Бизнес субъектілері қашықтықтан бақыланды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3033

Мемлекеттік кірістер комитеті қазынаға 6 трлн теңгеден астам қаржының түсуін қамтамасыз етті.

Бизнес субъектілері қашықтықтан бақыланды

Бұл – осы жылдың 11 айының қорытындысы. Қазынаға түскен түсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға немесе 466 млрд теңгеге артық.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, қаңтар-қараша айларында салықтық төлемдерден 4,5 трлн, кедендік төлемдерден 1,5 трлн теңге түскен. 2016 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар.  

"Биыл Бас прокуратурамен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнеске жасалатын қысымды барынша азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргіздік. Бұл ретте ең алдымен тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдірік. Комитеттің ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерді пайдалана отырып, кәсіпкерлердің қызметіне қашықтықтан мониторинг жасауға көштік. Соның нәтижесінде салықтық және кедендік тексерулердің жартысы қысқарды. Былтыр 72 мың тексеру жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 37 мыңды құрады", – деді Ардақ Теңгебаев.  

Комитет салықтық тексерулерден бюджет пайдасына 87,6 млрд, ал кедендік тексерулерден 3,8 млрд теңге өндіріп алған. Төрағаның сөзінше, комитет биыл кедендік тексерулер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізген. Яғни кедендегі тексерулер саны 2,5 есеге қысқарған. Былтыр15 866 тексеру, биыл  6297 тексеруді жүргізілді.   

"Биыл бизнес субъектілерін қашықтықтан бақылауға күш салдық. Заң бұзушылық қай жерде орын алса, сол жерді жіті бақылауға алдық. Мұндай тәсіл камера арқылы бақылауға алынған салық төлеушілердің санын азайтты. Бұл қадам өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғарғы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Салық төлеушілерге жіберілген хабарламалардың саны 2,7 есеге кеміді (105 мыңнан 38 мыңға). Бұған дейін салық төлеуші хабарлама бойынша талап етілген соманың бар болғаны 18%-ын ғана мойындайтын. Осы жылы 45%-ға жетті. Осылайша камералдық бақылаудың тиімділігі 2,5 есеге өсті деп сеніммен айта аламыз. Бұл қадам бюджетке 107 млрд теңгенің түсуін қамтамасыз етті", – деді комитет төрағасы.

Заңсыз қызметпен айналысатын тұлғаларды анықтау, олардың жолын кесу комитеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін еске салған Ардақ Теңгебаев бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.

"Акцизделетін өнімнің заңсыз айналымын анықтау барысында алкоголь өнімінің 11 млн-нан астам шөлмегі табылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Алкоголь өнімін өндіретін 44 заңсыз цехтың қызметі тоқтатылып, 4 млн-нан астам жасанды есепке алу-бақылау маркалары табылды. Сондай-ақ этил спиртімен арақ өндірушілер тексеріліп,  200 млн-нан астам теңгеге айыппұл есептелді. 203 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, бұл бағытта 1 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 4 млрд теңгені құрады", – деді Ардақ Теңгебаев.

Төрағаның сөзінше, мұнай өнімдерінің нарығы да ерекше бақылауда. Биыл бұл салада 95 қылмыстық және 23 әкімшілік іс қозғалған. Айналымнан заңсыз мұнай өнімдерінің 16 мыңнан астам тоннасы табылып, 196 млн теңгенің заңсыз өнімі тәркіленген.

Сондай-ақ темекі өнімдерінің заңсыз айналымы бағытында 17 қылмыстық және 25 әкімшілік іс қозғалған. 9 млн 700 мың дана темекі өнімі тәркіленген. Оның ішінде ел аумағына заңсыз әкелінгендері де бар.

"Алкоголь өнімдерін және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді есепке алу жүйесі енгізілуде. Ол ел бойынша акцизделетін өнім өндірісі мен олардың айналымы туралы мәліметтерді онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Бүгінде есепке алу-бақылау құрылғылары этил спирті мен алкоголь өнімдерін шығаратын 48 зауытқа, сондай-ақ барлық (жалпы саны – 17) мұнай өңдеу зауытына орнатылды", – деді комитет төрағасы.

Ардақ Теңгебаевтың сөзінше, биыл экономикалық тергеу қызметі ұсыныс жасаған қылмыстарды қудалау тәртібі түбегейлі өзгерген. Мәселен, уәкілетті органдардың актілері және құжаттары залал келтірілгенін растаған жағдайда ғана материалдар сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі. Осының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық істерді тіркеу екі есеге азайған. Ал қылмыстық іс бойынша келтірілген залалды өтеу бір жарым есеге, 46%-дан 72%-ға дейін өсті.

"Көп адамның қатысуымен және айтарлықтай экономикалық шығын келтіре отырып, ұзақ уақыт бойы ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері осындай топтарға қатысты 40 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды", – деді Ардақ Теңгебаев.

Төраға атап өткендей, осы жылдың 11 айында 126 жалған лотерея терминалы, 308 заңсыз терминал және электрондық казинолар анықталған. Жалған ақша белгілерін әзірлейтін 4 заңсыз цехтың қызметі тоқтатылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу