Fokker-100 ұшақтарына Азаматтық авиация бірнеше рет шектеу қойған

Әлемдік БАҚ Алматы түбіндегі апат туралы не дейді? 

Fokker-100 ұшақтарына Азаматтық авиация бірнеше рет шектеу қойған

Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Fokker -100 ұшағының апаты көпшіліктің көкейінде көптеген күпті сауал қалдырып кетті. "Ұшқыштың қателігі ме әлде әуе кемесінің  ақауы ма" деген сұраққа Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр да жауап бере алмады.

Апат туралы алғашқы хабарлар пайда болған кезде-ақ халықаралық Flightradar24 сайты Bek Air  компаниясына тиесілі Fokker -100 ұшағының ұшу траекториясын жариялады.

Ол ақпараттан ұшақ жерден ажыраған бойда 19 секундтан кейін 2200 фут (670,56 метр) биіктікте болғанын көруге болады. Осыдан кейін әуе кемесі күрт құлдилай берген.

Қайғылы оқиғаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дереу үн қатып, "кінәлілер жазаланатынын" мәлімдеді. Апаттың анық-қанығы мен себебін Премьер-Министр төрағалық ететін үкіметтік комиссия анықтауға тиіс. Ал Премьер-Министрдің  орынбасары Роман Скляр апат орнын көзімен көріп, зардап шеккендердің ешбірі назардан тыс қалмайтынын ескертті.

"Соңғы рет ұшақтың қандай қосымша бөлшектері ауыстырылғаны әлі анықталып жатыр. Әзірге нақты ақпарат айта алмаймыз. Ұшақтың артқы бөлігі ұшу жолағын екі рет сүйкеп өткен. Бұл не пилоттың қателігінен, не ұшақтың ақауынан болуы мүмкін. Оны енді Халықаралық әуе комитетінің қатысуымен өтетін арнайы техникалық комиссияның сараптамасы анықтайды. Ал ұшу жолағын қазір ғана барып көрдік. Ол мінсіз жағдайда болған. Үйкеліс коэффиценті 0,5 шамада екенін анықтадық. Яғни, барлық талапқа сай болған. Бізге  борт суықтан қатырмайтын сұйықтықпен өңделгенін баяндады", – деді ол осы оқиғаға байланысты өткен шұғыл брифингте

Азаматтық авиация комитетінің дерегіне сенсек, аталмыш ұшақ соңғы рет 2019 жылдың мамыр айында жарамдылық сертификатын жаңалаған екен. Борт 1996 жылы қолданысқа берілген. Қазақстанның ұшақтар тізіліміне 2016 жылдың 26 тамызында тіркелген.

Жалпы Bek Air компаниясы 2011 жылы құрылған. Рlanespotters сайтының мәліметі бойынша, компанияның иелігіндегі ұшақтардың орташа "жасы" – 26. Қазақстан көлемінде Fokker- 100 әуе кемелерін пайдаланатын жалғыз компания  осы Bek Air. Қазақстанда осы типтегі 6 ұшақ қызмет етеді. 2016 жылдың наурызында Fokker -100 типті ұшақтан ақау шығып, Азаматтық авиация комитеті Bek Air әуе компаниясының инженерлік-авиациялық қызметіне ұшақ дөңгелектерінің агрегаттарын бір реттік техникалық тексеруден өткізу қажеттігі туралы нұсқау берген болатын. Аталмыш типтегі ұшақтардың барлығын  тексеруден өткізіп, тиісті техникалық акт ұсынбаса, Fokker-100 ұшақтарының ұшуына тыйым салынатыны да ескертілген. Ол жолы Қызылордадан Астанаға ұшқан  әуе кемесінің алдыңғы дөңгелектері дер кезінде ашылмай, пилоттардың кәсібилігінің арқасында жолаушылар аман-есен жерге түскен болатын.

Азаматтық авиация комитеті мен Bek Air арасындағы арпалыс бұдан сәл ерте басталған. 2016 жылдың қаңтарында әуе компаниясы әуе көліктерінің халықаралық қауымдастығы (IATA) ұсынған өндірістік қауіпсіздік аудитінен бас тартып, оны талап еткен Азаматтық авиация  комитетін сотқа берген.  Ақпан айындағы сотта Азаматтық авиация комитеті IOSА стандартының сертификатын талап етпеуге, ал Bek Air мемлекеттік органға қарсы шағымдарын қайтып алуға келіскен.

2017 жылдың мамыр айында Bek Air компаниясының бірнеше рейсі уақытынан кешігіп, мұны кәсіпорын төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов құқық қорғау органдарының бассыздығы деп бағалаған болатын. Ресми орындардың тыйым салуына 17 мамыр күні Астана-Ақтөбе рейсіне шыққан ұшақтың дыбыс дабылы іске қосылып қайта қонғаны себеп болған. Борттағы жақтаулардың бірі жиналмай қалуы дабылды іске қосқаны кейін анықталды.

Бүгінгі Алматы түбіндегі апат туралы халықаралық ақпараттық құралдары да жарыса жазып жатыр. BBC, The Guardian, Аljazeera, Сnn, The Daily Telegraph сияқты ақпарат агенттіктерінің бәрі оқтын-оқтын Алматыдағы ахуал туралы хабар таратуда.

Ал Bloomberg бұл Қазақстандағы бірінші ұшақ апаты емес екенін жазған.

"2013 жылдың 29 қаңтарында солтүстіктегі Көкшетаудан шыққан жолаушылар ұшағы Алматы түбінде құлаған болатын. Апат салдарынан 20 адам қайтыс болған. Одан бір ай бұрын әскери ұшақ құлап, ішіндегі 27 адам түгел жан тапсырған. Бортта қазақ қауіпсіздік қызметінің лауазымды қызметкерлері болған", – деп жазады  Bloomberg. Ал "РИА Новости" Ресейде Fokker-100 ұшақтары қолданыста жоқ екенін жазды.

Ашық дереккөздегі мәліметте Fokker -100 ұшағы алғаш рет 1993 жылы ірі апатқа ұшырағаны айтылады. Македонияның Скопье әуежайында 5 наурыз күні Palair Macedonian Airlines компаниясының әуе кемесі Цюрихқа ұша бере құлаған болатын. Ұшақтағы 83 адам аман қалып, 14 адам қайтыс болған. Кейін апатқа ұшақ қанатының суықтан қатуы себеп болғаны анықталды.

Ал 1996 жылдың 31 қазанында тағы бір Fokker-100 ұшағы Бразилияда жерден бауыры ажырағаннан кейін 25 секунд ішінде ғимаратқа соғылып, 95 адам қайтыс болған. Оның ішінде жердегі 4 адам болған. Бір жылдан кейін бұл типтегі ұшақтар өндірістен алынып тасталған.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу