Дефрибриллятор әрбір қоғамдық орында тұруға тиіс

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3598

Мемлекет қаржысына сатып алып, оны мәпелеп, төрге тығып қоймай, мекеменің кіре берісіне орнату керек.

Дефрибриллятор әрбір қоғамдық орында тұруға тиіс Фото: impartialreporter.com

Былтыр Астананың №59 мектебінде оқушы бала және кешегі Алматыдағы универсиада кезінде қызметкердің жүрегі тоқтап қаза болған соң, жалпы елімізде жүрек ауруынан оқыс жағдайда о дүниелік болып жатқандар санының артуы себепті қоғамдық ұйымдар дабыл қағып, мемлекеттік деңгейде бұл мәселені шешу жолын ұсынып отыр. Әлемнің озық елдерінде тәжірибеде бар жүрек соғысын реттеуге, басқаруға арналған құрылғы – дефибрилляторды адам көп шоғырланатын орындарда орнатып, оны сатып алуға және қалай пайдалануды оқытуға қаржы ел бюджетінен бөлінуі керек дегенді айтады.

Сап-сау жүріп, айдың-күннің аманында аяқ астынан жүрегі тоқтап, ажал құшатындардың саны елімізде жылына 500 адамға жетіп отыр. Соның ішінде балалардың жүрек ауруы көбейген. Мамандардың айтуынша, бүгінде жүрек қан тамырлары ауруынан болатын өлімнің 80 пайызына жүректің аритмикалық бұзылуы себеп болады.

"Мұны жүрек қақпашасының кемістігі дейді. Кез-келген жерде адам есінен танып, құлап жүрегі тоқтап қалса, оған әрі кетсе 5 минут, ал негізі 2 минуттың ішінде алғашқы көмек көрсетілсе, тірі қалу мүмкіндігі бар. Осы жағдайда біз айтып отырған америкалық өнім – дефибриллятор құрылғысы осы дертке шалдыққандар үшін үлкен көмек. Бұған дейін елімізде бұл заманауи тех­нологияны тек Алматы мен Астанадағы ең үздік клиникалар қолданып келген. Бұл туралы біз соңғы 2 жылдан бері қоғам алдында жиі айтып келеміз. Оның маңыздылығын түсініп, өз кәсіпорындарына алып қойғандар да бар. Мәселен Алматы әуежайында осындай құрылғының жетеуі қойылған. Сол сияқты "Теңізшевройл" компаниясы, тағы бірқатар мекеменің басшысы бәрін түсініп, өз кеңселеріне алдыртып қойған", – дейді "Ақ жүрек" қоғамдық қорының директоры Руслан Масхутов.

Құрылғының қауіпсіздігі мен пайдасы Еуропа мен АҚШ-тағы ірі медициналық орталықтарда сынақтан өткен. Ресей басылымдарына шолу жасағанда оның тиімділігі туралы іргелес көршіміз 2015 жылы дабыл қаға бастапты. Бұл елде де жүрек дертіне шалдыққандардың статистикалық көрсеткіші жақсы емес.

"Өмір үшін әр секунд қымбат" атты жоба аясында Астанада мектеп пен колледж директорларын жинап, осы құрылғының жұмысымен таныстырған "Ақ жүрек" қорының өкілдері жиынға ресейлік профессор, медицина ғылымдарының докторы Леонид Макаровты шақырды. Білікті маманның айтуынша, дефибриллятормен алғашқы көмекті тек қана жедел-жәрдем қызметі, дәрігер немесе төтенше жағдайлар қызметі өкілдері ғана емес, кез-келген адам көрсете алады. Ол үшін үкіметтен қаржы бөлініп, құрылғы сатып алынған мекемеден оны қалай қосып, қалай көмек көрсетуді оқып алу қажет.

"Біздің кез келгеніміздің басымызда болуы мүмкін жағдай. Дәл осындай жүрек қақпашасының кемістігі менде болмайды деп ешкім де өзі үшін кепілдік бере алмайды. Біз шенеуніктерге осыны түсіндіруіміз керек. Бұл құрылғы барлық қоғамдық орында, нақтырақ айтқанда, мектептен бастап, ойын-сауық орындары, әуежай, кәсіпорын, құрылыс алаңы, кеңсе мен қонақ үй, медициналық ұйым, вокзал, тағы да басқа адам көп шоғырланатын орында бір-бірден немесе бірнешеуден қойылуы керек. Мәселен осындай орындарда өрт сөндіру құралдары тұрады ғой өрт қауіпсіздігі үшін, мынау да дәл солай адам өмірінің қауіпсіздігі үшін тұруы тиіс құрылғы. Мұның қажеттілігін уақыт пен бүгінгі ахуал өзі дәлелдеп беріп отыр", – дейді профессор.

Бүгінде Астанада 84 мемлекеттік және 12 жекеменшік мектеп, жоғарғы оқу орындары мен колледждер бар. Мамандар адамды аман алып қалуға септігін тигізетін құрылғыны осы орындарға орнатудан бастау керектігін көрсетті.

"Бір данасы 1 млн теңгеден аспайтын құрылғының біреуі бір мектепке жарайды. Сондай-ақ оны мәпелеп, баптап төрге бір жерге тығып қоймай, тура мектептің кіре берісіне, вахтаның қасына орнату керек. Бұл – жаңа дүние емес, өткен соңғы он жылдықтың тәжірибесі", – дейді мамандар.

"Мен жаңа мына жиынға келіп отырып, ресейлік профессордың сөзін тыңдасам, көп жағдайда адам есінен танып қалғанда невропатолог қызметіне жүгінеді екен. Ал негізі бұл жүрек қағысының дұрыс еместігімен байланысты. Мүмкіндік болса, мектептерде қойғаны дұрыс деп санаймын", – дейді Астана қаласындағы №74 мектеп директоры Жеңіскүл Темірханқызы.

Жүрек қағысы бірнеше сәтке тоқтаған жанды аман алып қалатын дефрибриллятор алуға кеткен қаржыны жергілікті бюджеттен қарастырып, осы мәселеге қоғам назарын аударуға тырысқан қоғамдық қордың үндеуін кардиологтар, ұстаздар қолдады.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу