Банктердің бүйрегі басқаларға бұрып тұрады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2986

Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді несиелендіру көлемі 3 есе қысқарды.

Банктердің бүйрегі басқаларға бұрып тұрады

Екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды несиелендіруге қырын қарайтыны бұдан бұрын белгілі болған. Осының алдын алу үшін үкімет бір емес, бірнеше рет банктерді ақылға шақырған. Алайда банктер ауылдағы ағайынның діңкесін құртып, оларды "итке сүйек лақтырғандай" күй кештіріп қойған.

Банктердің ауыл тұрғындарын тиын-тебенмен алдаусыратуы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұған ауыл шаруашылығы кешенін несиелендіру көрсеткішінің бір жылда 3 есе қысқаруы дәлел.

2018 жылы екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы кешенін несиелендіруге 681,2 млрд теңге бөлген. Биыл қаңтар айында орман және балық шаруашылығына 227,5 млрд теңге қарастырған. Яғни несиені өткен жылмен салдыстырғанда 3 есе азайтқан.

Статистика агенттігінің дерегінше, қаңтар айының соңында өсімдік және мал шаруашылығын несиелендіру 66,8%,-ға қысқарып, 225,5 млрд теңгеге түсіп қалған. Балық шаруашылығын несиелендіру 37,8% - ға кеміп, 1,4 млрд теңгені құраған.

Ұлттық банктің ресми ресурсы АӨК-ні несиелендіру көрсеткіші 2018 жылдың қыркүйегінде күрт құлдырап, 143 млрд теңгеге кемігенін жазды.

Қаржы реттеушісі сайтының дерегінше, 2018 жылғы тамыздағы 636 млрд несиелендіру сомасы қыркүйекте 493,6 млрд теңгеге түскен. 2019 жылдың қаңтарында несиелендіру көлемі 227,5 млрд теңгеге төмендеген. Мұндай жағымсыз көрсеткіш соңғы рет осыдан 8 жыл бұрын тіркелген.

Бүгінгі таңда ел аумағында АӨК-ні несиелендіру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Мұнда екінші деңгейлі банктер аграрлық-өнеркәсіптік кешенге 7,6 млрд теңге қарыз берген. Қызылорда облысы 1,2 млрд теңгемен екінші орынға тұрақтаса, Алматы облысы 5,8 млрд теңге несиемен үшінші орынға орналасқан. Ал қалған өлместің күнін көріп, "аймақтар шықпа, жаным, шықпа", – деп отыр. 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу