"Барометр" маркетингтік зерттеу орталығының мәліметінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығында пайдаланылатын техниканың 98 пайызы өзге елден әкелінген. Бізде ауылшаруашылығы техникасын шығару және оны сату жүйесі толық қалыптаспаған. Еліміздің аграршылары Қазақстанда жасалған техникамен бар-жоғы 2 пайызға ғана қамтамасыз етіледі екен. Аталмыш зерттеу орталығының сарапшы-маманы Дәурен Арын үйлестіру жұмыстарының төмендігі саланы дамытпай отырғанын айтады.
Оның пайымдауынша, қазір әлем бойынша агротехника шығаратын фирмалардың саны артып келеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлі саусақпен санарлықтай.
"Қазір агротехникалармен қамтамасыз етуде Ресей мен Беларуське тәуелді болып қалдық. Егіс алқаптарында жүрген техникалардың басым бөлігі осы екі елден әкелінген. Негізінде, әлем бойынша агротехника шығаратын фирмалардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Ал еліміз бойынша Беларусь үлгісіндегі трактор құрастыратын Семейдегі "СемАз", комбайн құрастыратын Қостанайдағы "Есіл", Көкшетаудағы "Вектор" кәсіпорындарын ғана мысал ете аламыз. Үш кәсіпорын әрқайсысы жылына 800 трактор, 100 комбайн шығарады", – дейді сарапшы Дәурен Арын.
Сызбада көрсетілгендей, егіс алқаптарында жүрген техниканың басым бөлігі сырттан әкелінген, әйтсе де олардың барлығы бірдей сапалы емес. Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов "қанша тырмыссақ та соңғы бес жылда диқандарды сапалы техникамен толық қамти алмай отырмыз" дегенді алға тартты.
"Мәселен, беларусьтер бізге тракторларын сатарда техникалық мінездемесін асыра мақтайды. Бірақ Қостанай өңіріндегі диқандардың көпшілігі олардың техникаларының сапасы нашарлап кеткенін алға тартады. Меніңше, Ресей мен Беларусьтен техника жеткізетін кәсіпорындарға лизингтік жеңілдік бергенше, отандық кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсету керек. Бізде қазір сонау Кеңес үкіметінен қалған ескі техникаларды есепке алғанда ұзын саны 154 мың трактор, 46 мың комбайн бар делінеді. Сапалы өнім алу үшін жыл сайын қолда бар 154 мың тракторға – 12 мың трактор, 46 мың комбайнға – 3 мың комбайн қосылып отыруы керек. Өкінішке қарай, мұндай межені бағындыра алмай отырмыз", – деді экономист-ғалым.
Маман алға тартып отырған, жыл сайын қолда бар агротехникаларға қосымша тағы қанша техника алынып отыру керектігін арнайы сызбамен көрсеттік.
Жалпы, деректерге жүгінсек, 2017 жылы өзге елден ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 158 млрд теңгедей қаржы жұмсалыпты. Қазір Қазақстан бойынша 149,1 млн гектар ауылшаруашылығы жерлері бар. Оның 25,7 млн гектары – егістік жер, 3,6 млн гектары – шабындық 103,5 млн гектары жайылымдық жер. Бұған қатысты экономист-сарапшы Марал Төртенова, ауылшаруашылығы жерлерін өңдеу үшін де, шабындық жерлерден сапалы өнім алу үшін де техника сапалы болуы керектігін және отандық техника шығару көлемін арттыру қажеттігін алға тартты.
"Қазақстанда жыл сайын агроөнім шығару көлемі артып келеді. Бірақ сол өнімдерді жиып-теру кезінде шаруалар қиналады. Себебі мал азығын дайындайын десе, техника жағы кемшін. Техниканың саны бар, сапасы әлсіз. Агротехникаларды лизингпен, яғни жеңілдікпен беру жағын әлі жетілдіре алмай келеміз. Бізде Ресей мен Беларусьтің агротехникалары ғана лизингпен беріледі. Себебі олардың бағасы Германияның, Қытайдың, Түркияның техникаларына қарағанда арзандау. Ал отандық техника шығаратын кәсіпорындар әлі нарықты толық қамтитын жағдайға жеткен жоқ. Аграрлық сала инвесторлар үшін тартымсыз сала болғандықтан, шетелдіктер агротехника жасауға қатысты Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын құруға ынталы емес. Болашақта осы салаға мемлекеттік қолдау көрсету өте маңызды. 1990 жылдары елде агротехника көбірек болған. Себебі ол кездері Кеңес өкіметінен қалған техника әлі де қолданыста болды. 2000 жылдан бастап бұл салада тоқырау басталып, содан бері аталмыш сала еңсесін тіктей алмай келеді. Негізі астық жинайтын комбайндардың қолдану мерзімі 13 жыл, нормативтік пайдалану мерзімі 8-9 жыл болуы керек. Біздің егіс алқаптарымызда қолдану мерзімі 20 жылдан асып кеткен техникалар жүр. Елде ескі агротехниканы утилизациялау жағы мүлде жетілмеген", – деп атап өтті Марал Төртенова.
Қарлығаш Зарыққанқызы