ЕАЭО елдері енді бір-бірінен тығылып тауар импорттамайды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4604

Қытаймен арада өзара мәліметтерді алмаса отырып, мемлекеттік деңгейдегі "көлеңкелі сауданы" азайтып,  сапасыз тауар айналымын да шектеуге мүмкіндік тумақ.

ЕАЭО елдері енді бір-бірінен тығылып тауар импорттамайды

Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қытайдың кеден қызметінің ұйымдастырған электронды сауда бойынша Бірінші халықаралық трансшекаралық конференция аясында Бейжіңде кездескен Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасы өкілдерінің кездесуінде өзара сауда айналымындағы тауар тасымалының қауіпсіздігі, өңірлік деңгейдегі кедендік әкімшіліктің ынтымақтастығы, кедендік бақылау нәтижелерін мойындау, кеден статистикасының мәліметтерімен алмасу, кедендік әкімшілікті жетілдіру секілді мәселелер сөз болды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық кеңестің баспасөз қызметі хабарлап отыр. 

ЕЭК-тің кедендік ықпалдастық бойынша алқа мүшесі (министрі) Мұқай Қадырқұлов пен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы жетекшісі Юй Гуанчжоу өзара тауар айналымы кезіндегі тауар мен көлік құралдары туралы электронды ақпарат алмасу туралы келісім жобасын талқылады. Кездесу барысында кеден саласындағы ҚХР мен ЕАЭО арасындағы өзара ұйымдастыру-техникалық және процедуралық мәселелер, ЕАЭО кеңістігінде "Бір белдеу, бір жол" бастамасы, кедендік әкімшілікті жетілдіру мен сауда процедурасын жеңілдету жайы да сөз болды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жаңадан ортақ Кеден кодексі күшіне енген еді. Қытай тарабы аталған кодексті жоғары бағалап отыр. Сонымен қатар, Қытайдың кеден қызметі жетекшісі жаңа кодексте Қытай мен ЕАЭО-ның құзіретті экономикалық операторларының құқықтық мәртебесін бірлесе мойындалуын реттейтін норманың да енгізілгенін қалайтындықтарын жасырмады.

Еуразиялық экономикалық кеңестің хабарлауынша, қазіргі таңда комиссия Қытай Халық Республикасымен ақпарат алмасу жұмыстарын ұйымдастыру шараларын қолға алуда. Мұндай келісім өз кезегінде одақтың кеден шекарасынан өткен тауар айналымын барынша мұқият бақылауға, одаққа мүше бес елге Қытай импортына толыққанды бақылауға алғышарт қалыптастыруға және импорттың одақ елдері ішіндегі айналымын бақылауға  мүмкіндік бермек.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Қазақстан мен Қырғыз арасындағы шекара дағдарысының бір себебі де осы заңсыз тауар айналымы еді. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз үкіметін қытайлық импортты бақылауды ұстамайды деп кінәлаған еді. Отандық ақпарат құралдары сол кезде Еуразиялық экономикалық одақтың мына мәліметін алға тартқан еді. Комиссияның мәліметінше, Қытай 2015 жылы Қырғыз еліне 4,3 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Ал қырғыз үкіметі бұл көрсеткішті 1 млрд доллар деп көрсеткен. Осылайша, Қазақ үкіметі көршілес елді ортақ кедендік шекара миллиардтаған тауардың салығынан айырып отыр деп айыптаған. Шынымен де, Қырғыз үкіметінің берген мәліметі мен Дүниежүзілік банк мағлұматы арасында айтарлықтай алшақтық байқалып отыр. Мәселен, 2012-2016 жылдар аралығында Қытайдың Қырғызға сатқан тауар көлемін Қырғыз үкіметі жыл сайын 1-1,3 млрд доллар деп көрсетсе, Дүниежүзілік банк бұл көрсеткішті жыл сайын шамамен 5 млрд доллар айналасында деп хабарлайды.

Дей тұрғанмен, одақтасын айыптаған Қазақ үкіметінің де өзіне қатысты таратқан мәліметін де дұп-дұрыс деп айтуға келмейді. Қазақ үкіметінің ресми мәліметінше, 2012 жылы біз Қытайдан 7 млрд доллардан астамға, 2013 жылы 8 млрд доллардың үстінде, 2014 жылы шамамен 7 млрд долларға, ал 2015 жылы 5 млрд долларға тауар импорттаппыз. Ал Дүниежүзілік банк бұл мәліметтің жалған екенін әшкерелеп отыр. Яғни, банктың хабарлауынша, бұл көрсеткіштер 2012 жылы шамамен 11 млрд, 2013 жылы 12 млрд доллардың үстінде, 2014 жылы 13 млрд, ал 2015 жылы 8,5 млрд шамасында болған. Яғни, Қазақ тарабы аталған уақыт аралығында одақтас елдерінен жыл сайын кемі 3 млрд доллардың импортын жасырып келген.

Тек Ресей Федерациясы ғана одақтастарына адал көрінеді. 2014 жылы ғана 6 млрд долларды "кем есептегені" болмаса, басқа уақыттары орыстың берген мәліметі басқа да халықаралық ұйымдардың есебімен сәйкес келеді.

Осыған қарағанда кеден саласындағы мәліметтерге қатысты жаңа ақпараттық ынтымақтастықтың да бастамашысы Ресей болғанға ұқсайды. ЕЭК хабарлауынша, енді Қытаймен арада өзара мәліметтерді алмаса отырып, мемлекеттік деңгейдегі "көлеңкелі сауданы" азайтып, сонымен қатар сапасыз тауар айналымын да шектеуге мүмкіндік тумақ. Бұл өз кезегінде одақ елдерінің экономикалық жағдайына да оң ықпал етеді деген үміт бар. Қазіргі таңда аталған келісім одақтың бес елі мен Қытайдың мемлекетішілік келісімін алу кезеңінде жатыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу