Елорданың бизнеске бейімі бар қыз-келіншектері Chevron компаниясының демеушілігімен өткен кездесуден іскерлік әліппесін үйреніп қайтты. Олар кәсіпкерлікте тасы өрге домалап тұрған замандастарынан бизнесті дұрыс жоспарлау, несиені кедергісіз алу, инвестор табу және тегін білім алу жолдары туралы пайдалы ақпараттарға қанықты.
UMAY Global Summit форумының бас продюсері Мерей Мұстафинаның айтуынша, шара нәзік жанды елордалықтардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын ояту үшін ұйымдастырылып отыр.
"Бүгінгі шара жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерді тәжірибелі кәсіпкерлермен кездестіріп, тәжірибе алмастыру үшін ұйымдастырылып отыр. Кездесу сұрақ-жауап, еркін сұхбат түрінде өтуде. Соның аясында Chevron компаниясы қаржыландыратын арнайы бағдарламаға қатысып жатқан 6 бикеш өз кәсіптері туралы мәліметтерімен бөліседі. Олардың өздері де бизнестегі қабілеттерін жетілдіру үшін білікті мамандардан сабақ алып жатыр. Оған қатысудың өз шарты бар. Үш жылдан астам уақыт бойы бизнеспен айналысып жүрген, белгілі бір мөлшерде айналымы бар кәсіпкерлер конкурстық негізде іріктеп алынды. Ал бүгінгі кездесуде нақты бизнес тәжірибесі бар, нақты жетістіктерге жеткен қыз-келіншектер замандастарына өз жетістіктерінің құпиясын баяндайды", – дейді ұйымдастырушы.
Киім өнеркәсібі, косметика, сауданы ұйымдастыру салаларында жемісті еңбек етіп жүрген 6 бикеш жиналған көпшілікке бизнесті қалай бастап, қалай дамытқандарын, оның жолында қандай кедергілер мен сынақтардан өткенін әңгімеледі. Ресми танысудан кейін шара қонақтары топ-топқа бөлініп 6 бикештің әрқайсымен емен-жарқын әңгіме құрды.
Бизнесте қалыптасып үлгерген кәсіпкерлерді оқытуға да қажеттілік бар көрінеді. Бағдарламаға қатысуға ондаған қыз-келіншектің ниет танытуы соны көрсетсе керек. Олардың ішінен ұсынатын өнімі сұранысқа ие, ұтымды жоба иелерін қазылар іріктеп алған. Тіпті арасында брендке айналған тауар өндірушілер де бар екен.
"Былтырғы шарада қазы болған кәсіпкер биыл өзі конкурсқа түсіп, біздің бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Сонда тәжірибелі бизнесменге де білімін жаңартып отыру қажет болғаны ғой. Оларды оқытудағы мақсатымыз – қалыптасып үлгерген бизнес-жобаның аясын кеңейту. Бизнес аясы кеңейсе, жұмыс орындары да көбейеді, түсетін салық та артады. Оқу бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 6 бикешке мәскеулік мамандар келіп, жеке қасиеттерін дамыту, көшбасшылық машықтар қалыптастыру бойынша дәріс берді. Екінші кезеңде қазақстандық тәлімгерлер сабақ беретін болады. Бұл кезде бизнес жүргізудің қазақстандық ерекшеліктерін ішкерілей танып, кедергілерді айналып өтудің жолдарын нақты мысалдар негізінде үйренеді. Қазақстандағы салық жүйесін, мемлекеттік органдардың жұмыс стилін, кәсіпкерлікке қатысты заңнаманы отандық мамандардан артық ешкім білмейді. Сол себепті бұл кезеңге өзіміздің мамандарды тарттық. Үшінші кезеңде адам энергиясын тиімді пайдаланудың қыр-сыры үйретіледі. Бастаған ісі орта жолда тоқтап қалмауы үшін адам өз энергиясын ұтымды бағыттай білу керек. Дұрыс тамақтану, қосымша білім меңгеру, денсаулықты күту, отбасындағы қарым-қатынас. Осының бәрін тиімді жоспарлау бизнесмен үшін өте маңызды", – дейді Махаббат Сәдуақасова.
Оның айтуынша, оқытудың әр кезеңі 4 күннен тұрады. Таңғы сағат 9.00-де келген бикештер кешкі сағат 21.00-де бірақ шығады. Алғашқы күннен бастап әр қатысушы өзінің 3 жылдық бизнес-стратегиясын жазып бастайды. Бұл қатып қалған жоспар түрінде болмауы керек. Бизнес әлеміндегі жаңа трендтер мен тәсілдерді, тың идеяларды тану арқылы кәсіпкердің таным аясы кеңеюі мүмкін. Бұл оның бизнестегі көзқарас кеңістігін де кеңейтетіні сөзсіз. Бұған дейін бағдарлама арқылы білім-білігін жетілдірген бизнесмен әйелдер өзара қауымдастықтар құрып, бір-бірінің кәсібін дамытуға оңтайлы орта құрып алған.
"Адам бір салаға маманданғаннан кейін оның сыртқы көріністерін елемей кетеді. Мәселені іштей білгендіктен, сыртқы шаруалары қараусыз қалуы мүмкін. Осындай кезде басқа салаға маманданған кәсіпкер құрбылардың қырағы назары көп көмектеседі. Біздің бұған дейінгі түлектеріміз қазір бір-біріне жиі қонаққа барады. Шай ішіп, әңгіме дүкен құру үшін жиналмайды бірақ. Құрбысының өндіріс орнына немесе дүкеніне барып, сырт көз ретінде сыншылық пікірін айтады. Осылайша бір-бірінің бизнесін дамытудың жаңа тетіктерін ойластырады", – дейді бағдарлама ұйымдастыршуларының бірі Махаббат Сәдуақасова.
Махаббат Сәдуақасова кәсіпкер әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік шаралар көп болғанымен, оларды насихаттау, жарнамалау жағы ақсап жатқанын айтады.
"Нәзік жанды бизнесмендер БАҚ-қа шығып тұруды қалайды. Ол бір жағынан қанаттандырады. Бізде көбінесе той-бизнестің бикештері жиі жарнамаланып, насихатталады. Ал біздің 6 бикеш сияқты нақты тауар ұсынатын кәсіпкерлер солардың тасасында қалып жатады", – дейді ол. Ал Мерей Мұстафина әлем бойынша шағын және микро бизнестің тұтқасы әйелдердің қолына өтіп жатқанын айтты.
"Бағдарлама бойынша білімін жетілдіріп жатқандардың көбі – көпбалалы аналар. Тіпті жүкті аналар да келіп жүр. Аналық міндет пен кәсіпкерлік бір-біріне кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан біз ондай замандастарымызға әуел бастан үлкен қолдау танытып келеміз. Қазір бүкіл әлемде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау трендке айналып барады. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті ұйымдастыру әйелдерге оңайға түседі. Біздің мемлекеттің басшысы да осы мәселеге үлкен мән беріп отыр. Шағын және микро бизнесті табыс салығынан босатуы да соның бір дәлелі", – дейді ол.
Табысты бикештер бизнес әліппесін үйренушілерге өздерінің бизнесі асықпай әңгімелеп, құпияларымен бөлісті. Бірі ішік-тондарды тазалап, қлапына келтіретін цехтың жұмысын қалай дөңгелендіріп отырғанын айтса, бірі танмыал франшиза арқылы мектепке дейінгі балаларға заманауи білім беру жобасы қалай іске асып жатқанын түсіндірді. Бір миллион теңге салып басталған туристік жобаның 4 жылда 160 миллиондық айналымға қалай шыққаны да кәсіпкер қыз-келіншектер үшін өте қызықты болды.
Ал дәрі-дәрмек жеткізумен айналсатын кәсіпорын иесі бизнесті 2010 жылы инголятор сатумен бастағанын, 9 жылда клиенттер базасына 2000-нан астам дүкендер мен дәріханалар енгенін айтады.
"Бізге бизнесі бар адамдарға қолдаудың қажет қанша?", "Одан да бастай алмай жүргендерді қолдаған дұрыс қой" деген уәждер жиі айтылады. Бизнес бастаушыларға мемлекет тарапынан қолдау баршылық. Ал өз күшімен аяқтан тұрған кәсіпкерлерді қолдау жеңіл өнеркәсіптің даму аясын кеңейтеді. Біреудің бизнесі сырт көзге тоқтаусыз ағып жатқан өзендей көрінуі мүмкін. Ал ол өзеннің табанында аяққа оралғы болатын балдыр да, іліп қалатын тастар да жатуы мүмкін. Оны өзенге бел шешіп кірген адам ғана біледі. Яғни бизнестің бел ортасында жүрген кәсіпкерлердің жүйелік проблемаларын шешу арқылы жалпы саланың арнасын реттеуге болады", – дейді Chevron компаниясының БАҚ-пен байланыс жөніндегі үйлестіршісі Айнұр Сыдықова.
Есімжан Нақтыбайұлы