Балық браконьерлерінің қылмыстық тобы ұсталды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3023

"Жайық-Каспий" бассейнінде заңсыз ауланған 40 тонна балық тәркіленді.

Балық браконьерлерінің  қылмыстық тобы ұсталды

Таяуда Астана іргесіндегі Новоишимка ауылынан бір танысымыз қоңырау шалып: "Жұрт балықты аумен қырып жатыр, осы туралы жазсаңыздаршы", – дейді. Біз оның сөзіне бірден сендік. Себебі биыл жаз бойы өзіміз де қармақ қамдап, орын таңдап, Есіл, Нұра өзендерінің, Вячеслав, Қоянды су қоймаларының мөңке балықтарын нәпақалап көргенбіз. Сол сәттерде Тайтөбе, Мәншүк, Оразақ, Талапкер, Қоянды, Софиевка ауылдарының тұсынан ағып жатқан су жағасына қас қарая орнығып, таң қылаң бергенше "демалатындардың" дені резеңке қайықтарын қалтылдатып, балыққа қалтқысыз, қытайлық бірсалар ауларын құрып жүрді. Әрине ондайлардың  біз сияқты пакет түбіндегі мөңкелерді ғана қанағат тұтпайтыны анық. Қашан көрсең де қапшық толы тұқы, мөңке, ақ амур, шортан, көксерке, алабұға, табан, қызылқанат, аққайран, торта балықтарын тулатып бара жатады. Өкініштісі, оларға ешкім "қой" демейді.

Десекте  бұл елімізде балық браконьерлігіне қарсы жұмыс жүріп жатқан жоқ деген сөз емес. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында заңсыз балық аулаудың 70-ке тарта дерегі анықталды. Балық уылдырық шашатын кезеңде "Уылдырық" жедел алдын алу іс-шарасын өткізген жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полицелері су қоймалары аумағында мобильді топ құрып, рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесінде кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонда заңсыз балық аулау фактісі бойынша 4 экологиялық қылмыс анықталды. Сарыағаш ауданындағы су қоймаларының маңында электр аумен балық аулап жүрген 1984 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды. Одан айғақты зат ретінде заңсыз құрылғылар, 8 келі балық және қайық тәркіленді. Қазір ҚР ҚК-нің 355-бабымен қылмыстық іс қозғалып,  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Таяуда павлодарлық табиғатты қорғау полицелері де рейдтік шара барысында 65 әкімшілік құқықбұзушылық, сондай-ақ, балық ресурстарын қорғау ережесін бұзғаны үшін 56 заң бұзу фактісін анықтап, кінәлілерді 1 млн теңге төлеуге міндеттеді. Мұнда биыл балық аулау ережесін бұзуға қатысты жалпы сомасы 2 млн  268 мың 700 теңге айыппұл салынды. Соңғы  8 айда заңсыз балық аулаған азаматтардан 216 келі балық пен ұзындығы 500 метр ау, пайдалануға тыйым салынған 14 қармақ және 3 қайық тәркіленді.

"Тәркіленген балықтардың 106 келісі – мөңке болса, 30 келісі – шортан, 27 келісі – қарабалық, 35 келісі – ақтабан, 12 келісі – алабұға, 5,5 келісі – торта және 0,5 келісі – сүйрік. Балық аулау ережесін бұзған 200 адамға қатысты хаттама толтырылды. Оның ішінде 7 материал Павлодар және Ақсу қалаларының әкімшілік соттарына қарауға жіберілді. Төрт адам Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған қармақ қолданғаны анықталды. Бұған қоса тиісті құжатсыз балықты алу, өткізу және сақтауға қатысты екі жағдай тіркелді, – дейді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова.

Шығыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі жыл басынан бері жергілікті табиғат қорғау полицейлері заңсыз аң және балық аулаған адамдарды жауапкершілікке тарту үшін 289 рейд өткізгенін. Нәтижесінде аң аулауда – 227, балық аулауда – 520 заң бұзушылық анықталған. Ұсталғандар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-383 баптары бойынша жауапкершілікке тартылған.

Батыс Қазақстан облысында да заңсыз балық аулаушылар бірінен соң бірі ұсталуда. Мұнда 1 айға жетпейтін уақыт ішінде 18 браконьер қолға түскен.

"Құқықбұзушылардың барлығының ісі сот органдарына жолданды. Инспекторлар браконьерлер құрған 78 ау мен 1 тоннадан астам балықты тәркіледі", – деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Талғат Ілиясов.

"Жайық-Каспий" бассейнінде биыл 40 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленген. Құқық қорғау органының өкілдері 200 қайығы бар аса ірі ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған. Олардан 10 тонна қара балық алынған. Тіпті Құрманғазы ауданындағы қылмыстық топ құрамында Ресей азаматтары, жергілікті жоғары лауазым иесі мен кәсіпкер болған. Енді олар заң алдында жауап береді.

Қазақстанда балық сататын орындар қатаң тексеріле қоймайтынға ұқсайды. Әйтпесе қытайлық аумен ауланып жатқан тонналаған балықтардың бәрін бірді-екілі отбасының ғана азық етіп отырмағаны анық. Бүгінде балық браконьерлігі ірі кәсіп көзіне айналған. Жергілікті әкімдіктер қадағалауындағы "жаңа ауланған балық" деген анықтамасы бар арнайы сауда нүктелері болмаса, көшелердегі басқа қалтарыс-бұлтарыстарда сатылатын өлі балықтардың қашан ауланғаны белгісіз. Денелерінде айбақ-сайбақ сызық болып аудың ізі тұрады. Санитарлық талаптарға сай еместігі – өз алдына. Оған зер салып, зардабын зердесіне түйіп жүрген тұтынушы тым сирек. Ауру-сырқауға шалдығамыз-ау демейді. Әйтеуір "жабайы саудадағы" бағаның арзандығына разы. Сол себепті Есіл мен Нұрада ескек ескендерден күдіктенбеске болмайды. Әзірге олардың әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімет жоқ.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу