Банктерге 2 трлн теңге қаржы бөлініп, көмек беріледі

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
3005

Проблемалы несиелер қоры жекелеген банктердің үмітсіз несиесін сатып алу үшін бюджеттен қаржы тартпақ.

Банктерге 2 трлн теңге қаржы бөлініп, көмек беріледі

Үкімет биыл мемлекеттік шығынды 24%-ға (немесе 2,61 трлн теңгеге) көбейтіп, 11,17 трлн теңгеге жеткізуді ұсынып отыр. Жаңа шығынның негізгі бөлігі (76%, немесе 2 трлн теңге) екінші деңгейлі банктердің өтелмеген проблемалы қарызын "Проблемалы несиелер қоры" АҚ арқылы сатып алуға жұмсалады, деп жазылған парламенттің төменгі палатасында таныстырылған 2017-2019 жылдардың бюджетін нақтылау жобасында.

"Биыл банк секторын қалпына келтіруге қатысты берілген тапсырмалар аясында проблемалы несиелер қорын қаржыландыру көзделген", – деп мәлімдеді жобаны таныстыру барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Банкке қолдау көрсету үшін бөлінетін қосымша қаражат мөлшері 2 трлн теңге екенін баса айтты Олег мырза депутаттар қойған сұраққа жауабында. Алайда мемлекеттік бюджет есебінен қолдау көретін банктер тізімі әзірге нақтыланбаған.

"Тікелей осы активтерді сатып алуға бөлінген ақшадан артық сомаға сатып алатынымыз айқын. Яғни іс жүзінде жеңілдікпен сатып алынады. Нақты қандай банк қолдау көреді, мәселе сонда. Қордың қызметін реттейтін құжаттарда қор жүйелі қиындығы ең көп банкпен жұмыс істейтіні айтылған. Яғни қалпына келтіру аса маңызды банк секторына жұмсалмақ. Сондықтан таңдау кімге жасалатынын Ұлттық банк пен үкімет бірігіп келіседі", – деп сөзін жалғады қаржылық реттеушінің өкілі.

Қаржы секторын қолдауға қажетті қосымша қаражат Ұлттық қордан және бюджет тапшылығын өсіру есебінен алынады.

"Қосымша 2 трлн теңге бұл факторларды қиюластыру. Бізде бюджет тапшылығын өсіру де, Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансфертті көбейту де бар. Факторларды қиюластыру деген осы", – деп пікір білдірді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

ҰЭМ мәліметіне сәйкес, республикалық бюджетті нақтылау жобасында 2017 жылғы шығынды бекітілген сомадан 24%-ға немесе 2,61 трлн теңге өсіріп, 11,17 трлн теңгеге жеткізу көзделген.

Жаңа шығынның негізгі бөлігі Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансфертті 1,09 трлн теңгеге өсіріп, 1,53 трлн теңгеге жеткізу арқылы, мемлекеттік қарызды 969,8 млрд теңгеге көбейтіп, 1,55 трлн теңгеге (Қазақстан ЖІӨ-нің 3,1%) дейін жеткізу есебінен қаржыландырылмақ

Сонымен қатар қаржыландырудың ендігі бір көзі салық болмақ. Осылайша корпоративті табыс салығын 136,3 млрд теңгеге көтеріп, 1,56 трлн теңгеге жеткізу, сондай-ақ шикі мұнайға салынатын экспорттық салықты 185 млрд теңгеге көтеру жоспары қайта қаралды.

Бөлінетін қаражаттың негізгі бөлігі "Қазкоммерцбанктің" проблемалы қарыздары жөніндегі мәселені шешуге жұмсалуы әбден мүмкін. Себебі бұл банктің несие қоржынының сапасы өте төмен. 3,8 трлн теңге бөлінген қарыздың 70%-ынан астамы – құрылыс секторының несиелері мен 2007-2008 жылдардағы дағдарыс кезінде қатты жапа шеккен "БТА Банкі" АҚ несиелері, деп жазады "Асыл-Инвест" АҚ сарапшылары.

Өткен жылдың 22 қарашасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Қазкоммерцбанктің күйреуіне жол бермейтінін айтты. Кейінірек басқа басылымдар "Қазкоммерцбанкті" құтқару үшін 1,5 трлн теңге қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.

"Біз Қазкоммерцбанкті қалыпты жағдайға шығаруымыз қажет. Біз бұл банктің күйреуіне жол бермейміз", – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін келтіреді Bloomberg басылымы.

Жаңалық халық арасында әртүрлі көзқарас тудырды және салымдардың қозғалысын бағамдасақ, қарқынды әрекеттің басталуына негіз болды. Қарашада банк 112,9 млрд теңге салымын жоғалтты, оның 77 млрд теңгесін корпоративті клиенттер алып кетті. Желтоқсан айында салымдардың банктен жаппай шығарылуын ескерсек, банктің депозит қоры 807,2 млрд теңгеге немесе 2,48 млрд долларға азайды (биржалық бағам бойынша 2 ақпанда бір долларға 325 теңге есептеледі).

Желтоқсан айында салымшылардың банктен үдере көшуі банк активтерінің сатылу қабілетінің төмендеуіне әкелді. 23 желтоқсанда Bloomberg агенттігі өз дереккеөздеріне сілтеме жасап, мынадай хабарлама жасады: 15 желтоқсанда Қазкоммерцбанк Ұлттық банктен 400 млрд теңге қарыз алған, салалық мемлекеттік органға банкті құтқару үшін тапсырма берілген.

Кейінірек, 26 желтоқсанда Ұлттық банктің баспасөз қызметі банкті тиісті деңгейде ұстап тұру үшін 400,8 млрд теңге бөлгенін растады. 200,8 млрд теңге қарызды 2017 жылдың наурызында толық өтеу жоспарланды.

"Бүгінгі күні банктің сатуға қабілетті активтерінің көлемі жеткілікті, бұл оған алған қарызының бір бөлігін уақытынан бұрын өтеуге мүмкіндік берді. "Қазкоммерцбанк" АҚ Ұлттық банкке бөлінген қаражаттың тең жартысын қайтарды", – деп жазылған ресми хабарламада.

20 қаңтарда Қазкоммерцбанк Халық банкімен "болашақ мәмілеге келу туралы" келіссөз басталғанын халыққа жариялаған еді. Тараптар келіссөздің бастапқы кезеңінің басталғанын растағаннан басқа елеулі ештеңе айтқан емес. Бір аптадан соң Халық банкі басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін тұспалдап, Қазкоммерцбанкті "тек жаман активтері болмаса ғана" сатып алуға болатынын мәлімдеді.

"Проблемалы несиелер қоры" АҚ – Қазақстан ұлттық банкінің еншілес құрылымы, қызметінің негізгі мақсаты – ҚР ЕДБ несие қоржынының сапасын жақсарту. Проблемалы қарыздарды сатып алып, осындай активтерді басқару акционерлік қоғам жұмысының негізгі әдісі.

Ирина Севостьянова, Арман Жақып

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу