Бас бапкер тұрақтамаған "Барыс"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4181

Құрлықтық хоккей лигасында жеңілістен көз ашпаған "Барыс" жаңа жыл есігімізден аттаған күні, 1 қаңтарда бас бапкерін қызметінен босатты.

Бас бапкер тұрақтамаған "Барыс" Фото: hcbarys.kz

Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген "Барысқа" бас бапкер тұрақтамай қойды. Қазақстан клубы Ресей құрған осы лигада 2008/2009 жылдар маусымынан бері ойнап жүр. Содан бері, яғни 10 жылда (маусымда) 13 рет бас бапкерін ауыстырып отыр. Осы 10 маусымда 10 жаттықтырушы "Барыстың" бас бапкері болды. Олардың үшеуі елорда клубының тізгінін екі реттен ұстады.

Әлқисса, "Барысқа" осылай бас бапкер шақ келмей тұр. Тәжірибелі де, беделді де, қатал да, мінезі жұмсақ та мамандар болды. Бір жылдан артық жүрген ешқайсысы жоқ. Неге ұзақ тұрақтай алмайды? Әлде тұрақтатпай ма? Кешелі бері осы мәселе көп айтыла бастады.

Бір қызығы, Солтүстік Америка ойыншыларынан құрылған бірінші бестігі кейде, ұзаққа дейін гол "соға алмай" қояды... Екпінді бестігінің ойыны мандымай қойса, "Барыстың" еңсесі түсіп кетеді. Ал кейде әр ойын сайын бірнеше шайбадан соғып, рекордтарды жаңартады. Астана клубының аяқалысы осы шетелдік ойыншыларға тікелей байланысты болып қалғандай...

"Барыс" кеше КХЛ-дағы ең осал команданың бірі, "Шығыс" конференциясында ең соңғы орында тұрған "Югра" клубынан да ұтылды (2:3). Осы матчтан кейін "Барыстың" капитаны, Қазақстан азаматтығын алған Канада хоккейшісі Найджел Доус отандық басылымдарға сұхбат берді. Әрі тұспалдап, мағынасы терең ойлардың қозғады:

"Бас бапкердің ауысқаны маңызды емес. Бізде жеті жылда 11 бас бапкер ауысты. Мәселенің түйіні бапкерде емес екенін түсінетін кез келді. Киім ауыстыратын бөлмеде жігіттер бар. Біз команда ретінде осы мәселені шешуіміз керек. Артымызда бас бапкер болып кімнің тұрғаны маңызды емес. Егер хоккейшілер нашар ойнаса, бас бапкерді ауыстырады. Бұл негізі командадағы жігіттердің де – жауапкершіліктері. Егер олардың тер төккілері келмей, ойнағылары келмей қойса, жеңіске жеткілері келмесе, бас бапкердің кім екендігі маңызды емес. Ол жерге менің кіші ұлымды да қойып қоюға болады. Команда ойнамаса, қазір кімнің бас бапкер екендігі маңызды емес. Бізге тер төгіп, жүйелі түрде ойнау керек, өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеу керек. Жағдай қиын. Екі айда екі-ақ рет жеңіске жеттік".

Ал ойланып көріңіз. Сонда команданы басқарып жүрген кім? Ресей басылымдары "Барыста" "бас бапкерді ойыншылары тұрақтатпайды" дегенді де жаза бастады. Ал Қазақстан жанкүйерлері кейбір басылымдардағы мақалалардың соңына "басшылардан бастау керек", "жүйені өзгерту керек" деген сыңайлы пікірлер жазып жүр.

Енді қалай болар екен? "Барыс" осылай, жылда бас бапкер ауыстырып жүре бере ме? Әлде бір шара қолдана ма? Қазір Астана клубы КХЛ-дың "Шығыс" конференциясында 48 ойыннан 63 ұпай еншілеп, 10-орында тұр. Плей-оффқа ілігуі екіталай. Жағдайы тым мүшкіл. Бұлай дейтін себебіміз, 8-орындағы "Амур" клубының алты ұпайы артық (69), әрі үш ойын кем өткізген. Жеткізе қояр ма екен?!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу