Билік емес, бизнес белгілеуі керек

Қажет Андас Қажет Андас
2121

Алматы облысының кәсіпорындарына 25 мыңнан аса маман қажет.

Билік емес, бизнес белгілеуі керек

Өңірдегі ең іргелі оқу орны Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен жыл сайын 44 мамандық бойынша мыңға жуық маман қанат қағады. Бұған қоса облыстық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылдан бері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, "Дуальді оқыту" жол картасын жүзеге асырып келеді. Картаға 12 мамандық пен экономиканың 4 саласы бойынша білім беретін 18 колледж енген. Мұның сыртында 12 мамандық бойынша 630 студенттің біліктілігін шыңдап отырған 90 әлеуметтік әріптес бар.

Статистикаға сенсек, өңірімізде маман тапшылығы сезілмеуі керек.  Бірақ көшеде жұмыс берушілердің "маман қажет" деген хабарландыруы қаптап тұр.

"Кеңес кезеңінде Жаркент өңіріндегі 42 елді мекенде трактор шеберханасы болған. Онда слесарь, аккумуляторшы, дәнекерлеуші сияқты 100-ден астам адам техникалық қызмет көрсеткен. Олардың барлығы өз ісінің хас шеберлері еді. Іске икемі бар адамдар ауылдарда да көп болатын. Қазір мұндай мамандар жоқтың қасы", –  деді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Саят Сакмолдин.

Оның сөзінше, қазір ауылдағы ағайын қолда бар техникасы бұзылса, оны жөндету үшін қалаға шапқылайды. Бұл жергілікті жерде маман жоқ деген сөз. Яғни бізде оқыту жүйесі бар, ал білікті маман тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы "Бизнес-Кеңесші" жобасын жүзеге асырып отыр. Аталған жоба аясында биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 876 адам білім алған. Кәсіби шеберлігін шыңдаған жандардың 544-ін жеке тұлғалар, қалғанын кәсіпкерлер құраған. Білім алғандардың 63,24%  – ер, 36,76%  –  әйел адам екен. Ал жобаның ең жас қатысушысы  – 17, ең үлкені 57 жаста болған.

"Оқудан өткен қатысушылардың 105-і кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың көпшілігі жеке кәсібін ашқан, бесеуі ауыл шаруашылығы кооперативін, тағы біреуі шаруа қожалығын тіркеген", – дейді тренер-кеңесші Александр Кузнецов.

Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант иесі атанған 29 жастағы Алакөл ауданының тұрғыны Святослав Голенецкий  мүгедектігіне қарамастан, өз ісін бастапты.  

"Палата филиалы бизнес-жоспар әзірлеп берді. Содан кейін мемлекеттік грантқа қатысуға өтініш бердім. Бүгінде жеңімпаз атанып отырмын. Жобаны  жүзеге асыру үшін 1 млн теңге береді", –  деді ол.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген Текелі қаласының тұрғыны Динара Ысқақова газ блоктарын шығаратын кәсіпорын ашып, моноқаладағы кәсіпорын саны 27-ге жеткізді.

"2015 жылы біз "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алдық. Кәсіпорынға 30 млн шамасында  қаржы құйдық. Оңай болды деп айта алмаймын, бірақ ойлағынымызды іске асырдық" , – деді кәсіпкер.

Осыларды саралай келгенде, жастардың мамандық таңдауын билік емес, бизнес белгілеуі керек деген байламға келдік.  

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу