Донор дауы

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4497

Елімізде мәйіт ағзасының трансплантациясы тығырыққа тіреліп тұр.

Донор дауы

Адам ағзасын заңсыз сатып алды деп айыпталған алматылық Әзізжан Палтаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іске сот нүкте қойды.

Алматы қаласы, Алмалы аудандық қылмыстық істер бойынша судьясы Бейнегүл Кайсина марқұм Ержан Құлбаевтың бүйрегін сатып алғаны үшін Әзізжан Палтаев кінәлі емес деген шешім шығарды. Ержан Құлбаевтың туыстары Әзізжан Палтаевтың туыстарынан моралдық шығын ретінде 16,5 млн  теңге сұраған.  Әзізжан Палтаев бірінші топтағы мүгедек болғандықтан сот қарсы тараптың талабын қанағаттандырмаған.  

Алматыдағы №7 аурухананың  жоспарлы  хирургия бөлімінің меңгерушісі Мұса Сахипов сот процесі кезінде Ержан  Құлбаевтың  Әзізжан Палтаевқа бүйрегін 10 мың АҚШ долларына сатқанын білмегенін айтты. Дәрігер олар   бір-бірін  аталас жағынан алыс туыс деп таныстырғанын жеткізді.

"Бір-біріне донор болуға бел буған адамдарды генетикалық жағынан тексеру бізде ғана емес, әлемде жоқ. Операция алдында екеуінің денсаулығы қан талдамасы арқылы тексерілді. Бір бүйрегі алынғаннан кейін Ержан  Құлбаевтың денсаулығынан ауытқушылық байқалған жоқ. Екеуіне де операцияны мен жасадым. Ержан Құлбаевтың жұбайымен кездесіп, оның да пікірін білдім. Ержанның ағзасын өз еркімен бергені туралы нотариалды құжат бар. Тіпті операция басталардың алдында Ержанмен сөйлесіп, ойлануға  уақыт бар екенін айттым. Екеуі де операцияны жақсы көтерді. Ержан үйге шығуға дайындалып жатқанда жағдайы нашарлап кетті. Содан  қайтадан шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдадық ", – дейді Мұса Сахипов.

Ержан Құлбаевтың мәйітіне жасалған сот-медициналық сараптама нәтижесі  ота жасау кезінде артериальды тамыр талапқа сай оқшауланбағандықтан бос қалған бүйрек қалтасына қан жиналғанын көрсеткен. Отадан  кейін қанның  тоқтамауына  осы жағдай  себеп болған көрінеді. Қазір осының анық-қанығын  құқық қорғау орындарының қызметкерлері тексеріп жатыр.    

Естеріңізге сала кетейік, соңы қайғылы жағдайға ұласқан ота өткен жылы 7 желтоқсанда Алматыдағы № 7 ауруханада жасалған.  Әзізжан Палтаевқа бір бүйрегін өз еркімен берген Ержан Құлбаев 16 желтоқсан аруханадан шығатын күні өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлер науқасқа бірден ота жасаған,  бірақ өмірін сақтап қала алмаған. Донор 2017 жылдың қаңтар айының басында Алматыда №7 ауруханада қайтыс болған.  

2017 жылдың көктемінде бүйрек дертіне шалдыққан Әзізжан Палтаевқа дәрігерлер трансплантациядан басқа амалдың қалмағанын айтқан. Бірге туған бауырларының медициналық талдамасы сәйкес келмеген. Кейін "kz 24 net"

сайтынан марқұм Ержан Құлбаевтың бүйрегін саудаға салған хабарламасын оқып, хабарласқан, кездескен, келісімге келген. Бүйрек үшін төлеуге тиісті  10 мың АҚШ долларының 1100 долларын  ота алдында, қалғанын  отадан кейін беретін болып келіскен.

Ержан Құлбаевтың  әкесі Құлтай Құлбаев сотта баласының бүйрегін сату туралы шешімінен бейхабар болғанын баяндаған. Өткен жылдың желтоқсан айында Ержан әкесіне демалыс алғанын, қалаға барып келетінін айтқан.  Әкесі баласының дүкен ашу үшін банктен несие алғанын, жұмысы жүрмей, несие пайызы өсіп кеткенін, бүйрегін сатып, жағдайын түземек болғанын кейін білген.

"Баламның тұрақты жұмысы болды. Мен жұмыс істеймін, әйелінің аяғы ауыр. Екеуіміздің табысымыз көп болмаса да, несиені өтеуге жетер еді ғой", деп жылады Құлтай Құлбаев.

Соңғы кездері туыстық донор мәсәлесі көп айтылып жүр. Адамдар арасында  "науқас туыстарына бауырларының бірі донор болуы керек" деген көзқарас қалыптасқан. Осыған қатысты транспантолог дәрігер Меруерт Әлпиева: "Адамның ағзасын сау адамнан ажыратып, екінші адамға салудың қауіпті екенін өткен оқиғалардан көріп отырмыз.  Егер мәйіт доноры  арқылы адамның өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік болса, біз неге екінші тәсілге жүгініп, сау адамның кемтар болуына жол беруіміз керек. Адамның бойында  артық  ағза жоқ. Туыстардың бір-біріне ағзаларын мәжбүрліктен береді", дейді дәрігер Меруерт Әлпиева.

Оның пікірінше, бізде халықтың мениталитімен санасу жағы басым.

"Жазда Ақтөбе қайтыс болған жігіттің туыстары дәрігерді  сотқа берді. Бүгінде жұрттың да, соттың да назары адам ағзасын саудалап отырған "kz 24 net " сайтына, тараптар арасындағы келісімді заңдастырған нотариалды кеңсеге емес, дәрігерге қадалып отыр. Дәрігер науқастың өмірін құтқарып қалуға тырысты. Бұл оның міндеті. Құзырлы орган өкілдері дәрігерге шүйліге бергенше, адам ағзасын саудалап отырған сайтты неге жауып тастамайды?"  деді Меруерт Әлпиева.

А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хиургия орталығының бөлім жетекшісі  Равиль Ибрагимовтың айтуынша, 2015 жылы миы өлген 22 адам донор болған. Келесі жылы бұл көрсеткіш 16-дан аспаған. 2012-2016 жылдар аралығында мыңнан астам ағза алмастыру операциясы жасалған. Соның он алтысында ғана ағза мәйіттен алынған.

"Адам көзі тірісінде ресми түрде донорлықтан бас тартпаса, оның ағзасын пайдалануға болады.  Бұл мәйіт донорын заңдастырудағы алғышартың заңнамалық тұғыры", деді  Равиль Ибрагимов.

Қазір ел бойынша 3,6 мың адам бүйрек жеткіліксіздігі бойынша күту қағазында тіркеліп тұр. Бұл ресми дерек. Ал тіркелмей, тағдырдың үкімін күтіп  немесе мәселесін ағза сатып алу арқылы шешуге оқталып жүргендердің саны қанша екенін ешкім білмейді

Меруерт Әлпиеваның айтуынша, қазір Қазақстанның әрбір ауданында   гемодиализ жасайтын медициналық орталық бар. Гемодиализде жүрген әрбір науқасқа ел бюджетінен жыл сайын шамамен 1,5 млн теңге бөлінеді.

Әрбір науқасты гемодиализ жасайтын құрал -жабдықпен қамту үшін айына 150 мың теңге жұмсалады. Мұның сыртында адамның өн бойын шлактардан тазарту, бір рет  ыстық тамақ беру, науқасты үйіне дейін жедел жәрдем көлігімен  жеткізу шығыны бар. Бірінші топтағы әрбір науқасқа күтуші бекітілген. Оның да айлық жалақысы бюджеттен төленеді. 

"Соңғы бірер жылда гемодиализ жасайтын орталықтар тендер арқылы іріктеледі. Қысқасы, адам ағзасының қара базар немесе жасырын каналдар арқылы саудалануынан  пайда көріп отырған топтың бар болуы және олардың мәйіт донорының заңдастырылуына барынша қарсы болуы  әбден мүмкін " – дейді дәрігер Меруерт Әлпиева. 

Транспантолог дәрігер   Дагмара Бетирова "адам өлген соң оның ағзасы жер қойнына бүтін бару керек" деген қасаң қағида мәйіт доноры мәселесінің  алға жылжуына кедергі келтіріп отырғанын алға тартты.

Халқының 100 пайызы ислам дінін ұстанатын Пәкістанда,халқының  40 пайызы мұсылман Үндістанда  бұл мәселе заңдастырылған. Бүйрегі зақымданып, күту қағазына тіркелген науқасқа бір аптада  трансплантация жасалады.  

"Бүйрек дертіне шалдыққан қазақстандықтардың басым көпшілігі жасырын жолмен Пәкістанға барып емделеді деген сөз бар. Себебі 1995 жылдардан бастап Пәкістан мен Үндістан  шетелдіктерге  трансплантациялық ота  жасауды заңмен шектеп тастаған. Бұл қадамға Ресей де барып отыр. Мәйіт доноры заңдастырылған елдер тек өз азаматтарына  ғана ота жасайды. Ал заңсыз барған реципиент операция үстінде қайтыс болып кеткен жағдайда дәрігерлер жауапты болмайды. Қайтыс болған туысының мәйітін елге жеткізу шығынын туыстары көтереді, ал артында қалған туыстары  дәрігерді сотқа бере алмайды. Себебі өздері барлық шартқа алдын ала қол қояды",  дейді Дагмара Бетирова.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу