ЕАЭО шеңберінде есеп айырысуға Ресей дайын болғанмен, өзге елдер дайын емес

3602

Кейбір сарапшылар көрші елдің қазіргі әрекетін "не бел кетеді, не белбеу кетеді" дегенге көбірек ұқсап бара жатқанын айтып жатыр.

ЕАЭО шеңберінде есеп айырысуға Ресей дайын болғанмен, өзге елдер дайын емес

Қазан айында Ереванда жасалған Қаржы нарығындағы заңнамаларды унификациялау туралы келісімнің жаңғырығы Астанада да сезілді. РФ вице-премьері, қаржы министрі Антон Силуанов 3 қараша күні Мәскеуде Ресей Қазақстанмен ұлттық валютада сауда жасауды 70 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеді.

"Біздің елдеріміз арасында бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Тек соңғы жылы ғана ол 60 пайызға жетті. Ендігі меже – 70 пайыз", – деді Антон Силуанов.

Ресейдің қаржы министрінің мұндай мәлімдемені батылырақ айтуына екі елдің премьер-министрлерінің соңғы кездесулерінің қортындысы себеп болып отыр. Оның пайымдауынша, қазіргі 63 пайыздың өзі жетістік екен. Тек 2017 жылы ғана екі ел арасындағы сауда айналымы 17 млрд АҚШ долларына жеткен. Жылдық өсім алдын-ала болжанған 9 пайызды емес, 9,5 пайызды көрсетіпті.

"Жыл аяғына дейін 10 пайызға жетеміз деген үміт бар", – деді ол жиын қортындысы бойынша журналистермен кездескен кезде.

Ресей сарапшылары ЕАЭО аясында ресей рублімен, қазақ теңгесімен, беларусь рублімен, армян драмымен, қырғыз сомымен есеп айырысуға жеделдетіп көшу қажеттігін екі-үш жылдан бері айтып келеді. Федерация Кеңесінің экономикалық саясат жөніндегі комитетінің мүшесі Евгения Тарло "доллардың эмиссиясы қазір өте үлкен, Америка экономикасына құлдырау қаупі төніп тұр. Олар мұны долларды қымбаттату арқылы жапқысы келеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында доллар мен еуро арқылы төлем жасауды азайта бастау керек" дейді.

Экономист Шыңғыс Ергөбек валюталық интеграцияның тереңдеуін егемендіктің шектелуі деп қарастыруға болатынын айтады. ТМД елдерінде ұлттық валюталары тұрақты елдер аз. Кәсіпкерлердің басым көпшілігі тұрақсыз валютаға емес, тұрақты валютамен сауда жасауға басымдық береді. Олар рубль мен теңгенің тәуекелін мойнымен көтеруге әлі дайын емес.

"Статис­ти­ка­лық мәліметтер ЕАЭО шеңберінде өзара сауданың төмендегенін байқатады. Бұл ЕАЭО ұлттық валюталарының әлем­дік валюталарға бәсекелестік факторы ретінде әлеуетінің төмен­дігін көрсетеді. Сауданың көлемі рубльдің немесе теңгенің баға­мын көте­руге немесе ықпал ету аймағын кеңейтуге әсер ете алмай отыр. Өзара сауданы ұлттық валюталарда жүргізу ұлттық эко­номиканың өркендеуі үшін қажетті шетелдік валю­таның ұлттық на­рыққа келуіне кедергі жасайды. ЕАЭО көп­шілігі өзінің алтын қорларының айтарлықтай бөлігін шетелдік ва­лютада ұстайды. Шетелдік валютаның нарыққа ке­луінің азаюы нарықта валюта тапшылығын тудыруы мүмкін. ТМД аумағындағылардың көпшілігі шикізат экспорттаушы мемлекеттер. ЕАЭО жағдайында өзара сауда ұлттық валюталармен жүзеге асы­рылса, дамыған мем­ле­кеттің ұлттық валютасының басымдығы орнауы мүмкін. Қытай мен Ресей арасындағы өзара сауданың 80 пайызы қытай юанімен жасалады", – дейді Шыңғыс Ергөбек.

Сарапшылар рубль, доллар және юань бағамының 2017-2018 жылдар арасындағы динамикасына назар аудара бастады.

Ұлттық банк сайтындағы мәліметтердан дайындалды

Сарапшылар дәл осы жағдайда, Қазақстан мен Ресей саудасында соңғы нәтиже екінші елдің пайдасына шешілетінін айтады. Демек, бұл ЕАЭО шеңберінде Ресей экономикасын көтеруге және үстемдігін орнатуға бағытталған.

Қазақстандық қаржыгер Ілияс Исаев РФ мен Қазақстан ЕАЭО шеңберінде валюталық интеграцияны қолдан келгенше жылдамдатуға, ал өзге қатысушы елдер созуға тырысып жатқанын айтты. ЕАЭО шеңберінде есеп айрысуға Ресей дайын болғанмен, өзге елдер дайын емес

"Бұл халықаралық экономика талаптарына сай келмейді. Бұл тек теория ғана. Доллар мен еуродан бас тартуға АҚШ пен ЕО елдері жол бермейді. Мұның соңы экономикалық соғысқа ұласып кетуі мүмкін. Санкциялар құрсауына басымызды өзіміз барып тыққанмен бірдей болады", – дейді Ілияс Исаев.

Ілияс Исаев сыртқы ықпалдардан құтылу үшін ұлттық валютамен есеп айырысқанды қолдауға болатынын айтады. Бірақ бұл жерде қай мемлекет күшті болса, соның ақшасы басымдыққа ие болады.

"Ресей рубльге үміт артып, рубльді үкілеп отыр. ЕАЭО шеңберінде рубльдің күш алуы өзге мү­ше елдерге қалай әсер ететінін алдын ала сараптап алған дұрыс. Әзірге бізге тиімдісі – доллар, евро немесе юань. Бұлар әлемдік ре­зервтік валюталар", – дейді Ілияс Исаев.

Бірақ Ресей алған бетінен қайтар емес. Кейбір сарапшылар көрші елдің қазіргі әрекетін "не бел кетеді, не белбеу кетеді" дегенге көбірек ұқсап бара жатқанын айтып жатыр. РФ президенті 2018 жылы осымен екінші рет интеграцияның екінші кезеңі – валюта одағы екенін жария етіп отыр.

Ресейдің Орталық банкіне рубльдің құнын өз деңгейде ұстап тұру қиын екені жасырын болмай қалды. Қараша айының басынан бері Орталық банк рубльді ұстап тұру үшін 500 млн доллар жоғалтқанын ақпарат құралдары мәлім етті. Осыған дейін де РФ Орталық банкі рубльдің құнын әлсіретпеу үшін алтын-валюта қорынан бірнеше рет қаржы алған.

Ресейлік БАҚ рубльдің құнын одан әрі түсірмеу туралы сарапшылардың пікірлерін көптеп жариялап жүр. Сарапшылар алтын-валюта қорын әртараптандырып, ЕАЭО елдерінің ұлттық валюталарымен жүргізуді, доллар мен еуроның айналымын шектеу туралы ұсыныстарды жиі айтып кетті. Бірақ бұлардың бірде-бірі рубльді құлдыраудан алып шыға алмайды екен. Себебі елдің монетарлық саясаты ресей рубліне өз дегенін жүргізе алмайтыны белгілі болып қалды. Қаржыгер Ілияс Исаев Ресейдің қазіргі жағдайы АҚШ пен Батыс елдеріне де оңайға соқпайтынын айтады. Басқаша айтқанда рубльдің құлдырауы Батыс елдеріне қауіп төндіріп тұр. Себебі көршіміздің сырт елдерден алған мемлекеттік қарызы 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 529,1 млрд АҚШ долларымен тоқтаған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға көп.

Еуропаның кейбір банктері Ресейге ірі көлемді тауар экспорттайтын компанияларына жеңілдікпен несие беруді тоқтатты. Себеп – Ресейдің қарызды қайтара алмау күдігінің қоюлануы. Ресейдің корпоративтік ішкі қарызының өзі жыл сайын өсіп барады. Ресейдің сарапшы маманы Анатолий Болюх өзінің жазбалары арқылы "Импорт-экспорт тежелді. Капиталдың жылыстауы да үдеп барады. Ресей әр тоқсан сайын 50 млрд доллар, бір жылда 200 млрд доллар қаржыны жоғалту қаупі төніп тұр" деп жазды.

Баршын Айтжанбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу