Биыл 918 елдімекенді су басу қаупі бар

5913

Республикалық бюджеттен су тасқынының салдарын жоюға 30 млрд теңге жұмсалды.  

Биыл 918 елдімекенді су басу қаупі бар

Қазақстан мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекет. Сондықтан біздің елде цунами мен тайфун болмайды. Өзімізді жұбатып жатқанымыз ғой, әйтпесе жоғарыда сөз еткен табиғи апаттарсыз да жағдайымыздың жетісіп тұрғаны шамалы.

Жыл сайын көктем жақындағанда елімізде "су тасқыны болуы мүмкін" деген дабыл қағылып, дүрбелең басталады. Атқамінерлер "асай-мүсейді" сайлауға кіріссе, халық "құдай сақтай көр, құдай сақтай көр!" деп жаратқанға жалбарына бастайды. Себебі...

Себебі көп. Біздің халық су тасқыны дегеннен әбден зәрезап болып қалған. Ғасырдан ғасырға ауыспай-ақ,  7 жыл артқа шегініп көрейік. 2010 жылы Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан іргесіндегі ауылды су шайып, 150 адам із түссіз жоғалып кетті. Кейін 37 адамның бақилық болғаны ресми мәлімделді. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының  9 ауданында апат болып, тұрғындар толарсақтан су кешті. 2014 жылы Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы тоғанның бұзылуынан 100-ге жуық үйді су шайып, 5 адам қаза болды. 2015 жылы дәл осы ауылға жақын орналасқан Ғабиден Мұстафин кентін су алып, 2352 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал былтыр Ақмола облысына қарасты Оразақ ауылындағы 3 бөгеттің екеуін  тасқын бұзып, 2 мың адамның басына бұлт үйірілді. Табиғи апаттан қорыққан ауыл тұрғындары құм толтырылған қаппен ағын суға тосқауыл қоюға тырысты. Бұл іске ерлер мен әйелдер түгілі балалар атсалысты. Бірақ тасқын су барлық бөгетті бұзып өтіп, талай тұрғынды үйсіз қалдырды. Бұл біздің  жадымызда жаңғырған жай. "Ит үріп, керуен көшіп" ұмыт қалғаны қаншама?!

Шу Шымкенттен шықты  

Еліміздің орталық, солтүстік, шығыс аймақтары аязбен арпалысып жатқанда оңтүстік Қазақстан облысында толассыз жауған жауынның салдарынан жеке меншік үй опырылып құлап, екі отбасы сыртқа шыға алмай қалды. Абырой болғанда адам шығыны орын алған жоқ. Бұл туралы 31 телеарнаға берген сұхбатында құлаған үйдің иесі Рауан Мылтықбаев: "Келіншегім шыңғырып жіберді, шошып оянып, есікке жүгірдім. Ары-бері жұлқылап едім, ашылмады. Аяқ астынан үйсіз қалдық", – деді.

Мына қызықты қараңыз, үйсіз қалған отбасыға көмек ретінде бюджеттен ақша бөлінбейді. Себебі үйдің бұған дейін тозығы жетіп тұрған. Осы турасында тілшілермен тілдескен Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов былай деді: "Бұл үйдің құлауын жаңбырмен байланыстыруға болмайды. Бұл үй әу баста сапасыз салынған.

Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, бірақ апатты үйді қалпына келтіруге немесе оның иелеріне басқа үй сатып әперуге  қазына қаржысынан қаражат қарастырылмайды".

Шымкенттен шыққан шуды биыл болуы ықтимал су тасқынының әлқиссасы дегіміз келмейді. Бірақ  көңіл құрғыр тыншымай тұр.

Арқадағы ағайын алаңдап отыр

Қазір Қарағанды облысы қар құрсауында. Желтоқсан мен қаңтарда жаумаған қар ақпанды төпеледі. Синоптиктердің мәлімдеуінше, облыс аумағына соңғы 20  күннің ішінде жылдағыдан 1,5 есе көп қар түсті. Олар алдағы аптадан бастап күннің жылынатынын айтып отыр. Осы ретте қардан құтылармыз-ау, тасқынды қайтеміз? деген сауал туады.

Былтыр қалың қардың кесірінен көктем шыға Байқадам ауылын су басып қалған болатын. Ауыл тұрғындары биыл да үрей құшағында отыр.

"Биыл өткен жылмен салыстырғанда қар көп. Күн жылынғанда не болатынын білмейміз", – деді бізге ауыл тұрғыны Балкен Жексенбаев.

Байқадамдықтардың қауіп қылар жөні бар. Өйткені өңірдегі 228 су қоймасының 70% күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал 49 бөгеттің тозығы әбден жетіп тұр.

"...Қар бірден еріп кетуі мүмкін. Қазір төтенше жағдайлар департаменті алда болуы ықтимал оқыс оқиғаларға әзірленіп жатыр. Біз 172 елдімекен тасқын судың зардабын тартуы мүмкін деп қауіптеніп отырмыз", – деді Қарағанды облысы ТЖД ресми өкілі Қуаныш Мүталлапов.

Қауіп қайдан?

Биыл Қарағанды облысынан  бөлек Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да су тасқыны болуы мүмкін. Мұны үкімет отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.

"Биылғы жылы еліміздің бірнеше облысын су басу қаупі төніп тұр. Қазір 918 елдімекен және 1500 тас жол мен темір жол учаскесі қауіпті аймақтың қатарына қосылды. Өткен жылдан бері тасқынға қарсы 122 шақырым бөгет салынып, 146 шақырым тоған күрделі жөндеуден өтті. Қазір "Қазгидрометпен" тығыз байланыстамыз. Төтенше жағдайды алдын ала ескертіп отырамыз", – деді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Бұдан кейін ішкі істер министрі еліміздегі ірі су қоймаларының барлығы бірдей еріген қар суын өткізуге дайын емес екенін айтты.

"27 гидротехникалық құрылыс апатты жағдайда тұр. 380 гидротехникалық құрылғы апатты деп танылмаса да, жағдайы жақсы деп айтуға келмейді, – деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын үкімет басшысы жергілікті әкімдерге су қоймалары мен бөгеттердің күрделі жөндеуіне қаржы қарастыру қажеттігін тапсырды. Бұл тапсырманы қай әкім қалай тиянақтады? Бұл жағы бізге беймәлім.

Тасқынның салдарын жоюға республикалық бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы қарастырылады. Мысалға аймақтардан 2010-2016 жыл аралығында 17,9 млрд теңге бөлінген, ал республика қазынасынан апаттың салдарын жоюға 30 млрд теңге жұмсалған.

Қазір республика бойынша иесіз жатқан 40 шақты су қоймасы бар. Бұл ресми биліктің білетіні ғана. Олай дейтініміз, "Көкпекті" су қоймасы бұзылғанда сол кездегі төтенше жағдай министрі  Владимир Божко: "Мұндай су қоймасы бар екенін енді білдік", – деп айды аспанға шығарған болатын.

Аяжан Ералықызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу