Футбол клубтары салық төлеушілердің есебінен күн көріп отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17733

"ҚазАгро" холдингіне 30 млрд теңге не үшін бөлінетіні белгісіз. 

Футбол клубтары салық төлеушілердің есебінен күн көріп отыр

Үкіметте екі министрлік қана бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Олар – индустрия және инфрақұрылымдық даму, сонымен қатар қаржы министрліктері. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова осылай деп дабыл қақты.

Халық қалаулысының мәлімдеуінше, еліміздегі басқа мемлекеттік органдар бекітілген бюджетті ғана жариялайды. Бес министрлік бюджеттің орындалуы туралы есеп бермейді. Үш ведомства стратегиялық жоспарын үн-түнсіз орындайды. Ал 5 мемлекеттік орган жүзеге асырған стратегиялық жоспарының есебін көрсетпейді. Бұл жағдай бюджеттің ашықтығы туралы әңгімені жоққа шығарады.

"Қазақстандағы бюджеттің ашықтығы екі жылда бір рет ұйымдастырылатын "Әлемнің 100 еліндегі бюджеттің ашықтығы индексі" атты зерттеуде ғана белгілі болады. Қазақстан 2017 жылдың қорытындысында осы индекс бойынша шекті 100 баллдың 51-ін ғана еншіледі. Жергілікті жерлерде бюджеттің ашықтығы орталықтағы көрсеткіштен де төмен. Мұнда 34-ақ балл", – деді депутат.

Оның сөзінше, еліміздегі мемлекеттік органдар ашықтық, қолжетімділік, тұтастық деген ұстанымдарға сүйенсе, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ете алмайтын қымбат форумдар ұйымдастырылмас еді. Бюджет есебінен сыра фестивалін өткізуге ниет білдіріліп, кәсіби және кәсіби емес спортшыларға жағдай жасалмас еді.

"Бізде бюджеттің жоспарлануына қатысты ақпарат жоқ. Жергілікті атқарушы билік көп жағдайда бюджет жобасын жарияламайды және бюджетте басымдық берілуге тиісті бағыттарды талқыламайды. Бюджеттің бекітілуінде де ашықтық жоқ. Мәслихаттар қоғамдық тыңдау ұйымдастыру тәжірибесін қалыптастырмаған. Барлығы бөлінген қаржы жұмсала бастағанда белгілі болады", – деді Ирина Смирнова.

Оның айтуынша, бюджет қаражатын әділетті бөлуге қол жеткізу үшін орталық және жергілікті деңгейде бюджет ашықтығы деңгейін арттыру керек. Әрбір азаматтың өмір сапасын жақсарту үшін тиімді бюджет қалыптастыруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс атқару қажет. Бұл әдіс "еститін мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Zertteu Research Institute қоғамдық орталығының басшысы Шолпан Айтенованың айтуынша, елімізде әрбір алтыншы бала тұрмысы төмен отбасында өмір сүретініне қарамастан, соңғы 5 жылда отандық футболға бюджеттен 105 млрд теңге бөлінген. Ал мемлекеттен жәрдемақы алатын 900 мың балаға 18 млрд теңге жұмсалған. Айырмашылық – жер мен көктей.

"Футбол клубтары қарапайым салық төлеушілердің есебінен күн көріп отыр.

Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік бюджеттен стадион, спорт мектептерін салу үшін ақша бөлуге болады. Шетелден легионер сатып алып, оған елде жоқ жалақы төлеу – қате. Футбол клубтарының мемлекеттен миллиардтаған ақша алуын тоқтату керек", – деді Шолпан Айтенова.

Оның айтуынша, ақпаратқа қолжетімділік туралы заң бойынша жоспарлау кезеңінде бюджет жобасы ашық болуға тиіс.

"ҚазАгро" холдингіне 30 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл ақша ауыл шаруашылығының қай саласына, қандай көлемде, қандай мақсатқа беріледі? Бұл сұрақ нақтыланбаған. Бюджет саласында ашықтықтық жоқтығы сыбайлас жемқорлыққа  жол салып отыр. Қарапайым адамдардың салығынан құралатын қазына қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеу керек. Мақсатты түрде жұмсалуы керек. Мақсатқа жету үшін бюджеттің ашықтығына қатысты жеке тұжырымдама жасау қажет", – деді  Zertteu Research Institute қоғамдық орталығының басшысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу