Банктер медицинаны қаржыландыруды азайтты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3236

Есесіне мемлекеттің инвестициясы ұлғайды.

Банктер медицинаны қаржыландыруды азайтты

Алдын ала мәліметтер бойынша, 2018 жылы денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге салынған инвестиция көлемі 122,2 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдағыдан 26 пайызға артық. Алдыңғы жылы көрсеткіш 54,6 пайыз өсіп, 97 млрд теңгені құраған еді.

Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметке салынған инвестиция жалпы республика бойынша салынған инвестицияның 1,1 пайызын құрайды.

Өңірлер бойынша салаға ең көп қаражат салған өңір Алматы қаласы. Оңтүстік астанада денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметке былтыр 17 млрд теңге қаржы құйылған. Алдыңғы жылы көрсеткіш 21 млрд теңгені құраған еді. Екінші орында Алматы облысы. Өңір былтыр салаға 15,5 млрд теңге салып, алдыңғы жылдағыдан 40,7 пайызға өсіріп отыр. Ал үшінші орында – Астана. Елорда тұрғындарының денсаулығы мен әлеуметтік қызметтеріне 2018 жылы 13,4 млрд теңге салыныпты. Бұл алдыңғы жылдағыдан 2 есеге артық.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, 2025 жылға дейін жергілікті әкімдіктер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 1 трлн теңгеге 201 денсаулық сақтау нысанын салмақ.

Ал ең аз қаражат салған өңірлер қатарында Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облыстары (екеуі де 2,7 млрд теңге), Атырау облысы (3,8 млрд теңге) және Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстары (тиісінше 4,2 және 4,3 млрд теңге).

Былтыр жыл бойы бюджет есебінен салаға 72,5 млрд теңге бөлінген. Былтыр аталған көрсеткіш 52,2 млрд теңгені құраған еді. Биылғы бюджеттің инвестиция салаға салынған инвестицияның 59,4 пайызын құрады. Соның ішінде жергілікті бюджеттің үлесі 52,4 млрд теңге. Былтыр жергілікті бюджеттің көлемі 35,7 млрд теңге болған. Ал республикалық бюджеттің үлесі былтырғы 16,5 млрд теңгеден биыл 20,1 млрд теңгеге жетті.

Ал бюджеттік емес инвестицияға келер болсақ, бұл көрсеткіш былтырғыдан 10 пайызға артып отыр. Соның ішінде өзіндік қаражатты инвестициялау көрсеткіші 20 пайыз ұлғайып, 36 млрд теңгеден 43,2 млрд теңгеге жетті.

Қарызға алынған ақша көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Былтыр ол шамамен 0,4 млрд теңге ғана болған еді.

Ал банктердің берген несиесі 49,3 пайызға төмендеп, 8,4 млрд теңгеден 4,2 млрд теңгеге төмендеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу