Бизнес климатты бағалауда жаңа рейтинг енгізілмек

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3139

Жаңа рейтингте негізгі екі фактор болады. Біріншісі – бизнес орта, екіншісі – адам және қаржы ресурстары.

Бизнес климатты бағалауда жаңа рейтинг енгізілмек

Елбасының биылғы жолдауында 2050 жылға қарай елдің жалпы ішкі өнімінде шағын және орта бизнестің кемінде 50% үлесін қамтамасыз ету тапсырылған. Осы бағытта елдегі бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту үшін жалпы кәсіпкерлікті қолдау құралдарын одан әрі жетілдіру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал бұл жұмысты ілгерілетуде елде бизнес жүргізу жеңілдігі жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізудің маңызы зор болып отыр.

Қазақстандағы реформалардың бизнес ортаға әсерін анықтап, дамуын жан-жақты саралайтын мониторинг, ұлттық рейтинг жүргізетін бірқатар ұйымның бүгінгі қолданыстағы рейтинг жүргізу әдістері қаншалықты тиімді? Олардың сараптамалық, сауалнамалық талдауларына не жетіспейді?

Елбасы жолдауын орындау үшін биыл алға қойған міндеттердің бірі – сондай кемшіліктердің барлығы ескерілген бизнесті оңай жүргізу жөніндегі жаңа рейтинг енгізу, әкімшілік кедергілерді азайтатын бірқатар реформа жүргізу, мемлекеттік органдарға бизнес шығындарын азайту үшін бақылау қою болып отыр. Астанада "Экономикалық зерттеу институты" АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен "Қазақстан өңірлерінде бизнес-ортаны жақсарту" атты семинарда осы мәселелерді кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетекші сарапшылар, бизнес-қоғамдастық, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері талқылады.

2016 жылы елімізде алғаш рет кәсіпкерлікті жаһандық мониторингілеу жүзеге асырылды. Бұл – әлемнің 60 елін қамтитын өте қызықты рейтинг. Назарбаев университеті Жоғары бизнес мектебінің қауымдастырылған профессоры Дмитрий Ханиннің айтуынша, бұл мониторинг бизнес ортаны тек кәсіпкерлер көзқарасымен бағалап қана қоймай, біздің қоғамда сол кәсіптен қайырым көрушілер көзімен де сараптауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің "Doing Business" қосалқы ұлттық рейтингі жөнінде баяндаған Қазақстанда Дүниежүзілік банктің "Doing Business" жеке және қаржы секторын дамыту жөніндегі маман Ералы Бексұлтанов рейтинг жүргізу мақсаты – бизнес ортаның әр елдегі дамуын салыстыру үшін керек дейді.

"Қазақстан ғаламдық рейтингте соңғы үш жылда жоғары бәсекелестікке қарамастан жақсы көрсеткіштермен көрінді. Өткен жылғы рейтинг бойынша Қазақстанда 7 реформа жүргізілген", – дейді Ералы Бексұлтанов.

2012 жылы елбасы бизнес дамуының барометрі – іскерлік климат рейтингін жасауға тапсырма берді. Бұл рейтинг 2013 жылдан бері "Атамекен" КҰП пен "ЭЗИ" АҚ-тың бірлесіп жасаған жобасы ретінде жүргізіліп келеді.

"Бағалау барлық 16 өңірде жүреді. Методология негізінде 5 негізгі фактор бар. Мұның әдісі үздік халықаралық тәжірибе негізінде жасалған. Оның ерекшелігі негізінен шағын және орта бизнес, сонымен бірге ірі бизнес бойынша, соған қоса жергілікті атқарушы органдар жұмысына қатысты болуында", – дейді "Атамекен" КҰП қоғамдық мониторинг және әкімшілік тосқауылмен жұмыс жөніндегі департамент директорының орынбасары Сәния Ақылбекова.

"Кәсіпкерлікті жаһандық мониторингілеу кәсіпкерлік белсенділікті зерттеп, халықтың бизнесті бастауға дайындығына үңілсе, Іскерлік климат рейтингі бизнес кедергілерді зерттейді, ал "Doing Business" мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы дистанцияға назар аударады. Ал ЭЫДҰ елдері бойынша кәсіпкерлікті дамыту стандарттарында үкіметтің ашықтығы, айқындылық, субьективті пікір қарастырылады, экономиканың барлық бағытына 13 шолу жасалады", – дейді ҚР ҰЭМ жанындағы "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Жаңа рейтинг енгізу тапсырмасын орындау үшін бизнес қауымдастықтың пікірін тыңдап, тәжірибе алмасуға ниет еткен "ЭЗИ" АҚ атынан қоғамның салалық талдау орталығының директоры Айжан Төлепбекова жаңа әдіспен рейтинг сауалнамасын кімнен, қалай сұрау керектігі туралы сауал тастады.

"Біздің көзқарасымызда жаңа рейтингте негізгі екі фактор болады. Біріншісі – бизнес орта, екіншісі – адам және қаржы ресурстары. Бұған тағы нені қосамыз, жаңа әдісті қалай жасаймыз, бүгінгі жиналудағы себебіміз – соны пісіп-жетілдіру болатын", – дейді Айжан Төлепбекова.

Жиынға спикер болып қатыспағанымен, өз ұсынысын білдірген "Экономика зерттеу инстиуты" филиалының директоры Жанкелді Шымшықовтың айтуынша, жаңа рейтингті ірі кәсіпорындар жұмысымен байланысты жасау керек.

"Осы күнге дейін шағын және орта бизнесте біздің қол жеткізгеніміз – сан жағынан керемет болғанымен, сапасы көңіл толтырмайды. Себебі бүкіл ШОБ сауда мен қызмет көрсету саласына ойысқан. Ал өнеркәсіпте 2,9 пайыз ғана үлесі бар. Сондықтан сапалы ШОБ болу үшін кәсіпкерлік өндірісте, өнеркәсіпте болу керек. Ал оған қол жеткізудің бірден-бір жолы – әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шағын және орта бизнестің ірі кәсіпорындармен ынтымақтасуы. Ірі компаниялар өзіне қажетті толықтырушы, қосалқы бөлшектерін өздері жасағанша, ұсақ кәсіпорындарға тапсырыс беріп, жасатса, әрі уақытын үнемдеп, сонымен қатар орта бизнестің дамуына үлес қосып немесе оған қозғаушы күш болар еді. Жапонияның "Тойота" компаниясын алсақ, оның құрастыру зауытының айналасында 30 мың ұсақ кәсіпорын әртүрлі қосалқы бөлшегін жасайды. Сол арқылы үлкен нәтижеге жетіп отыр. Міне, бүгін ұсынарым, ірі кәсіпорындарға рейтинг ашса, неғұрлым айналасына шағын бизнесті көбірек тартқан кәсіпорындарды рейтингпен атап көрсету арқылы оларды ынталандыру керек деп санаймын", – дейді Жанкелді Шымшықов.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу