ЕАЭО қаржы нарығын біріктіру туралы келісімге қол қойды

4544

"Ереван келісімі қоғамның көзқарасын барлауға бағытталған кезекті айла-шарғы ғана" дейді сарапшылар.

ЕАЭО қаржы нарығын біріктіру туралы келісімге қол қойды

ЕАЭО және бірыңғай валюта туралы мәселеге ашық түрде нүкте қоюға талпынған жиын Ереванда өткенін айта кетейік.

Бұл жиында одаққа мүше елдер қаржы нарығына қатысты қолданыста жүрген заңдарды унификациялау туралы келісімге қол қойды. Жиын барысы жабық есік жағдайында өткендіктен, ондағы қаралған мәселелер де әзірге құпия. ЕАЭО-тың ресми сайтында жарияланған ақпаратта "Мүше мемлекеттер арасында сауда-саттықты ұлттық валютамен жүргізу туралы сөз болды" деген хабарлама ғана бар.

Бірақ бұл жиынға ЕАЭО елдерінің қаржы индустриясы үлкен дайындықпен келгенін енді біліп отырмыз. Осы жылдың қыркүйек айының бас кезінде "Известия" газеті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер одақ мүшелерінің біріне үшінші бір тараптың санкциялары салынған жағдайда экономикалық қиындық тумас үшін бірлесіп шара қолданудың жолдарын іздестіріп жатқанын жазды. ЕЭК-тің сауда жөніндегі министрі Вероника Никишинаның айтуынша, бұл мәселе қазір Парламентаралық кеңесте талқыланып жатқан көрінеді.

Жиын басталар алдында Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов "rosbalt.ru" тілшісімен кездескен кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымының 75 пайызы Ресейдің үлесінде екенін айтып, қаржы нарығындағы заңнамаларды біріктірудің өзектілігін тағы да еске салды. Ал апта басында Арменияның вице-премьері Мгер Григорян ЕАЭО елдерінің бірыңғай валютаға өту мүмкіндігі туралы сөз етті. Сөзбе-сөз аударатын болсақ "Экономикалық одақтар бірыңғай валютамен жұмыс істемесе, оның тиімділігі аз болады. Бұл процестің өзектілігін бәріміз сезіп отырмыз және бұл бағыттағы әрекеттер барынша белсенді болып келе жатыр", – дейді Мгер Григорян.

Осыған дейін ортақ валюта тақырыбына табанды түрде қарсылық танытып келген Армения өкілінің бұл пікірін қалай түсінуге болады? Ресей одақтастарының келісімінсіз ортақ валютаны зорлап енгізеді ме?

Сауал көп. Ал осы жазда Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ресейлік журналистермен кездескен кезінде "Біз ұзақ уақыттан бері ортақ қаржы нарығының тұжырымдамасын талқылап келе жатырмыз. ЕАЭО келісіміне сәйкес елдеріміздің алдында 2025 жылға қарай қаржы нарығында көп ұлтты орган құру міндеті тұр. Болашақта қаржы нарығына қатысушылардың бір-біріміздің нарықтарына қол жеткізуін қалай қамтамасыз ететін боламыз" деген болатын.

Ұлттық банк төрағасының мұндай пікірінен кейін Ереван бас қосуында Қазақстанның ұстанымының қандай болғанын білу үшін сарапшы немесе сәуегей болудың қажеті жоқ.

Сарапшылар "бұл мәселеде бізге асығуға болмайды" деген пікірді кеше де айтқан, бүгін де айтып жатыр.

Экономист Айдархан Құсайынов ЕАЭО-ның қаржы нарығында бірыңғай валютаның пайда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ "әзірге қажет емес" деген пікірін ашық айтып отыр. Экономистің пікірінше, ортақ валюта мен саяси кеңістіктіктің ара-жігін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бұл мәселе көтерілер болса, міндетті түрде эмиссиондық орталық ақша қай елде басылды?" деген мәселе туындайды.

"Бұл жерде еуро валютаның тарихымен салыстырудың керегі жоқ. Еуровалюта егемендіктің бір бөлігін ұлттық сипаттан жоғары тұрған органға беруге саяси шешімдер қабылданғаннан кейін ғана пайда болды. Бастапқы кезде "мүше мемлекеттер өз ішінде ұлттық валютасын қолданып, ЕАЭО елдерімен байланыста ортақ валюта қолданады" деген шешімдер болуы мүмкін. Бірақ мен одан үміт күтіп отырған жоқпын", – дейді Айдархан Құсайынов.

Сарапшылар бірауыздан Ресейдің сыртқы саудадағы ең ірі әріптесіміз екенін, бірақ қаржы нарығында дербес саясат жүргізу қажет екенімізді айтып отыр. Экономикамызды дамытсақ, әртараптандырсақ, тек Ресей бағыты емес, Үндістан, одан ары Таяу Шығыс елдерін де бетке алуымыз мүмкін. Іргеміздегі Өзбекстанның Қазақстанмен шекарада Қорғас бекеті сияқты сауда нүктесін салу туралы ұсынысы да біздің мүмкіндігіміздің Ресейге немесе ЕАЭО елдеріне байланып қалмағанын көрсетеді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы бізбен әңгімесінде "мүше мемлекеттер өз ішінде ұлттық валютасын қолданып, ЕАЭО елдерімен байланыста ортақ валюта қолданады" деген пікірді ары қарай тарқатты. Оның пайымдауынша, мұндай тәжірибені біздің ел латын әрпін тек қазақ тілділерге міндеттеп, өзгелерді кирилицадан айырмау туралы ұсынысымен-ақ қолдауға дайын екенін байқатып қойған.

"Ресей 2014 жылдың аяғынан бастап рубльді еркін айналымға жіберді. Беларусь 2015 жылдың басынан бастап жіберді. Қазақстан бұл процесті 2015 жылға дейін созып келді. Теңгенің рубльге қатысты бағамы күшейген немесе әлсіреген кездері көп болды. Бірақ бұл фактор Қазақстанның пайдасына шешілген жоқ", – дейді Расул Жұмалы.

Мұнай бағасы және макроэкономикалық көрсеткіштердегі дағдарыс тек Қазақстанға ғана емес, ЕАЭО елдерінің бәріне әсерін тигізді. Мұнайға деген тәуелділіктен арылу үшін бюджеттік жоспарлауға өзгерістер енгізу керектігі сезіле бастады.

"Ресей 2020 жылдан бастап бюджетті мұнай бағасына қарай бейімдеуді қолға алады. Бұл дегеніңіз бюджеттерін біздегідей құбылмалы мұнай бағасына емес, мұнай баррелі 40 АҚШ долларына қарап жоспарлайды. Бұл өзгермейді. Егер мұнай бағасы 40 АҚШ долларынан асып кетсе, артық түсім түрлі қорларға аударылады", – дейді Расул Жұмалы.

Расул Жұмалының айтуынша, ЕАЭО елдері ортақ қаржы нарығына кіруге әлі дайын емес, Ереван келісімі қоғамның көзқарасын барлауға бағыттылған кезекті айла-шарғы ғана. Қазір бұл идеяның ЕАЭО елдері үшін өзектілігі соншалықты маңызды емес.

"Ресей мен Беларусьтегі технологиялық дамуды Қазақстанмен салыстыра алмайсың. Қазақстандағы дамуды Қырғызстанмен салыстыруға болмайды. Қазір ортақ нарық құру үшін банк секторына, экономикаға цифрлы технологияның мүмкіндігін кіргізу керек. Бұл өте қымбат технология. РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев осы көктемде Алматыға келгенде әрбір ел қалтасына бір қарап алу керектігін ескертті. Қазір ЕАЭО үшін ортақ қаржы нарығы емес, экономикасын алдыңғы қатарлы технологиямен жабдықтау маңызды. Бұл ортақ қаржы нарығымен салыстырғанда бірнеше есе көп пайда алып келеді", – дейді Расул Жұмалы.

Қазақстандық қаржыгер Ғалым Байназаров өзара есеп айырысуды өз ұлттық валюталарымен жүргізуді қолға ала бастаған елдердің қатары көбейіп келе жатқанын айтады. АҚШ долларына №1 әлемдік валюта деп қарау – әлемдік тренд. Бізге қазір ЕАЭО-ның ортақ валютасы емес, АҚШ долларымен жұмыс істеу тиімді. Еуро мен қытай юані де күш алып келеді.

"Макроэкономикалық тұрақтылық үшін инфляциядағы тұрақтылық қана емес, барынша айқын қаржылық саясат та маңызды. ЕАЭО-ға мүше елдер инфляцияның ең төменгі деңгейі ортақ валютаға емес, елдеріміздің арасындағы қаржылық саясаттың дұрыстығына тәуелді екенін түсінуге тиіс. Сол кезде ортақ валютамен емес, ұлттық валюталарымен жұмыс істеу тиімді екенін түсінеді", – дейді Ғалым Байназаров.

Баршын Айтжанбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу