Демалыңыз, ем алыңыз

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
26717

Аbctv.kz еліміздегі сұранысқа ие демалыс орындарының қызмет көрсету бағасына шолу жасады.

Демалыңыз, ем алыңыз

Жадыраған жаз мезгілі нағыз демалатын уақыт. Биылғы жаз ми қайнатар ыстығымен есте қалатын сияқты. Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Шілденің шіліңгірінен пана тапқысы келетіндер өзендер мен көлдерді және су қоймаларын жағалап кетті. Бірі шетел асса, енді бірі отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп тыраштанып әлек. Осылардың қайсысы ұтады? Шетел асқаны ма, әлде отандық туризмнің тасын өрге домалатқысы келгені ме? Елімізде ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындары көп-ақ. Әттеген-айы, қызмет көрсету сапасы сын көтермейді.

Біз Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақ даласындағы демалыс аймақтарының сұранысқа ие ондығын іріктеп, онда демалушыларға ұсынылған баға мен қызмет түрін бағамдап көрген едік.

1. Бурабай

Бурабайдың табиғатын ел ішінде "Екінші Швейцария" деп атайды. Соңғы жылдары бұл өңірге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Соның арқасында кәсіпкерлер демалыс орындарын сатып алып, қонақтар мен жергілікті тұрғындарға мейлінше жайлы жағдай жасауда. Астана қаласынан Бурабайға жеке автокөлігіңізбен, таксимен, автобуспен және электрпойызбен жетуге болады. "Астана-Щучинск" тас жолы салынғалы бұл бағытқа көлікпен барған жылдамырақ. Астанадан Бурабайға барып-қайту жол ақысы орта есеппен 3 мың теңгені құрайды.

Бурабайға бірнеше күнге барғыңыз келсе,  алдын-ала жатын орныңызды сайлап алғаныңыз жөн. Щучинск қалашығында 2 бөлмелі үйді тәулігіне 8-10 мың теңгеге жалдауға болады. Ал егер таудың етегінде немесе демалыс орындарында қалғыңыз келсе, бұл баға бірнеше есеге қымбаттайды. Егер Бурабайға достарыңызбен немесе туған-туыстарыңызбен баруды жоспарласаңыз, Щучинск қаласынан 3-4 бөлмелі пәтер немесе демалыс орындарынан үй жалдау арзанға түседі.

Демалыс орнындағы дәмханадан бір рет тамақтануға кемі 2500-3000 теңге жұмсайсыз. Ал ақылы жағажайға кіру құны – 500 теңге. Қысқасы, Бурабайға жаз мезгілінде екі адамға орта есеппен төмендегідей қаражат кетеді:  

Жол ақысы – 6000 тг.  1 бөлмелі пәтер тәулігіне – 5000 тг. Маринадталған дайын кәуәп – 4000 тг. Сусындар – 2000 тг. Жеміс-жидектер және өзге де қажетті заттар – 3000 тг. Екі велосипедті бір тәулікке жалға алу – 4000 тг. Қайықпен серуендеу – 2000 тг. Жағажайға кіру – 1000 тг. (тегін жағажайлар да бар).

Бұл қарапайым тұрғындарға арналған ең төменгі баға. Ал егер жатын орны, тамағы және тағы басқа қосымша қызметтерді бар қонақ үйде тұрғыңыз келсе күніне 25-30 мың теңге шығындайсыз.

2. Баянауыл

Павлодар облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Баянауыл ауданының орталығы. Баянауыл елдімекені – курортты аймақ, ол 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ мәртебесіне ие болды.  Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристерді қарсы алады. Бұл үшін көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионаттар көп салынған.

2004 жылы ашылған "Баянтау" демалыс үйінің аумағында 160 орынға 8 корпус, асхана, медициналық пункт, күзет үйі, әкімшілік корпусы орналасқан. Демалыс үйінде кітапхана, медициналық пункт жұмыс істейді. Демалушыларға 4 мезгіл тамақ беріледі, белсенді демалыс, экскурсия, спорттық және мәдени-қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ересектерге – 4500 теңге, балаларға – 3000 теңге (балаларға 7 жасқа дейін тегін).

3. Жасыбай

"Жасыбай" демалыс орталығы бірегей экологиялық таза және көркем табиғаты бар Баянауыл табиғи қорығындағы Жасыбай көлінің "Березка" демалыс үйінде толық отбасылық демалыс өткізуді ұсынады. Сонымен қатар балалар демалысы үшін (13 жасқа дейін) "Қарлығаш" балалар сауықтыру орталығы бар.

"Березка" демалыс үйі заманауи инфрақұрылым мен қаймағы бұзылмаған табиғаттың үйлесімімен ерекшеленеді. Көгалдандырылған және күтілген демалыс үйінің аумағы сізге тыныштық пен таза ауамен рахаттануға мүмкіндік береді.

"Березка" демалыс үйінде 4 бірдей заманауи үлгідегі 2,3,4 орындық корпустар бар. Қонақтарға қолайлы бағамен  "Эконом", "Стандарт", "Жақсартылған", "Жартылайлюкс" санатындағы (жолдама құнына 4 мезгіл тамақтану енгізілген) нөмірлер ұсынылады. Барлық нөмірлер толықтай жабдықталған.

Демалыс үйінің аумағы тәулік бойы күзетілетіндіктен, демалушылар үшін қауіпсіздік, тыныштық кепіл етіледі. Ақылы автотұрағы бар. 

Демалыс аймағы Жасыбай көлінің жағасында орналасқан, сондықтан сіздер үнемі салқын суға шомылып, тамаша орналастырылған жағажайда күнге қыздырынуыңызға  болады. Көл айдынында жүзем деушілерге катамаран мен қайықтарды жалға беру қарастырылған. Белсенді спортты ұнататындар үстел теннисі, бадминтон, волейбол, футбол, бильярд сияқты спорт түрлерімен шұғылдана алады. Демалыс бағдарламасының аясында экскурсиялар қарастырылған.

Биыл "Жасыбай" демалыс орталығына жеке тұлғалар мен ұйымдарға арналған жолдама құны:

4. Балқаш

Балқаш көлі – қайталанбас ерекшелігі бар өзгеше орындардың бірі. Оның батыс бөлігі тұщы, ал шығысындағы су ащы болады. Балқаш жағалауында жазғы демалысын өткізіп, суға шомылғысы келетіндердің қатары жыл сайын артып келеді. Бір кездері жетімсіреп жатқан жағалауларға бүгінде жан бітіп, көптеген демалыс орны бой көтерген.

Балқаштың жағалауында демалу үшін туристік фирмалардың көмегіне жүгінуге, не болмаса демалысты өзіңіз ұйымдастыруға болады. Курортты аймаққа жеке автокөлікпен, автобуспен жетуге немесе теміржол көлігі қызметін пайдалануға болады. Астанадан Балқашқа дейінгі арақашықтық - 600, ал Алматыдан 640 шақырымды құрайды. Демалыс аймағына жету үшін автокөлікті таңдайтын болсаңыз, жанармайға шамамен 7 000-10 000 теңге жұмсайсыз. Ал автобуспен немесе пойызбен жету үшін билет құны 1 адамға шамамен 3000-5000 теңге аралығында болады.

Курортты аймақта қалтаңызға қарай әртүрлі деңгейдегі жерлерге атбасын тоқтауға болады. Бұл хостел, бунгало, тұрмысқа жайлы қонақ үй не болмаса барлық жағдай жасалған екі қабатты коттедж болуы мүмкін. Демалушылар арасында "Досжан", "Жемчужина", "Балқаш Нұрсая", "Голубая лагуна" сияқты демалыс аймақтары сұранысқа ие. Аталған демалыс орындарында бір күндік демалыс 10 000-35 000 мың теңге аралығында болады. Бұл тек бөлмеге төленетін ақы. Бұдан бөлек тамаққа, қосымша қызметтерге жеке ақша төлейсіз. Арнайы тапсырыспен дайындалған түскі ас 1 адамға 3-5 мың теңге аралығында болады. Сондай-ақ өзіңізбен бірге ас-ауқатыңызды әкеліп, дайындауыңызға да болады.

Қарапайым халыққа арналған бағаға келсек, екі орын стандартты бөлме 8-10 мың теңге аралығында. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы да бар. Асыңызды өзіңіз дайындауға мүмкіндік қарастырылған. Бұдан бөлек демалушылар үшін VIP үйлер бар. Таңғы және түскі асын өздері береді .Бір үйдің бағасы тәулігіне 45 мың теңге.

Балқаш жағалауында демалу үшін 1 адамға кететін қаражатты санайтын болсақ, жол ақысы – 4000, жатын орын – 15000, ас-ауқат 6000, қосымша қызмет түрлері 5000 теңге. Жалпы алғанда, Балқаш жағалауында демалу үшін бір адамға күніне 30 мың теңге қажет. Бұл ең төменгі баға.

5. Алакөл

Алакөл демалыс жағажайы туралы естімегендер кемде-кем. Демалыс аймағында жүргізілген соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін, Алакөлдің көркіне көрік қосылып, жыл сайын демалушылардың қатары көбейіп келеді. Көл суы көптеген ауруларға ем. Адам денесіндегі қотырлар мен жаралар суға бірнеше рет сүңгігеннен соң жазылып кетеді. Мұнда жағаға жақын және тығыз орналасқан демалыс үйлері мен мейрамханалар өте көп.

Алакөлдің шипалы суын шетелдіктер де жақсы біледі. Содан болар бұл жерде Ресейден, Украинадан, Орталық Азия елдерінен келген адамдардан аяқ алып жүру қиын. Жаздың шуақты ыстық айларында бұл араға кемінде 100-150 мың адамға дейін келіп кетеді. Алакөлде 10 күн демала­тын болсаңыз шамамен 150 мың теңге шығындауыңызға тура келеді. Бұған жол шығыны кірмейді.

Айтпақшы, бүгінде көлдің маңайында қоныстанған ауылдар да кәсіптің көзін тапқан. Ауыл тұрғындары демалушылар үшін жағалай "времянка" салып, жалға өткізіп отыр. Бөлмедегі жабдықтар түгел болса, адам басына – 2,5-3 мың теңге. Егер тамағы ішіне кірсе, күніне 5 мың теңге төлейсіз.

6. Қапшағай

Қапшағай қаласының туристік әлеуеті Қапшағай су қоймасының ресурстарына негізделеді. Іле өзенінің оң жақ жағалауындағы жартастарға салынған суреттердің сізді таңқалдырмауы мүмкін емес. Қапшағайдағы демалушылардың ең жиі баратын жері – 1994 жылы арнайы итальяндық жоба бойынша салынған қалалық аквапарк. Бұл кешенде балаларға, сондай-ақ үлкен кісілерге арналған арнайы су атракциондары бар. Мұнда кіру құны ересектерге – 5 мың, балаларға – 3 мың теңге. Бір айта кетерлігі, өзіңмен тамақ алып кіруге рұқсат жоқ. Бәрін сол жерден сатып алуға тиіссіз.

Аталған аймақта үйлер де жалға беріледі. Бір үйге 10 адам сияды. Күніне бағасы – 95 мың теңге. Осы бағаға үйден бөлек футбол, теннис алаңдары, бассейн кіреді.

Қапшағай жағажайының маңайы жылдан жылға ақылы бола түсуде. Яғни бұрын-соңды кез келген жерді иемденіп, демалып кететін жерлердің ауқымы тарылып жатыр. Ақылы орындарда адам басына 2500 теңге. Ал тамақты сатып алсаңыз, дәмхананың бағасымен пара-пар. Тіпті сусындар мен балмұздақтың өзі екі есе бағаға сатылады.

7. Көлсай

Соңғы 3 жылда "Көлсай көлдеріне" демалыс ұйымдастырушы компаниялар көбейді. Туристік компаниялардың бағасы 15-20 мыңнан басталады. Жұма күні кешкі 7-ден кейін Алматыдағы Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы Орталық стадион маңына барсаңыз Көлсайға қарай жүретін автобустар тұрады. Ұйымдастырушыға бірден ақысын төлеп, Көлсайға тартып кетсеңіз болады. Әдетте алматылықтар көбіне осы "жолмен" барады. Адам толы автобустар (22.00-23.00 шамасында) Алматыдан шығады. Құлжа трассасымен-Шелек-Бәйсейіт-Сөгеті-Көкпек-Аласа-Жалаңаш бағытында шамамен 280 шақырым жүрген соң Саты ауылына тоқтайды. Жол Жалаңаш ауылына дейін тақтайдай болғанымен, ары қарай ой-шұңқыры көп.

Сатыда тұрғындар үйлерін қонақ үй ретінде жабдықтаған. Алматылық туристік агенттіктердің бұл үйлермен келісімі бар. Ұйымдастырушылар туристерді топтап осы үйлерге түсіреді. Заттарыңызды қойып, таңғы ас ішіп алуға 1 сағаттай уақыт беріледі. Бұдан әрі ауыл ішіндегі белгіленген орынға жиналып, автобустармен Көлсайға тартасыз. Жол шамамен 30-40 минуттай уақыт алады. Көлсай үш көлден тұрады. Бірінші көлден екінші көлге дейін апарып-алып келу үшін жалға ат алуға болады. Оның бағасы шамамен 5 мың теңгенің көлемінде. Немесе атпен бірінші көлдің айналасында серуендеуге болады. Оның сағаты 4 мың теңгенің айналасында. Түскі тамақты көлдің жағасында ішесіз. Кешкі тамақ ішіп, ертесіне Қайыңды көліне аттанасыз. Қайыңдыға дейін жол өте нашар болғандықтан, ауыл тұрғындарының Уазик көлігімен баруға тура келеді. Бұл жерде де екі көл бар. Бірі ортасында қарағайы көкке шаншылған үлкен Қайыңды, екіншісі шағын көл. Шағын көлдің жағасында түскі ас ішуге болады. Мұнда да жалға ат алып серуендеуге, жергілікті адамдардан құрт, май, кілегей сатып алуға болады. Суретке түсіп, көл жағасында серуендеп, кешкі 4 шамасында Саты ауылына қайтып, кешкі тамақтан соң Алматыға қарай шығасыз. Түнімен Алматыға жетесіз. Бірақ көп адамдар мұндай сапардың шаршататынын айтады. 2 күндік демалысыңызды ұмытып қаласыз.

Көлсайда киіз үй, шағын коттедждер де бар. Киіз үйді бір тәулікке 15-20 мыңға, коттедждерді адам басына 8 мың теңгеге жалға аласыз. Ал Қайыңдыға бару үшін Саты ауылынан Нива, Уазик жалдауға тура келеді. Ары-бері адам басына 2 мың теңге жұмсайсыз. Баға жағына келсек әрине өзіңіз барған үнемді. Мысалы, 2 күнге туристік агенттікпен бару мен жеке өзіңіз барғанның арасында агенттіктің комиссиясы, қызметкерлер ақысы қосылады.

8. Қатон-Қарағай

Шығыс Қазақстан облысындағы Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық паркіне барған да, бармаған да арманда. 643 мың гектар аумақты алып жатқан паркке әсіресе жаз айларында ағылатын турист көп. Басынан қар кетпейтін таулар да, құлай аққан сарқырамалар да, ит тұмсығы батпайтын ормандар мен мұзтаулар да осында.

Парк ұжымы бұл жерге бір келген адамның қайта ораларына сенімді. Бүгінде демалыс аймағы "Экспо-2017" халықаралық көрмесіне келген туристер мен қонақтарды да күтуде. Мұнда соңғы 15 жылда келген туристер саны 10 есеге артқан. Әсіресе, белсіздікке дауа іздеген жандар марал мүйізінің сорпасын ішіп, қанына түсуге келеді. Пантының халықаралық нарықтағы  бағасы 1500-2000 доллар. Ал еліміздегі шаруашылықтар оны 200-250 доллардан сатуға мәжбүр. Соңғы 4-5 жылда пантымен емдейтін орталықтар саны көбейді. Қазір Шығыс Қазақстан облысында мұндай 30-ға жуық емдеу-сауықтыру орны бар.

Солардың ішінде "Мараленок, "Нұрбұлақ" атты емдеу-сауықтыру және демалыс орнын айтуға болады. Мысалы, "Мараленок" кешеніне барғыңыз келсе, күніне 16 мың теңге төлейсіз. Оған үш мезгіл тамағы, емі, екі рет маралдың қанына түсетін ванна кіреді. Мұнда келдіңіз екен, кемінде 1 апта аялдауға тура келеді. Әсіресе, маусым, шілде айлары нағыз демалатын және емалатын уақыт. Ал тамыз айында маралдың мүйізін кесуге болмайды екен. Сол сияқты "Нұрбұлақ" кешенінде бір адамға бір күнге 18 мың теңге кетеді. Бұған да жатын орны, тамағы, емі кіреді.

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзi Рахман қайнары. Рахман қайнары өлі су саналады, онда не балық, не жануар тіршілік етпейді. Рахман қайнарының шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының, радонның молдығында. "Рахман бұлағы" шипажайына демалғыңыз келсе, 12 күнге бір орынға 185 мың, ал екі адамдық орныға 180 мың төлейсіз. Ал үш адамдық орынға 12 күнге 173 мың теңге. Сол сияқты коттедждегі екі орынға 12 күнге 220 мың шығындалуыңыз мүмкін. Мұның бәрі эконом санатындағылар.

Мұнда екі кісілік стандарт орындар да бар. Бұл 12 күнге – 35 мың теңге. Сондай-ақ, екі бөлмелік коттедж – 50 мың, 4 орындық люкс нөмірді тәулігіне – 60 мың теңге төлеп демала аласыз. Тіпті, тамақты өзіңізбен апарсаңыз, 6 орындық люкс нөмірге тәулігіне 100 мың теңге төлейсіз.

9. Қарқаралы

Қарқаралы – Қарағанды облысының ең байырғы, әрі мәңгі жас қаласы. Кезінде Қарқаралы арқылы Орта Азиядан Сібірге бағытталған керуен жолдары өткен. Қарқаралыда аты әлемге әйгілі Қоянды жәрмеңкесі сауда-саттық пен мәдениетті дамытуда маңызды рөл атқарды.
Қарқаралы өңірінің ең тамаша суреттемелерінің бірін аса көрнекті ғалым-этнограф, тарихшы, географ Шоқан Уәлиханов жасаған. Қарқаралы туралы жазбаларды ресейлік саяхатшы Г. Потанин де қалдырған. Қарқаралы тарихы ұлы қазақ ағартушысы, ақын-аудармашы, композитор Абай Құнанбаевтың атымен тығыз байланысты. Оның Қарқаралы округының аға сұлтаны болған әкесі Құнанбай қажы мұсылман мешітін салу және қайырымдылық қызметін атқару арқылы өз есімін тарихқа қалдырған. Ұлы Абай тұрған үй қайта жөндеуден өтіп, тарих пен мәдениеттің ескерткішіне айналған.

Қазір Қарқаралыда 10-нан астам демалыс үйлері мен демалыс аймақтары бар. Олардың ішінде АО "Арселор Миттал Темиртау" көмір департаментінің "Шахтер" демалыс үйі, "Сосновый бор", "Тас бұлақ" тау отелі, сауықтыру лагерлері. Паркте 7 табиғи ескерткіш бар: алғашқы адам үңгірі, Шайтанкөл көлі, Бассейн көлі де осында.
Жұрттың бәрі мұндағы суықбұлаққа тамсанады. Ондағы су сәл газдалған және секундына жарты метр күшпен бүлкілдеп тұрады. Қарқаралының таулы өзендері үлкен және кіші Қарқаралы Құрөзек арнасына құйылады. Қарқаралы таулары өздерінің далалық және таулық деп аталатын көлдерімен де аты шыққан.

Бүгінде жұрт Қарқаралының таза ауасымен тыныстау үшін "Тас бұлақ" тау отеліне келуге құмар. Мұнда бөлмені де қалауыңызша алуға болады. Үш мезгіл тамағы мен емі де жолдама бағасына кіреді. Арнайы стандарт бөлмелері 10 күнге 120 мың теңгеге жалдай аласыз.

10. Кендірлі

Маңғыстау облысында Каспийдің жағасында орналасқан "Кендірлі" демалыс аймағы жазғы маусымын әлдеқашан бастап кетті. Мұнда туристердің теңізге түсуі, денсаулығын дұрыстауы және тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Тамылжыған жаз айында жағажайда демалғысы келетіндердің қатары жыл санап өсіп келеді. Биыл "Кендірлі" демалыс орны 20 мыңдай адам қабылдауды жоспарлап отыр. Алғашқы күннің өзінде еліміздің әр өңірінен жүзден астам демалушы келген. Әрине, бұл демалыс орнына еліміздің түкпір-түкпірінен демалушылар барып жатыр десек, өтірік болар. Мұнда  көбінесе осы өңірге жақын облыс пен аймақтардан келушілердің қарасы басым. "Кендірліде" демалушылардың әрбір күнін қызықты өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда демалуға келген адам бір күнге 16 мың теңге төлейді. Оның ішіне 4 мезгіл тамағы, емі кіреді.

Айта кетейік, дүниежүзілік экономикалық форум мамандары жыл сайын туризм және саяхат индустриясын дамыту индексін жариялайды. Биыл  туристік саласы жақсы дамыған ел – Испания деп танылды. Одан кейінгі орындарға Франция мен Германия тұрақтады. Ал Ресей бұл тізімде 43 орынға ие болса, Қазақстан 81-орынға жайғасты.  

Әрине, кім, қайда, қашан демалады өзі біледі. Алайда бір анық бар. Себебі барлығын әмияныңыздағы қаржының көлемі шешеді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу