Авиациялық қауіпсіздіктегі соңғы орын

5315

Түрлі апаттардан жоғалған ұшақтар саны бойынша бұрынғы Кеңес одағы елдері аймақтық рейтингте соңғы орында тұр.

Авиациялық қауіпсіздіктегі соңғы орын

Мамырдың 5-де Мәскеудің "Шереметьево" әуежайына Sukhoi Superjet 100 жолаушылар ұшағы отқа оранып қонып, 41 адам қаза тапқаны белгілі. Қазір тергеушілер бұл апаттың себебін анықтап жатыр. Бірақ, оларға бір жайт айқын: әлем бойынша Ресей авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері ең нашар мемлекеттер санатында.

Бұрынғы Кеңес одағы елдеріндегі ұшу қауіпсіздігі стандарттарын бақылаумен айналысатын Мемлекетаралық авиациялық комитеттің 2018 жылғы баяндамасына жүгінсек, былтыр орын алған 58 әуе оқиғасының 42-сі дәл осы Ресейде болып, олардан 128 адам қаза таптқан. Және де барлық посткеңестік кеңістіктегі осындай жайттардың 75 пайызына адам жіберген қателіктер себепші болыпты. 

Әуе көлігі халықаралық ассоциацияның есебіне жүгінсек, түрлі апаттардан жоғалған ұшақтар саны бойынша бұрынғы Кеңес одағы елдері аймақтық рейтингте соңғы орында тұр. Өйткені, бұл аймақта миллион рейске 1,19 корпустан келген. Ал, Латын Америкасы/Кариб бассейні өңірінде – 0,76,  Азия-Тынық мұхит аймағы – 0,32 ұшақ.

ТМД 2013-2018 жылдардың шолуында біршама жақсы көрініп, Африкадан сәл жоғары, Таяу Шығыстан аздап төмен тұрды. Дегенмен, ресейлік жолаушыларды сескендіретін бір оқиға жыл сайын міндетті түрде қайталанып тұрады.

"Ресейде жылына бір рет ірі апат болып, одан адамдар қырғынға ұшырайтынына шәк келтірмейтін болдық. Әуедегі қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметінше, бұл жағынан  Ресей мен ТМД 2018 жылды әлем бойынша ең нашар көрсеткішпен аяқтап, тіпті Африкадан кейінгі орында тұрды", – дейді Стратегия мен технологияны сараптау орталығының маманы Михаил Барабанов. 

Пилоттың қателігі
Жексенбідегі апат бұған соңғы дәлел: "Аэрофлот" компаниясының Мәскеуден Мурманскке ұшқан SSJ100 лайнері қонар кезде дереу артқа бұрылып, отқа оранды. Оның бортындағы 78 адамның 37-сі ғана тірі қалды.

Ресей басылымдары хабарлағандай, тергеушілер мамырдың 5-дегі трагедияның себептері туралы алғашқы нәтижелерді келесі аптаға дейін жариялауы мүмкін. Ал, толық есеп шамамен бір айдан кейін дайын болмақ.

Сейсенбі күні пилоттың қателігі Ресей ақпарат құралдарында басты тақырыпқа айналды. Барабановтың сөзінше, соңғы 20 жылда болған ресейлік ұшақ апаттарының нағыз техникалық ақаудан келгенін еске түсіру қиын.

Десек те, "Шереметьево"  әуежайындағы оқиғадан кейін SSJ100 ұшақтарының техникалық сенімділігі туралы мәселе де күн тәртібіне шықты. Куәгерлердің айтуынша, бұл жерде кейбір техникалық проблемалармен бірге адам жіберген ағаттық та рөл ойнады.

Североморск қаласының мэрі Владимир Евменков пилоттың ұшақты тура күркіреген аспанға көтергенін және лайнердің оң жақ моторына найзағайдың екі мәрте тигенін айтады.

"Екі соққыдан кейін двигатель өртенген жоқ. Ол жұмыс істеді ме, білмедім, бірақ, одан лапылдаған отты еш байқамадым", – дейді Евменков. 

Кейбір мәліметтерге қарағанда, пилот байланысты жоғалтып қана қоймай, ұшуды басқарудың автоматтандырылған құрылғысына да ие бола алмай, лайнерді қолымен басқаруға жанталасқан. Сол сәтте ұшаққа тікелей немесе жанама қауіп төнді ме, ол да белгісіз.

Найзағайдың соққылары ешкімге таңсық емес. Ал, ұшақтардың қанаттары мен құйрығы сол энергетикалық ұшқынды дер кезінде залалсыздандыруға бейімделген. SSJ100 төбесінен түскен жайға неліктен төтеп бере алмады деген сауалға әзірге жауап жоқ.

"Шереметьево" әуежайын екі рет айналған "суперджет" бірден төмендеп, селкілдеп барып қонды. Екінші секірісте, ұшақтың шассиі кетіп, моторы бетонға тиіп, әуе машинасының арты түгелдей жанып, аспанға будақтаған қара түтін көтерілді.

"Сухой" компаниясының бұрынғы инженері және Ресей аэроағарыш өнеркәсібінің танымал маманы Вадим Лукашевичтің пікірінше, ұшақ тым қатты қонғандықтан өртеніп кетті.

"Сұрапыл вертикальдық соққыдан  көп отын тура қозғалтқыштың үстіне төгілді, ал, шасси бұзылғанда, мотор бетонды соғып, тас жолдан от ұшқындады", – дейді Вадим Лукашевич.

Ауыр бак
Ресей ақпарат құралдарының назары ұшақ "Шереметьеводан" отынды толтырып алып ұшып шығып, сол керосинді апатты жағдайда қонғанға дейін жағып үлгермей, ауыр бакпен қатты қонды деген мәліметтерге ауып отыр. Алайда, Ресейдің авиация жөніндегі ведомоствоаралық сарапшылар кеңесінің эксперті Виктор Галенко РИА "Новости" агенттігіне берген сұқбатында мәлімдегендей, бүгінгі заманның аз ғана коммерциялық авиалайнерлері толық бакпен қауіпсіз қонуға қабілетті.

Ресей авиакөлік органы апаттан кейін "суперджеттердің" барлығын жерге қондыруға шақырған үндеулерге құлақ аспай отыр. Себебі, SSJ100 бұған дейін 2012 жылы жаттығу кезінде бір мәрте ғана құлаған.

Бұл ұшақтардың дизайны 2011 жылы жаңартылды. Ол батыстық конструкциялар мен компоненттерге тәуелді. Елдің ірі аэроғарыш компаниясы – "Сухой" осы аспан кемелерінің құрал-жабдықтарының айтарлықтай бөлігін – авионикасын, шассиін және салонының интерьерін түгелдей шетелден импорттайды.

SSJ100-ға үкімет мол инвестиция салды. Сондағы мақсат – әлемнің Boeing және Airbus үстемдік ететін авиациялық бизнесінде Ресейдің рөлін сақтау.

Аэроғарыш саласын зерттеуші Павел Лузиннің сөзінше, 2011 жылдан бері "Сухой" 138 ғана ұшақ шығарған. Ал, шығынға батпасы үшін бұл компания жоспар бойынша жылына  60 лайнер жасауы керек екен.

"Яғни,  мемлекет бақылауындағы "Сухой" кіріссіз жұмыс істеп жатыр деген сөз. Әрбір SSJ100 әуеде күніне 3-4 сағат ғана ұшады. Ал, Boeing пен Airbus күніне 12 сағатқа жуық аспанда қалықтай алады", – дейді Лузин "Ассоуштиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Ресей тағы бір авиациялық жобаны қолға алып отыр. Ол MC-21 деп аталады. Бұл авиалайнерді жасауға алдағы жеті жылда 460 миллиард рубль немесе 7 миллиард доллар жұмсау көзделген. "Болашақтың ұшағы" – МС-21 алғаш рет 2017 жылы сынақтан өту үшін әуеге көтерілді. Дегенмен, кейбір сарапшылардың ойынша, егер Ресейде пилоттарды әзірлеудегі кемшіліктер түзетілмесе, мың жерден мықты болса да, МС-21 "суперджеттің" тағдырын қайталауы ғажап емес.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу