Донор қала

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2758

Алматы туралы аңыз ақиқатпен астаса ма.

Донор қала

Соңғы кезде Алматы қаласының экономикалық әлеуеті туралы жиі тілге тиек етіліп жүр. Өткенде ғана Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өзінің мәлімдемесінде Алматы қаласының ішкі жалпы өнімін тұтас қырғыз елінің көрсеткішімен салыстырып, шаһардың атағын әп-сәтте аспандатып жіберген.

Ол өз сөзінде: "Бір Алматы қаласының ішкі жалпы өнімі бүкіл Қырғызстанның  ішкі жалпы өнімінен 5%-ға артық. Ал Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Қырғызстан экономикасынан 20 есе көп. Орта есеппен Қазақстанның әр азаматына кіріс 10 еседен көп келеді. Бірақ неге бұл елде зейнетақы бізбен салыстырғанда 1,5 есеге ғана артық. Тарифтер не себепті 5 есе қымбат?.." деген болатын. Ал жақында "Kaktus Media"-ға берген сұхбатында Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко Алматы қаласы мен Қырғызстан мемлекетінің ішкі жалпы өнімі жайында:"Алматының ішкі жалпы өнімі Қырғызстаннан көп, қазақтар жақсы тұра ма, әлде қырғыздар ма және осы секілді тағы да басқа сөздер айтылды ғой. Өзім туып-өскен Алматыда мұнай мұнаралары, мыс пен алюминий цехтары жоқ. Көрген емеспін де. Елімізге Құдайдың өзі сыйлаған, қазір бақуатты тұрмыс кешуімізге кепілдік беріп отырған ресурстардың бәрі Қазақстанның басқа өңірлерінде жатыр. Оның үстіне мемлекеттік бюджетке келіп түсетін бізден жиналатын салықтың біраз бөлігі еліміздің өзге өңірлерін қолдауға жұмсалады. Алматы – донор қала. Қашаннан бері солай. Оған қоса Алматыға жақсы әкім бұйырмай келеді. Алматыны жақсы әкімдер басқарғанда және жиналған салық пен алым дұрыс мақсатқа бөлінгенде Алматы мен Қырғызстанның ішкі жалпы өніміндегі айырмашылық әлдеқайда көп болар еді. Сондықтан мәселе ресурста емес. Қаладан жиналатын жалпы салықтың үштен бірі қаржы секторынан шыққан кезеңдер де болды. 1990 жылдары зейнетақы және қаржы секторларында жүргізілген реформалар Алматының дамуына айырықша серпін берді", – депті.

Қырғыз президентінің де, қаржыгердің де жоғарыдағы мәліметті аспаннан алмағаны белгілі. 2013 жылы Ахметжан Есімов Алматы қаласында әкім болып тұрған тұста: "Алматы қаласының өңірлік жалпы ішкі өнімі Тәжікстаннан – бес есе, Қырғызстаннан – алты есе артық. Алматыда жан басына шаққанда өңірлік жалпы ішкі өнімнің көлемі Чехия, Польша сияқты бірқатар шығыс Еуропа елдерінен асып түседі. Алматының үлесіне республикадағы барлық сауда қызметінің 45%-ы, байланыс және көлік қызметінің 26%-ы тиесілі. Елдегі шағын және орта бизнес субьектілерінің 35 пайызы осында жұмыс істейді. Негізгі қаржы ағыны да Алматы арқылы өтеді. Республиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20%-ға жуық. Бұл экономиканың орнықты дамуы шаһардың республикалық бюджеттің негізгі доноры болуына мүмкіндік беруде",  –  деген пікірі де жадымызда. Ал 2016 жылы қала тұрғындары алдында берген есебінде Бауыржан Байбек: "Алматы – отандық экономиканың ұйытқысы әрі локомотиві, еліміздің рухани ордасы, білім мен ғылымның, мәдениет пен спорт орталығы. Алып шаһар еліміздің ішкі жалпы өнімінің бестен бір бөлігін береді. Жалпы өңірлік өнімнің мөлшері алғаш рет 8,9 трлн теңгеге жетіп, 3%-ға артты. Соңғы 5 жылда қала бюджеті 1,5 есеге өсіп, 486 млрд теңгені құрады", – деген еді.

Бүгінде Алматы өзін-өзі "асырап" отырған қала. Шаһардағы көптеген мәдени ошақтар, кейбір білім ұялары қаланың қаржылық қолдауының арқасында салынған. Оның үстіне "Алматы – қаржы орталығы" деп айдар тағып, айтып жүргеніміз тағы бар. Шын мәнінде Алматы қаласының экономикалық көрсеткіші не дейді? Бір жыл бұрын GaWC деп аталатын әлемдегі ірі қалалардың рейтингінде Алматы қаласы ең төменгі көрсеткішке ие болды. 2016 жылғы қорытынды сараптамада мегаполис 220 қала енген тізімде соңғы орынға табан тіреген және Sufficiency (жеткілікті) тобына енген. Бұл ең төменгі дәрежені білдіреді. 2012 және 2016 жылдар аралығында қаланың рейтингі 100 есеге төмендеді деуге болады. Мысалы 2012 жылы Алматы 135 орында және Beta-тобында және Gamma+ тобындағы Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан бұрын тұрған. Рейтинг көшбасшылары Лондон мен Нью-Йорк.Айта кетейік, GaWC индексі жаһандану бойынша қалалардың дамуын және өзге қалалармен қатынасы қандай екенін көрсетеді. Қалалардың рейтингін анықтауда халықаралық бизнес, тұрақтылық, қала саясаты және логистика сынды факторлар негізге алынады.

Ал статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, көрсеткіш әдеттегідей ауыз толтырарлықтай. 2014 жылы ішкі жалпы өнім 20,9% болса, 2015 жылы  қала ел бюджетіне 1,36 трлн теңге құйған. Яғни бюджеттегі түсімнің 26,3%-ы Алматыға тиесілі. Сол жылы  өнім  өндіру  көлемі 233,9 млрд теңгеге жетсе, негізгі  капиталдық  инвестициа  308,9 млрд теңгені құраған.

Бүгінде Алматы – постиндустриалды орталық ретінде даму үстінде. Мамандардың пікірінше, қаланың негізгі экономикалық көрсеткіші Алатау ауданында ашылған индустриалды аймақ болып табылмақ. 490 гектар аумақты алатын аймақ 20 мың жұмыс орнын ұсынбақшы. Сондай-ақ Алматы қаласын ндустрияландыру картасына 2015-2019 жылдары 80,2 млрд теңгенің 29 жобасы енген. Тағы бір деректе Алматы қаласы бюджетінің негізгі кірісі әдеттегідей әлеуметтік салаларға – білім, денсаулық, халықтың әлеуметтік топтарына қолдау, жұмыспен қамту, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, экологияны және өмір сүру стандартын жақсартуға көзделіп келді делінген.

5 қазанда өткен "Almaty invest – 2017" форумында қала әкімі соңғы екі жылда жеке инвестиция 25%-ға, шетелдік инвестиция көлемі 20%-ға артқанын айтты.

"Соңғы бес жылда қала хал­қының саны екі есеге ұлғайған. Үш миллионға жуық халық шоғырланған мегаполистің экономикалық әлеуеті артып, инвестициялық тартымдылығы да дами түскен. Алматы – бизнес пен жеке капиталдың қаласы. 2016 жылдың Worldwide Cost of Living рейтингісінде Алматы әлемдегі өмір сүруге қолайлы, қымбат емес қалалардың қатарынан табылып, өмір үшін арзан және тартымды мегаполистердің бірі деп танылды. Біз өмір сүру сапасын жақсарту мен қолайлы инвестициялық климатқа ерекше назар аударамыз. Бұл – "Алматы-2020" бағдарламасының негізгі басымдығы. Алматы – қызмет көрсету экономикасы бар ірі қаржылық және туристік тартымды қала. Елбасының қолдауының арқасында тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Алматы экономикасы 100 есеге, тұрғын үй қоры 2 есеге, шағын және орта кәсіпорындар саны 120 есеге өсті. Сауда, қаржы және басқа қызметтер 88%-ды құрайды", – деді Бауыржан Байбек.  

Біз қырғыз басшысы Атамбаев пен экономист-қаржыгер Марченконың пікіріне қатысты мамандардың көзқарасын білуге асықтық. Экономика ғылымдарының докторы, академик-ғалым Оразалы Сәбден Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесіне түбегейлі қарсы.

"Қазақстанның қандай жағдайда екенін мен айтсам, сен айтсаң, қысқасы Қазақстан азаматы айтса, жарасады. Шетел азаматының біздің ішкі жағдайымызға араласуы – нонсенс. Қазақстан президентінің ғана емес, қазақ халқының ар-намысына тиіп отыр. Біз қараңғы, надан халық емеспіз. Бәсекеге қабілетті, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз деп жүрміз. ХХІ ғасырдың талабына сай өсіп келеміз. Өз қиыншылығымыз басқаға емес, өзімізге батуы керек. Бір таң қалғаным, неге біз үнсіз қалдық?.." дейді ол. Сондай-ақ академик-ғалым бүгінде Алматының табысы Қазақстан бюджетінің үштен бірін, яғни ел бюджетінің 26%-ын толтырып отырғанын айтты.

"Алматы – зиялы қауым ордасы, шағын және орта кәсіпкерліктің ортасы, мәдениет пен білімнің ошағы. Алматының мүмкіндігін толық пайдалана алмай жатырмыз. Алматының байығаны – бүкіл ел тұрғындарының еңбегі. Әлі де қаланы дамытатын түрлі жолдар көп. Өзімде де идея, жоба жетеді. Алматы қаласын қаншама азамат басқарып, кетіп жатыр. Бірі өзінің деңгейіне сай жұмыс істесе, енді бірі мүмкіндігін пайдалана алмады. Алматыны кем дегенде парламент төрағасы, премьер-министрдің деңгейіндегі азамат басқаруы керек. Бұл кім болса сол басқаратын қала емес. Бағы жанбай жүрген азаматтар көп. Өкінішке қарай, кім билікке жақын болса, сол әкім болуда. Меніңше жоғарыдан тағайындауды қою керек. Алматы және Астана қаласы әкіміне үміткер ретінде 5 кандидатты ұсыну қажет. Олар қала халқының, парламенттің алдында өз бағдарламасымен шығуы тиіс. Осындай жолмен сайланса, сонда ғана Алматыны көркейтетін әкім келеді. Қаланың көркеюі, өркендеуі, дамуы – әкімнің әлеуетіне, ұстамдылығына, табан бүрінің бұдырына, зиялы қауыммен тіл табыса алуына байланысты. Алматыда жұмыссыз жүрген жастар көп. Егер әкім болсам, соларға шағын және кәсіпкерлік дамыту жобаларын ашып берер едім. Оған көп ақшаның да керегі жоқ. Сондықтан "Қазағым!", "қазақ жастары" деп уайым шегіп, белі қайысып жұмыс істеген әкімді көрген жоқпын" дегенді жеткізді.

Бұл пікірді экономист Рахман Алшанов та құптайды. Оның айтуынша, мұнайы, алтыны, күмісі жоқ Алматыны ұстап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік. "Қаланың инфрақұрылымы жыл сайын жақсаруда. Жергілікті бюджет қаржысына мектеп, балабақша, жаңа жолайрықтар, тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Алматы республикалық бюджетке 25-30% төңірегінде салық құяды. Қалада 700 мың жеңіл көлік бар. Одан түсетін салық тағы бар. Бүгінде шетелдік инвесторлар келіп, зауыт салуда. Сол сияқты қалада қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамыған. Бизнеске оңтайлы жағдай жасалған. Халық кәсіппен айналысудан қорықпайды. Тәуекелшіл. Әкімдік бәріне жол ашып беруде. Ал жалақыны беретін де, қысқартатын да жұмыс беруші. Қысқасы, Алматы әу бастан донор қала. Оны сөзімен де, ісімен де көрсетіп жүр...", –  дейді белгілі экономист Рахман Алшанов.

Соңғы жылдары Алматы қаласының аумағы кеңейіп, көркейіп жатса да, ішкі миграция толқыны бәсеңдемей тұр. Қаланың іргесіне қоныс тепкен отбасының көбі баспанасыз, жұмыссыз. Осы түйткілдің байыбына үңілгенде Алматының қай жері "донор" деуіңіз мүмкін.  Шын мәнінде "донор" қала әуелі өз жыртығын жамап алғаны жөн емес пе?! Әлде Марченко меңзегендей, қала мен қала тұрғындарына шын жаны ашып, бүйрегі бұратын "донор" әкімнің келуін күтеміз бе?

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу