Қазақстанда болған әуе апаттарында "ұқсастық" анықталды

4625

"Қазақстан әуе жолы" ҰААК ұшағының апаты Тәуелсіздік жылдарындағы қайғылы статистиканы ашты.  

Қазақстанда болған әуе апаттарында "ұқсастық" анықталды

Азаттыққа дейін, Қазақ КСР-і аумағында орын алған және құжатталған бірінші жолаушылар ұшағының апаты 1941 жылы тіркеліпті. 26 желтоқсанда Алма-Ата аэродромы жанында Г-2 ұшағы жерге құлап, отқа оранған. Соның кесірінен арасында Қазақ КСР басшылары – сол жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің хатшысы қызметіне кіріскен Ғабдолла Бұзырбаев пен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының хатшысы Қалдыбай Байманов бар 26 адам ажал құшты. 8 адам құтқарылды. Арнайы комиссия аварияға тұман, экипаждың осындай ауа райы жағдайында ұшақ басқару тәжірибесінің болмауы, әуе көлігінің бір тоннаға артық жүктелуі секілді бірнеше фактордың ықпал еткенін анықтады.

1977 жылғы 13 қаңтарда Алматыдан 3 шақырым жерде Ту-104 жолаушылар авиалайнердің бортында өрт шыққан. Салдарынан, онымен ұшып келе жатқан барлық 90 адам – экипаждың 8 мүшесі және 82 жолаушы жан тапсырды.

Кеңес кезінде еліміздің сол кездегі астанасы Алматы жанында ғана 5 әуе апаты болыпты. Мысалға, Кеңес Одағының барлық республикаларына қызмет көрсететін жалғыз, монополист авиакомпания "Аэрофлоттың" Ту-154 реактивті жолаушылар ұшағы 1980 жылғы 8 шілдеде күрделі ауа райы жағдайында апатқа душар болды. Ол Алма-Ата–Симферополь бағытында рейс жасаған. 166 адам, яғни он экипаж мүшесі және 156 жолаушы опат болды. Жерде тағы 9 адам жарақат алған.

1983 жылы Алматыда Ту-134 тас қараңғы түнде жерге қонуға талаптану үстінде тауға соғылған. Онда 90 адам өлді.

Сарапшылардың дерегінше, Қазақстан аспанында әуе көлігімен адам тасымалдана бастаған 70 жылдан астам уақыт ішінде жолаушылардың өмірін қиған қырыққа жуық қайғылы оқиға орын алған.

1996 жылғы 12 қараша

Үндінің Чархи Дадри (Charki Dadri) қаласы әуежайына жақын жерде, аспанда "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиациялық компаниясының Шымкент–Дели бағытында рейс жасаған Ил-76 жүк ұшағы және Saudi Arabian Airlines әуе тасымалдаушысының Boeing 747-168B авиалайнері соғылысты. Салдарынан, қос әуе көлігіндегі барлық 349 адам – "Боингтегі" 312 және "Илдегі" 37 адам қаза тапты.

Бұл өлген адамдар санының көптігі бойынша әуедегі ұшақтар соғылысуы тарихындағы бірінші ірі оқиғаға, сонымен қатар Қазақстан авиациясы тарихындағы осындай алғашқы апатқа, Saudi Arabian Airlines компаниясының тарихындағы ең ірі әуе апатына айналды.

2012 жылғы 24 қараша

Мұнай құбырын әуеден жоспарлы түрде тексеру кезінде Алматы облысында Ми-8 тікұшағы ізім-ғайым жоғалып кетті. Бес күн өткенде тікұшақтың жайраған сынықтары және экипаждың 8 мүшесінің мүрдесі табылды.

2012 жылғы 25 желтоқсан

Сол күні Шымкент әуежайынан 20 шақырым жерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне қарасты Ан-72 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Оның ішінде болған 27 адам – экпипаждың 7 мүшесі және 20 әскери қызметші өлді. Олардың арасында ҰҚК шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков пен оның жұбайы болған.  

2013 жылғы 29 қаңтар

SCAT әуекомпаниясының Көкшетау–Алматы бағытында рейс жасаған Bombardier CRJ-200 ұшағы Алматы облысының Талғар ауданындағы Қызылту кенті жанында қонуға бет алған кезде жерге құлады. Оның бортында болған 21 адамның барлығы – бес экипаж мүшесі және 16 жолаушы жантәсілім етті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш жолаушылар лайнерінің апаты болатын.  

2015 жылғы 20 қаңтар

Жамбыл облысында "Шатыркөл" кенішіне жақын жерде "Қазақмыс" компаниясының жұмысшылары мінген АН-2 ұшағы құлады. "Олимп Эйр" әуе тасымалдаушысына қарасты және Балқаш–Шатыркөл кеніші бағытында жол тартқан ұшақта алты адам қаза тапты. Жалғыз әйел – "Балқаштүстіметалл" кәсіпорнының 28 жасар бас геологы аман қалды.

2016 жылғы 27 наурыз

Экипаж мүшелері Дмитрий Родин мен Вадим Смеречанскийдің біліктілігі арқасында Bek Air компаниясының Fokker 100 ұшағы үлкен апаттан аман қалды: 5 экипаж мүшесі және 116 жолаушысы бар ұшақ алдыңғы доңғалағынсыз елорда әуежайына бауырын төседі.

2016 жылғы 27 маусым

Алматы облысындағы Береке ауылы маңында егістікті өңдеп жүрген АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. "Тамшыбұлақ" ЖШС-на тиесілі әуе көлігіндегі екі адамның бірі келген зақымнан дүние салды.

2017 жылғы 10 тамыз

Алматыдан 43 шақырым жердегі "Азём" аэродромы жанында оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде Азаматтық авиация академиясының Тecnam-P ұшағы жерге құлап түскен. Соның кесірінен инструктор-ұшқыш пен курсант қыршынынан қиылды. Содан кейін бұл әуеайлақты ұшу тәжірибесін жинау үшін пайдалануға тыйым салынды.

2017 жылғы 27 шілде

Алматы облысының Жаркент қаласынан он шақырым жерде, таңазанда "Қазавиа" әуекомпаниясының ЯК-12 шағын ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 2 адам – ұшқыш пен шаруа қожалығының басшысы жанып кетті. Әуе көлігі жүгері алқабын зиянкестерге қарсы өңдеумен айналысқан.

2017 жылғы 25 тамыз

Алматы облысының Балқаш ауданы аумағында америкалық МAULE М-7-260С үлгісіндегі жеңіл моторлы ұшақ құлады. Апат Жиделі ауылынан 20 шақырымдай қашықтықта болған. Салдарынан, 63 жасар тәжірибелі ұшқыш мерт болды. Ал жолаушысы көптеген жарақат алған.

2017 жылғы 3 қазан

Алматы маңында East Wing авиакомпаниясына тиесілі Ан-28 ұшағы апатқа душар болып, электр сымына ілініп, өртке оранды. Әуе көлігі ауыр жағдайдағы жүкті әйелге медициналық көмек көрсету мақсатында Алматы–Шымкент бағытында аттанған. Оның ішінде болған бес адамның – үш экипаж мүшесі және екі медицина қызметкерінің барлығы қаза болды. Олар қолұшын созуға ұмтылған аяғы ауыр ана Мереке Қозкенова авариядан кейін бес күн өткенде дүние салды. Әуе оқиғасын тергеу күні бүгінге дейін аяқталмаған.

2019 жылғы 27 наурыз

Қызылорда облысында Әскери әуе күштерінің Ми-8 тікұшағының құлауы кесірінен 13 әскери опат болды. Қорғаныс министрлігінің төрт әскери ұшағы "Алтын жебе" арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жаттығуларына қатысу үшін Ақтаудан Шымкентке бағыт алған. Жаттығу қараңғыда және күрделі метеорологиялық жағдайда өткен. 

2019 жылғы 27 желтоқсан

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Алматы облысында Bek Air әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағы ұшуға бет алған кезде биікке самғай алмай, әуежайдың бетон дуалын бұзып өтіп, екі қабатты үйге соғылды. 1996 жылы жасалған әуе көлігінің ішінде 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Қайғылы оқиға 14 адамның өмірін жалмады.

Жалпы, бүкіл әлемде фоккерлер сонау 1997 жылы қолданыстан шығарып тасталғаны анықталды. Енді Қазақстан да нидерландық Fokker ұшақтарын пайдалануға тыйым салды.

Ондай шектеу бұрын да енгізілген. Атап айтқанда, 2005 жылы отандық әртүрлі әуежайларда екі Фоккер ұшағының қозғалтқыштары кенет істен шығып, қанат "қаға алмай" қалды. Сондықтан 2006 жылдың қаңтарында Бас прокуратура осы әуе көліктерін Қазақстанда қолдануды уақытша тоқтатты. Кейін не себепті ұшуына қайтадан рұқсат етілгенін комиссия зерттей жатар. Алайда ізінше, 2014 жылдың шілдесінде Атырау әуежайында Fokker техникалық ақауларына байланысты аспанға көтеріле алмай қалды.

Былтыр 2018 жылғы 7 наурызда Ақтау әуежайынан көтерілген ұшақта 7 мың метр биіктікте авариялық датчигі іске қосылды. Экипаж бастарын бәске тікпей, әуежайға кері оралды. Сол жылы Алматы–Атырау рейсін орындаған ұшақ та салонының герметизациясы бұзылуына байланысты Таразға шұғыл қонды.

Осы жолғы қайғылы оқиғаның себептерін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Істі Президент Қ.Тоқаев жеке бақылауына алды. 

Ірі әуе апаттарына қатысты статистикаға талдау жүргізгенде бірқатар "ұқсас" жайттар назар аудартады. Олар негізінен, оңтүстік өңірлерде, күзгі-қысқы маусымдарда, айдың соңына қарай болған. Бұл әрине, кездейсоқтық шығар. Дегенмен, ұшу қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар мен құрылымдар күрделі кезеңдерді ерекше бақылауға алғаны абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу