Былыққа батқан "Барыс"

2581

"Барыс" хоккей клубының ойыншылары қыруар қаржы жалақы алатыны қоғамда үлкен талқыға түсті. Бұл мәселеге "Самұрық-Қазына" қорындағылар жауап берді.

Былыққа батқан "Барыс"

Жылына 481 миллион теңге жалақы алатын Линден Вэй туралы алдымен Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Артынша журналист Аслан Қаженов хоккейші Никита Михайлис айына 32 миллион теңге жалақыны қандай себептерге байланысты алады деп дау көтерді. Негізінде бұл ақпаратты алдымен ресейлік сайттар жазған еді. Жанкүйерлер тарапы аталған спортшылардың қомақты қаржы алатынын білген соң, сыни пікірлер қалдырып, олардың мұндай ақша алуға лайықты еместігін жазып жатты. Расымен де Линден Вэйдің көрсеткіштері соншалықты мықты емес. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайтын Никита Михайлистің 32 млн теңге еңбекақы алатындай еш артықшылығы жоқ. Ұлттық құрама сапындағы нәтижесі де, пайдасы да өте төмен. Қазақстан құрамасының сүреңсіз ойыны мен солғын нәтижесін осы жақында ғана өткен әлем чемпионатында байқаған боларсыздар.

"Самұрық-Қазына" мен "Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының" жауабында жалпы спортқа 2022 жылы 24 млрд теңге бөлінгені айтылды. "Соның 8 млрды "Барыс" хоккей клубына бөлінген. Спортшылардың жалақысы қоғамда үлкен талқыға түсіп жатқаны дұрыс. Хоккейшілердің жалақысы олардың тәжірибиесіне, көрсеткен нәтижесіне және жасына қарай төленеді. ҚХЛ тәртібі бойынша 2021/22 маусымға бір клуб кем дегенде 315 млн рубль (2,6 млрд теңге) жалақы беруі тиіс", – дейді қордағылар.

"Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасында ешқашан жетістікке жетпеген. Плэй-офф сатысының алғашқы кезеңдерінен жарыстан шығып қалады. Құрамында канадалық, ресейлік тіпті АҚШтан келген легионерлер ойнаса да, жүлделі орыннан көріне алмады. Өзінің тәрбиелеген жас спортшылары да жарқырап шығып, өзге командаларға ауыспады да. Міне, "Барыс" академиясының түлегі дейтіндей бірде-бір сапалы хоккейші жоқ. Өткен жылы көптеген елдердің командалары ҚХЛға қатыспайтынын мәлімдеп, біртіндеп шығып жатыр. Оған Ресейдің санкцияға ұшырап жатқаны қатты әсерін берді. Одан бөлек ҚХЛда төрешілер дауы әлі де өршіп тұр. Ресейлік командалардың алдына тұрған ұжымдарды федерация төрешілер арқылы қысып, неше түрлі қысастық көрсететін көрінеді. Бұл жайында Финляндия мен Латвиядағы жанкүйерлер талай жазды.

"40 миллион теңге алып жүрып 9:1 есебімен жеңіліп қалатын хоккейшілерден не пайда?! Тура сондай есеппен 40 мың теңге жалақы алатын хоккейші де жеңіледі ғой. Әлем біріншілігінде үнемі масқарамызды шығарса, Олимпиада ойындарына жолдама алмаса, ҚХЛда жүлде жеңбесе онда олар қандай талаптарға сай осыншама қаржы алып отыр?", – дейді спорт журналисті Аслан Қаженов.  

Дегенімен "Барыстың" өзінің жанкүйерлері қалыптасқан. Елордада хоккейсүйер қауым жетіп артылады. Алайда ҚХЛ-да еш жетістікке жетпесе, бірақ сонда ойнау үшін қыруар қаржы жұмсайтын болса онда бұл жобаның тиімділігін қайта қарастырып көру қажет шығар. "Барысты" жауып тастайық деп жүрген белсенділер бар. Хоккей клубын жаппай тек оның шығындарын тиімді есептесе, ҚХЛ емес тек ішкі Қазақстан чемпионатына қатысса да жеткілікті болатындай. 32-40 млн теңге жалақы төлемей-ақ, жетістікке жетіп жатқан командалар бар ғой. Клуб қызметінде қазақ ұлтының адамдары жоқ, мұз айдынға мемлекет құраушы ұлттың өкілі мүлде шықпаса, онда оның пайдасы не? Жылына 8 миллиард теңге бөлген кезде "Самұрық-Қазына" осындай мәселелерді неге есепке алмайды? Сол түсініксіз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу