Бизнес иелері жалға алу ақысынан босатылды ма?

Кәсіпкерлерге кеңсені жалға беретін 705 ірі нысанның жартысы бизнеске жеңілдік жасаған.   

Бизнес иелері жалға алу ақысынан босатылды ма? Фото: Мария Матвиенко

23 наурызда өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 наурыздан бастап шағын және орта бизнесті жалға алу ақысынан босату туралы шешім қабылдады. Тапсырма үкіметке, жергілікті атқарушы билік органдарына, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге жіберілді. Әйтсе де, мәселе бірден шешілмей, бірқатар қиындық туды. 

Түркістан қаласындағы орталық базар иесі Инара Намазбаева азық-түлік саудасынан басқаның барлығы тоқтап тұрғанын айтады. Нәтижесінде 2 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейтін орталық шығынға батуда. 

"Базарда 11 сауда үйі болса, 3 сауда үйі ғана жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер жұмысқа шыққылары келіп, бізге хабарласуда. Алайда төтенше жағдайдың соңына дейін біз базарды аша алмаймыз. Бастапқыда 15 сәуірге дейін саудагерлерді жалға беру ақысын төлеуден босаттық. Ал ары қарай нақты шешім қабылдамадық. Себебі әр кәсіпкердің жағдайы әртүрлі. Олармен жеке сөйлесіп, келісімге келеміз. Карантин кезінде 1700 кәсіпкер базардың ашылуын күтіп отыр. Тек азық-түлік, ет сататын 300 адам ғана жұмыс жасауда", – дейді Инара Намазбаева. 

Сонымен қатар базар иесі келушілер қатарының сирегенін пайдаланып орталықта жөндеу жұмыстарын бастаған. Ал мұның барлығы қосымша қаражатты қажет етеді. 

"Әзірге сауда үйлерін ретке келтіру жұмыстарын қарызға жасатып отырмыз. Жалпы 70% шығын шығардық. Бұдан бөлек өткен жылдың тамыз айында Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілгендіктен, базардың шығыс бағытында реконструкция жасадық. Себебі біздің орталық 1961 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Сондықтан қала патриоты ретінде осындай қадамға бардық",– дейді базар басшысы. 

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәди Ибадуллаевтың сөзінше, өңірде орналасқан 126 сауда орталығы, 86 базар, 550 асхана мен мейрамхана иелерінің 80%-ы кәсіпкерлерді жалға беру ақысынан босатқан.

"Кәсіпкерлер палатасының жалға берушілермен келісімге келуінің нәтижесінде бизнес иелерінің  80%-ын жалдау ақысынан босатты. Ал 15%-ына 30-70% жеңілдік берді. Бұл – жақсы нәтиже. Ал карантин аяқталғаннан кейін, кәсіпкерлер жалдау ақысын толық төлей бастайды. Сауда үйлеріне келер болсақ, 40%-ы саудагерлерді жалдау ақысынан босатса, 8%-ы жеңілдік берді", – дейді Мәди Ибадуллаев. 

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары коммуналдық төлемдерді төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. 

"Өңірдегі ең үлкен коммуналдық қызмет көрсететін "Энергопоток" ЖШС мен "Қазтрансгаз" АҚ-мен коммуналдық шығындарды төмендету бойынша келісімге келдік. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар мен Табиғи монополияларды реттеу департаментімен бірлесе отыра жасадық. Нәтижесінде "Уран энерго" электр энергиясының құнын 10%-ға, "Энергопоток" ЖШС 3%-ға төмендетті. Одан бөлек Түркістан мен Кентау қалаларының тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін ауыз су құны 6%-ға төмендеді", – деп атап өтті Мәди Ибадуллаев. 

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров көптеген кәсіпкерлер біле бермейтін мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер туралы сөз қозғады. 

"Бүгінде ірі сауда орталықтары мен сауда-ойын-сауық орталықтары мүлік салығынан, бұдан бөлек үкіметтің жаңа қаулысы жобасы бойынша кәсіпкерлер бірнеше салық түрінен босатылады. Оның ішінде әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған аударымдар, зейнетақы жарнасынан босатылуы мүмкін. Ол қазір Президент әкімшілігінде қаралып жатыр. Жақын күндері қабылданады деп үміттенемін",  – деді Ербол Үстеміров. 

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары республика бойынша кеңсе, ғимараттарды жалға беретін барлық ірі нысандармен келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

"Республика бойынша 705 үлкен нысан бар. Олармен жалға беру бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмыс жасауда. Оның 50%-ы, яғни, 353-і бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырды. Атап айтсақ, коммуналдықтан басқа төлемдерден босату, жалға алу ақысын толық төлемеу сынды. Алайда жалға алушылар да, жалға берушілер де кәсіпкерлер болғандықтан біз оларға қысым көрсете алмаймыз. Жеңілдік беру үшін барынша келіссөздер жүргізіп, мәселені шешуге тырысамыз", – деді спикер. 

Жамбыл облысындағы ең ірі әмбебеп-көтерме сауда базарының иесі Эльмира Қарабекова саудагерлердің оннан бір бөлігі ғана жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек орталықтың жұмыс істеу уақыты да қысқартылған. 

"Таңғы 7:00-ден 13:00-ге дейін ғана жұмыс істейміз. Бұл уақытта тұтынушылар мен сатушылар сауда жасап үлгермейді. Ал жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қолдау білдіру үшін жалға беру ақысын 30%-ға азайттық. Алайда азық-түліктің тапшылығы бағаға әсер етуді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдармен мониторинг жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз", – дейді Эльмира Қарабекова. 

Осы орайда базар иесі бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

"Базардың жұмыс уақыты ұзартылса дейміз. Банктер тарапынан да жеңілдіктер жасалғанын қалаймыз. Азық-түлік сататын кәсіпкерлерге қалаға кіру жеңілдетілсе. Сонымен қатар күнделікті дезинфекциялық жұмыстары жүргізілуде. Осыған мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе. Қазіргі кезде жеміс-жидек дәндері, ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектері сұранысқа ие. Сондықтан осындай жабдықтар сататын сауда орындарын ашуға рұқсат берсе", – деген ұсыныс айтты жамбылдық кәсіпкер. 

Кәсіпкерлер құқығын қорғау саласының сарапшысы Ердос Хамзин кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымдар көп екенін айтады. Оның басым бөлігі жалға алу ақысына байланысты.

"Банктер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін 8%-бен жеңілдетілген несие беруі керек еді. Оған 600 млрд теңге бөлінді. Бұл кәсіпкерлерге жасалған жақсы шара. Бірақ бұл 8% көп болуы мүмкін. Оны азайту керек шығар, алу жолдарын да жеңілдету керек", – деді сарапшы. 

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Болат Қалиев қаладағы 28 сауда орталығының 2800 жалға алушысымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оның пікірінше, бұл өңірдегі ең өзекті мәселе. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы жалға алушылар мен жалға берушілердің арасында келіссөздер жүргізіп, келісімге келуге шақыруда. 

"4 сауда үйі жалға беру ақысын төлеуден босатты. Тағы 9 сауда орталығы төлемді 25%-ға қысқартты. Одан кейінгі орталық "Нағаш" базары 50% жеңілдік беріп, мамыр-маусым айларында айлық төлемді 20-25%-ға төмендететінін хабарлады. Жалпы 2800 кәсіпкер жалға алу ақысы бойынша жеңілдік алса, 300-500 кәсіпкер төлемнен босатылды", – дейді Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары. 

Ал Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы сауда үйінің директоры Ерлан Жақыпов азық-түлік саудасы қызып, саудагерлердің кейбірі мүлде жеңілдік сұрамағанын айтады. 

"Сауда орталығында жалға беру бойынша 70-75% жеңілдік жасалды. Ал бірінші қабатта тұрған азық-түлік сататындарды жалға алу ақысынан босату туралы өтініш келіп түспеді. Сондықтан оларға жеңілдік жасалмады. Оның себебі орталық Семей базары жабылғандықтан келушілердің көбейді. Ал жалпы сауда үйіне келушілерді тексеріп кіргізудеміз. Оларға тегін бетперде таратамыз. Жалпы біздің сауда орталығымызда жалға алу ақысы сататын тауарына байланысты бір шаршы метрі 2 мың мен 5 мың теңге аралығында", – дейді  Ерлан Жақыпов. 

Бағдарламаны қорытындылай келе, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров барлық айтылған ұсыныс бойынша қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. 

"Банк несиелерінің пайызын төмендету, кәсіпкерлерді салықтан босату бойынша жаңа қаулыны талқылаймыз. Палатамен үлкен сауда орталықтарының басшылары жиналыс өткізеді. Соның қорытындысы бойынша бизнес иелерін қолдау шаралары қабылданады деп үміттенеміз. Барлық мәселе мемлекеттік органдармен бірлесіп шешіледі", – деді спикер.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу