Бизнесменді жазалау тәсілі өзгереді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3228

Қазақстан ел бюджетін толтырып отырған бизнесмендерді түрмеге тоғыту тәжірибесінен түпкілікті кетпек.

Бизнесменді жазалау тәсілі өзгереді Фото: akorda.kz

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай жаза басқан, қылмыс жасаған кәсіпкерлерді бас бостандығынан емес, тек дәулетінің бір бөлігінен айырумен жазалауды ұсынды.

Қазіргі кезде мемлекетімізде әскери-құқық қорғау салалары реформаны бастан кешіп жатқаны мәлім. Ал бүгін VIII азаматтық форумға арнайы келіп қатысқан елбасы "азаматтық қоғамды" да жаңғыртуға қатысты бастамаларын жария етті. 

Президент түрмедегілер санын азайтуды жүктеді.

"Ешкімге де құпия емес, темір тордың ар жағынан ешкім де қалыпты адам болып оралмайды. Ол жақта біз ешкімді де түзеп, тәрбиелеп жатқан жоқпыз, керісінше басқа жаққа итермелеудеміз. Сондықтан бизнесмендерді тіпті шамалы болса да бұзушылықтары үшін тек ақшамен жазалау керек. Біз осы мақсатта заңнаманы өзгерттік, бұл түрме тұрғындарының санының азаюына әкелді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Қазірдің өзінде қаншама түрмелер босап қалуда. Оларды қайта қалпына келтіріп, түрмелерде адамдардың ұсталуы үшін қалыпты жағдайлар жасауға, сотталғандарды жеке-жеке камераларда ұстауға мүмкіндік бар. Әйтпесе, экстремистер, терроршылар сотталады, оларды жас адамдармен бірге отырғызады. Бұл дұрыс емес!", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасының басқа идеясы тағы бір мекемелердің жаппай жабылуына ықпал етуі ықтимал. Атап айтқанда, ол Қазақстанды жетімханалардан арылту міндетін белгіледі. Бұл ретте мемлекет басшысы бірқатар ауқатты бизнесмендердің жетім және тастанды балаларға қамқорлық жасап жүргенін хабардар екенін айтты.

"Әрине, бұған ақша жұмсауға барлығы бірдей бара бермейді. Мәселен, Айдын Рақымбаев және сол сияқты өзге де бизнесмендер көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауда. Мені жетім балалар мәселелері қатты толғандырып жүр. Мен Қазақстанда балалар үйлері деген болмауға тиіс деп санаймын! Ал оларды қалай жою, оның орнына қандай жолмен жүру керектігін ойласуға тиіспіз. Қазақстандық жетім балалар шетелге кетеді, сол жақта қалады, өз баласын өгейсіткен қоғам оңа ма? Өзге балаларды да асырап алып, бағып-қаққысы келетін адамдарды қолдауымыз керек. Олар балалар үйлеріндегі жетімдерді өз қолдарына алады. Бұл істе BIGroup жұмысын қолдауымыз керек", – деді президент.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті мінберге шақырып алып тұрып, сөкті. Елбасыға ұнамағаны: елімізде қазір бала асырап алу бойынша 11 шетелдік агенттік жұмыс жасауда екен, ал қазақстандық осындай бірде бір агенттік жоқ болып шықты. БҒМ басшысының түсіндіруінше, елімізде бұл іспен үкіметтік емес ұйымдар айналысады.

Ерлан Сағадиев екі жылдан кейін жетімханалардың көбі жабылатынын, аз шоғыр балалар үйлерінде тек 2500 бала ғана қалатынын уәде етті.

Өз кезегінде Қазақстан президенті бизнес өкілдерін балалар үйлері мен "Ана үйі" дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына көмек көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев арнайы санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асыру ісімен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.

Елбасы еліміздің үкіметтік емес секторын дамытудың бірқатар нәтижелерін атап өтті.

"Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды", – деді ол.

Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тартудың маңыздылығын айтып, үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру ісінің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Ол мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды бағалау және қамтамасыз ету үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді атсалысуы керек екенін нықтады. Осыған байланысты, президент үкіметке "Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын" әзірлеуді тапсырды.

"Жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажет. 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу