Fokker -100 әуе кемесінің апатқа ұшырауының себебі – оның алдында көкке көтерілген ұшақтың ілеспе ізі болуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәлсихатында "Bek Air" компаниясының ұшу қызметінің директоры Ерік Сапаров мәлімдеді.
"Ресми құжаттар бойынша ауыр санатты ұшақтардың ұшу интервалы 3 минут, орта санатты ұшақтардың интервалы 3-2 минут, жеңіл ұшақтардікі 1 минут болы тиіс. Диспетчер апатқа ұшыраған ұшаққа 3 минуттық интервалмен көкке көтерілуге рұқсат берген. Ал біз Fokker-100-дің ұшу траекториясын зерттей келе іс жүзінде одан бұрын ұшқан әуе кемесі екеуінің арасындағы интервал бір минут болғанын байқадық. Сондықтан біз Fokker -100 әуе кемесінің апатқа ұшырауының себебі – ілеспе із деп отырмыз. Ұшақ қаншалықты үлкен болса, оның артында қалатын ілеспе ізі соншалықты үлкен болады. Одан бұрын көкке көтерілген Airbus 321 neo-ның салмағы 90 тоннаға жуық, ал Fokker-100-дің салмағы 39 тоннадан ғана асатын", – дейді Ерік Сапаров.
Сондықтан компания өкілнің пікірінше болашақта мамандар авиация құжаттарын қайта қарауы қажет.
"Орта санатты ауырлықтағы ұшақтарға 7 тонна мен 136 тонна аралығындағы әуе кемелері жатады. Әрине, 7 тонна мен 136 тоннаны салыстыра алмаймыз ғой. Сондықтан бұл мәселе болашақта қайта қаралуы тиіс. Әрі келешекте мұнай жағдай қайталанбауы үшін апат себебін де анықтауымыз керек", – дейді Ерік Сапаров.
Бұған дейін әуежайдың баспасөз қызметі Fokker -100 көкке көтерілген жолағымен 3 минут бұрын "Air Astana" компанясының Алматы – Мәскеу бағытындағы ұшағы ұшқанын хабарлаған.
Бұл ретте тәжірибелі ұшқыш, командир Александр Колесников Airbus 321 neo ұшақтарынан кейін пайда болатын ауа ағыны үлкен болатынын айтады.
"Airbus 321 neo әуе кемелерінде қозалтқыштың жаңа түрі орнатылған. Олардың қозғалтқыштары жанармайды 15%-ға үнемдеу үшін үлкен болып келеді. Сәйкесінше одан қалатын ауа ағыны да үлкен. Мұндай ұшақтар елімізде 2017 жылдан пайдаланылып келе жатқандықтан олардың ілеспе ізінің статистикасы жасалмаған. Өкінішке орай осы апат жаңа қозғалтқыштардың статистикасын жүргізудің басы. Мәскеуге ұшқан әуе кемесі үлкен болған, ол өте үлкен қарқынмен көкке көтерілген. Ал одан кейінгі ілеспе ізді жел ұшырып үлгермеген болуы мүмкін", – дейді Александр Колесников.
Сонымен қатар "Bek Air" компаниясы ұшу қызметінің директоры Ерік Сапаровтың сөзінше, әуежайдың айналасында тұрғын үйлер болмағанда апаттан зардап шеккендер саны да аз болар еді.
"Ұшқыш соңғы секундқа дейін ұшақты басқаруға, жолаушыларды аман алып қалуға тырысқан. Шассиі де жиналған, ол шана сияқты сырғанап келіп ғимаратқа соғылған. Оны қар бетінде қалған ізден байқауға болады. Яғни ғимарат ұшаққа бөгет болған. Біздің пікірімізше егер бұл кедергілер болмағанда жапа шеккендер болмас еді", – деді компания өкілі.
Бұдан бөлек үш күн бойы байланысқа шықпаған компания өкілдері "өзіміз де есеңгіреп қалдық және тергеу амалдарына көмектестік" деген уәж айтты.
"Bek Air" басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов журналистердің үй иесіне қанша өтемақы төленеді деген сауалына да жауап берді.
"Құжаттары болмаған жағдайда ешқандай өтемақы төленбейді. Ал егер құжаттары дұрыс болса сақтандыру бойынша тиісті қаржы беріледі", – деп түсіндірді.
Құралай ҚҰДАЙБЕРГЕН