Эколог отандық алпауыттардың зұлмат құпиясын ашты

13330

Экологияны бүлдіру министрлігі жұмыс істеп жатыр.  

Эколог отандық алпауыттардың зұлмат құпиясын ашты

Атыраулық белсенді, "Атамекен Эко" қорының төрағасы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің эко-амбассадоры Арман Хайруллиннің мәлімдеуінше, қоршаған ортаны қорғауға тиісті меморган керісінше, ірі кәсіпорындардың соның бүлдіруіне кең өріс ашып беріп отыр. Ол "алдымен – экономика, содан кейін – саясат" деген ұранмен билік экологияны кезектің ең соңына ысырып шығарғанына наразы. Оның байламынша, қазір-ақ жұмсап жіберуге болатын бір мезеттік табыспен елігіп кеткен Үкімет болашақ ұрпаққа ласталған табиғат пен жарамсыз генофонд қалдыратынын түсінбейді.

"Бүгінде экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушылар үшін эмиссияның, яғни ауаны ластаудың тым үлкен лимиттерін беруде. Осыдан олар еркінсиді, есіреді, халықтың денсаулығына пысқырмайды, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге ынтасыз. Мысалы, "ТШО" компаниясы биылғы І жартыжылдықта 28 мың тонна улы затты айналасына лақтырды. Ал оған министрлік 120,537 мың тоннаға жылдық лимит берген! "Қашаған" алып кен орнын игеруші NCOC-қа ведомство 108,348 мың тонна лимит ұсынды, консорциум оның әзірге 11,6%-ын пайдаланды. Атырау МӨЗ-і осы кезеңде ауа мен жерге 6,025 мың тонна улы химикат тастады. Оған мемлекет биыл 20,123 мың тонна у төгуге рұқсат етті. Табиғатты бүлдіріп жатқан барлық ірі кәсіпорындардың лимиттері алапат!" – дейді Арман Хайруллин.

Сарапшы экологиялық қадағалауға жататын І-ші санаттағы кәсіпорындардың лимитіне талдау жасай келе, олардың бәрі қоршаған ортаны ластау үшін 3–4 есе артық эмиссиялық өтініш беретінін байқапты. Экология министрі олардың қолын қақпайды, дегенін береді.

"Осындай үлкен буфер кез келген авария немесе жоспарланбаған шығарынды болғанда оларға қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуге мүмкіндік береді. Өйткені табиғат, жан-жануар және адамдарды қалай уласа да, лимиті зор. Сондықтан министрлікке бұл лимиттерді төмендетуді ұсындық. Қалайша? Әрбір кәсіпорынның әр жылдағы зиянды шығарындылары көлемін алу керек те, соның негізінде орташа көрсеткішті шығару қажет. Өндірісін арттыра алу үшін лимит үстіне 10 пайыз қосымша үстемелеуге болады. Ал жергілікті мәслихаттарға эмиссия үшін ставканы көтеруді ұсынамыз. Сонда бюджет те жақсы толығады", – дейді эко-амбассадор.

Елді улаудың жазасы маска тақпаудан жеңіл

Дегенмен жергілікті депутаттар бұған бара бермейді: инвестор кетіп қалады деп қорқады. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығы төмендеуі мүмкін. Бұл – әкімнің рейтингіне тікелей әсер ететін индекс.

Мысалы, жерінің астындағы қазба байлықты көсіп алып жатқан кәсіпорындары көп Атырауда облыстық мәслихат 2018 жылғы шешімімен қоршаған ортаға эмиссияның ставкасын бекіткен. Оған сәйкес зиянды кәсіпорын айналасына азот диоксидінің тұтас тоннасын тастаса, ол үшін 200 АЕК не 555 мың теңге ғана төлем төлейді.

Енді салыстырыңыз: егер дүкен, кеңсе ішінде қызметкерлер не клиенттер маскасыз жүргенін тіркесе, "Қазақстан халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұздың" деп, шағын кәсіпкерлерге – 230 АЕК (638,9 мың теңге),  орта кәсіпкерлік нысандарына – 310 АЕК (861,2 мың теңге), ірі кәсіпорындарға – 1 600 айлық есептік көрсеткіш (4 миллион 444,8 мың теңге) айыппұл салады. 1 тонна аса қауіпті азот диоксидін лақтырса – 555 мың теңге төлеммен құтылады, адамдар жай бетперде тақпаса – 4,4 миллион теңге айыппұлмен жазалайды. Биліктің екіжүзділігі де осы емес пе?

"Тіпті, күкірт диоксидін тастаса да, төлем 200 АЕК қана. Содан бір рет небәрі 3,2 миллион теңгені төлей салып, компаниялар алау арқылы күкіртті сутек секілді өте залалды уды атмосфераға батыл лақтыра береді. Бұған күлейік пе, жылайық па? Ал менменсіген магнаттар мәслихаттардағы жомарт депутаттардың арқасында арзанқол лимиттер алып, тайраңдап жүреді. Шенеуніктер жылына бірнеше рет планетамыздағы ең таза орындарға барып демалып қайтар. Ал өмір-бақи осында тапжылмай отыратын бұқараның өмірі мен денсаулығын осынша арзан бағалап отырғаны қынжылтады", – дейді А.Хайруллин.

Энергетика министрлігі экологияға әмір етеді

"Жалпы "Қазгидрометтің" мәліметтері халықта да, қоғам белсенділерінде де ешқандай сенім тудырмайды. Өйткені оның жарақтандырылуы өте нашар, ескі құрал-жабдықты пайдаланады. "Қазгидрометті" толығымен модернизациялап, материалдық-техникалық жабдықтап, қуатты құрылымға айналдыру керек. Мысалы, оның Атыраудағы құзырлы құрылымы NCOC пен Атырау МӨЗ-інің датчиктері көрсететін ақпаратты пайдаланады. Мұнысы енді еш қисынға жатпайды. Ауамызды ластап отырғандар өз жағдайын нашарлатар ақпарат бермесі сөзсіз. Бұл кесір тәжірибені тоқтату керек", – дейді эколог.

Оның айтуынша, 90-шы жылдардан бері жер қойнауын пайдаланушылар 4 миллион тоннадан астам улы заттарды ауа мен жерге тастады. Мұны, тіпті, Хиросима-Нагасакиге тасталған атом бомбаларымен салыстыруға болмайды: залалды шығарынды барлық өңірімізде лақтырылуда. 

Көңілсіз жайт сол, экология ведомствосы лимит бекіткенде инвесторлар тартуға жауапты өзге меморгандар шешімін басшылыққа алады екен.

"Көмірсутек шикізатын өндіру кезінде атмосфералық ауаны ластауға шикі газды жағу негізгі үлес қосады, оның үлесі – 70%. Оны жақпау технологиялық тұрғыдан мүмкін емес. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің 146-бабына сәйкес, шикі газды алауларда жағуға мұнай-газ саласындағы уәкілетті органның (Энергетика министрлігінің) рұқсаты бойынша жол беріледі. Ластаушы заттардың шығарындыларын есептеу үшін көмірсутек саласындағы осы уәкілетті органның рұқсатнамасында және шикі газды өңдеу бағдарламасындағы көрсетілген деректер алынады", – деді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Ол "Қазгидрометтің" барлық жабдығы тексеруден өткенін, техникалық реттеу саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келетінін жеткізді.

"Оның аспаптар паркі физикалық және моральдық тозуына қарай жаңартылып отырады. "Қазгидрометтің" Атырау облысындағы филиалының автоматты станциялары мен лабораториялары заманауи жоғары дәлдікті аспаптармен жарақталған. "Қазгидромет" Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасы бойынша NCOC пен Атырау МӨЗ-інің станцияларынан ақпарат алатыны рас, бірақ ол деректер халықты және меморганарды ақпараттандыру үшін ғана пайдаланылады. Бүгінде Атырау қаласында ауаға 17 станция мониторинг жүргізеді, оның 5-еуі – "Қазгидрометтікі", 4-еуі – "АМӨЗ", 8-і – NCOC-тікі. Келесі 2021 жылы "Қазгидромет" Атырауда, Мақатта, Индерборда және Ганюшкинода 1-1 станциядан орнатып шығады", – деді вице-министр.

Қалай болғанда, қоршаған ортаға қатысты проблемалар қордалануда. Оны толассыз талас туғызған жаңа Экологиялық кодекс те шеше алмайтын түрі бар. Оның үстіне министр Мағзұм Мырзағалиев Мәжілісте айтқанындай, бүгінде ластау лимиті қатаң бекітілетін І санаттағы ірі кәсіпорындар тізбесі қайта қаралады және онда негізінен экологиялық қауіпті нысандарға ғана баса назар аударылатын болады. Қалғаны рұқсат сұрамайды, тек улы шығарындыларын декларациясы жетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу