БЖЗҚ активтерінің ӘХБ-дан қайтарылуы ұзаққа созылады

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1914

Қайта құрылымдаудың қай нұсқасы таңдалса да, шығынға ұшыраймыз.

БЖЗҚ активтерінің ӘХБ-дан қайтарылуы ұзаққа созылады

Ұлттық банк Әзербайжан халықаралық банкінен 250 млн доллар (71,3 млрд теңге) зейнетақы активін (ӘХБ) қайтару мүмкіндігі туралы  халықты хабардар етті.  ӘХБ өзін банкрот деп жариялап, 3,3 млрд долларға есептелген активтерді қайта құрылымдау жоспарын жария еткен соң, осындай әрекет ойластыра бастады.

"Қайта құрылымдау үдерісі қалай болғанда да шығынға ұшыратады. Біз үкіметпен тізе қосып, қайта құрылымдаудың ең тиімді нұсқасын таңдаймыз. ӘХБ-нің облигацияларын сатып алу жөніндегі мәміле туралы хабар мемлекет басшысына жеткізілді", – деп қысқа қайырды Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев 24 мамырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

23 мамырда ӘХБ шетелдік инвесторларға 3,3 млрд долларды құрайтын сыртқы қарызын жаңа мемлекеттік қағаздар мен 20 пайыздық дисконты бар ұйымның бондтарына айырбастау туралы ұсыныс жасады. БЖЗҚ қайта құрылымдаудың үш нұсқасын қарауға тиіс: 250 млн долларды 12 жылға 20-пайыздық дисконтпен және табыс мөлшерлемесі 5,125% бондтарға айырбастау. 250 млн долларды өз құны бойынша 3,5% мөлшерлемемен Әзербайжанның жаңа 15 жылдық тәуелсіз облигацияларына айырбастау. 250 млн долларды 3,5% мөлшерлемемен ӘХБ-нің жаңа жетіжылдық облигацияларына айырбастау.

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова 24 мамырда өткен БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде ұсынылған нұсқаларды қауіпті деп бағалады.

"Ең жақсы нұсқаны атау қазір қиын, тәуекелдерді есептеу қажет. Бірақ қарызды қайта құрылымдау нұсқалары ішіндегі ең тиімсізі – 250 млн долларды ӘХБ-нің өз қағаздарына айырбастау, мұндай жағдайда біз өзімізді мұнай  бағасының күрт төмендеуі мен ӘХБ жағдайының одан әрі шиеленісуінен құтқара алмаймыз", – деді ол.

Банк қызметшісінің айтуынша, егер өзіндік құнын бірге бір айырбастау көзделген опцияны алсақ шығын болмайды деуге болады. Бірақ қалай болғанда да жаңа түзетулер инвесторлардың жағдайын одан әрі ушықтыратыны сөзсіз, өтініш мерзімін ұзартып, сыйақы мөлшерлемесін төмендетуі мүмкін, бұл инвестициялық табыстан құр қалдырады.

Сонымен бірге ол ӘХБ қарыздары бірнеше нұсқада қайта құрылымдалуы мүмкін екенін айтты, сондықтан Ұлттық банк жағдайды мұқият қадағалайды.

Әлия Молдабекованың сөзінше, ӘХБ-нің жаңа акцияларына әсер ететін негізгі фактор мұнай бағасы болып табылады. Мұнайдың қазіргі құны және Әзербайжан валютаға девалвация жасап, оны ұстап тұруға қаражат жұмсамағанын ескерсек,  ӘХБ-нің жаңа облигацияларының сапасы 2014 жылы БЖЗҚ қағаз сатып алған кезбен салыстырғанда жер мен көктей.

Ұлттық банктің өкілі ӘХБ облигацияларына салынған Қазақстан инвестицияларының "Бастапқы борыш" санатына енгенін айтты, яғни бұл қайта құрылымдау бойынша инвесторлар үшін қолайлы.

"Бастапқы борыш" тәртіптелген борыштан гөрі жақсы,  сіз тәртіптелген борышты алсаңыз қауіп көбірек болады", – деді Әлия Молдабекова.  

24 мамыр күні Fitch Ratings  рейтингтік агенттігі ӘХБ-нің шетелдік валютадағы дефолтының ұзақмерзімді рейтингін RD-ге (шектеулі дефолт) дейін төмендетті. Рейтингті төмендетуге банктің өзінің сыртқы міндеттерін қайта құрылымдауы негіз болды.  Fitch Ratings  критериийі бойынша, қайта құрылымдау өтелмейтін қарыздарды айырбастауды қарастырады.   

Данияр Ақышев 24 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында журналистерге Ұлттық банк зейнетақы активтері есебінен ӘХБ облигацияларын сатып алуға қатысты тергеу жүргізіп, келісімнің заңдылығына өз бағасын беретіндігін айтқан болатын.

Әлия Молдабекова инвестицияларға қатысты проблема оларды дербес орналастырудың дұрыс болмағандығынан көреді. "Ашық нарықта сатып алуға болмайтын құрал пайда болды, яғни ол инвесторлар құрамындағы адам сатып алушы болса, аукционда сатылмайды. Мұндай құралдардың тиімділігі төмен. Дербес орналастыру инвесторлар шеңберінің тар екенін немесе мүлдем бір инвестордан құралатынын көрсетеді".

БЖЗҚ дербес тәсіл арқылы ӘХБ облигацияларының барлық көлемін сатып алып, осы шығарудың жалғыз иесі болған. Сонымен бірге 2014 жылы сатып алу жасалған кезде ӘХБ облигацияларына инвестиция салуға рұқсат болған. ӘХБ облигацияларына БЖЗҚ активтері инвестициясын салу бойынша шешім қабылдаған инвестициялық комитет бұған бірауыздан келісім берген.

Ұлттық банк ӘХБ-ге қатысты проблема 2015 жылы Әзербайжан үкіметі банкті жекешелендіру туралы айтқан кезде туындағанын сөз етті. Банк жекешендірілсе, мемлекеттің үлесі төмендеп, қауіпті операциялар өседі. Егер бұрын инвесторлар ӘХБ-ні квазимемлекеттік сектор ретінде қарастырған болса, қазір ол кез келген уақытта қарапайым жеке корпоративті институт болып қалуы мүмкін. Сондай-ақ 2016 жылдың басында мұнай бағасы бір баррель үшін 40 доллардан төмен түскен кезде ӘХБ-ге қауіп төне бастаған еді.

Ұлттық банк өкілі БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңеске 2014 жылы ӘХБ-мен келісім жасауды мақұлдаған инвестициялық комитет тізімін ұсынуға уәде берді.

Әйгерім Сүлейменова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу