетін қысқартуға, қамту аймағын кеңейтуге, құжат айналымын қысқартуға және кеңесшілердің санын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау көрсету және қажетті құжаттардың санын 50%-ға қысқартады. Бұдан бөлек, бизнес шығындарын 1,6 млрд теңгеге дейін азайтады. Ал 2022 жылдың соңында 8,4 млрд теңге үнемделеді деп болжануда.

Еске сала кетейік, бүгінде 15 мемлекеттік қолдау шарасы толықтай автоматтандырылды. Қалған 31 шараны осы жылдың қазан айына дейін автоматтандыру көзделіп отыр.

"Бизнесті жүргізудің ашық цифрлық платформасын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқару шешімдерін жеңілдету және ішкі үдерістерді автоматтандыру үшін қажетті цифрлық сервистерді платформаға орналастыру жоспарлануда. Бұл ақшалай және бухгалтерлік жазбаларды ұстау, персоналды басқару, тауарлар мен қызметтердің қозғалысын есепке алу және тағы да басқа қызметтерді қамтиды", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, болжамға сәйкес, 2022 жылға дейін 100-ден астам ақпараттық технология компаниялары платформада қызмет көрсететін болады. 10 қызмет қазірдің өзінде орналастырылған. Ал платформаны пайдаланушылардың саны 150 мыңнан асады деп болжанып отыр. Осы жылдың соңына дейін платформаны 10 мыңнан астам адам пайдаланбақ.

Жалпы, елімізде кәсіпкерлерге көрсетілетін 500-ден астам қызмет бар екен. Бұл ретте, "Атамекен" ұлттық палатасы аталған қызметтердің барлығын палатаға беруді сұрап отыр.

Еске сала кетейік, бүгінде egov.kz порталында бизнеске және халыққа ұсынылатын 746 мемлекеттік қызметтің 452-сі автоматтандырылған. Онда 6,8 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Олар осы уақытқа дейін 190 миллионнан астам қызмет алған. 3,3 миллионнан астам қолданушы мобильдік қосымшаны пайдаланады. Оларға 10 миллионнан астам қызмет көрсетілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу