2019 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,5% төмендеп кетті.
ҚР ҰЭМ статистика комитетінің деректері бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салынған инвестиция көлемі өңдеу өнеркәсібінде 73,7%, сауда саласында 13,8%, құрылыста 11,5% азайып кеткен.
Көлік, ауыл шаруашылығы, байланыс қызметтері секілді салалар инвестиция салу көрсеткішіне аз да болса дем беріп тұр деуге болады. Салынған инвестицияның жалпы көлемінің 70,5%-ы өнеркәсіпке, соның ішінде 79%-ы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Ал білім беру, медицина мен ғылыми қызметке салынған қаражат азайып кетті.
Өңірлер бойынша Атырау облысы инвестиция ағымында абсолютті көшбасшы болып қала берді. Республикаға салынған инвестицияның 48%-ы осы облысқа тиесілі. Ең төмен көрсеткіш Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның шамамен 40,7%-ы шикізаттық емес секторға тиесілі. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі ішкі инвестициялардың үлесі 63,5% болса, сыртқы инвесторлар 36,5%-ды қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялардың басты көзі бұрынғысынша кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып қалуда.
Экономикаға салынған инвестицияның азаюы алдағы бірер тоқсанда сыртқы сауда айналымына да кері әсерін тигізетіні анық. Осы орайда, өткен жылдағы сыртқы сауда айналымының айтарлықтай ұлғайғанын айта кету керек.
2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары бойынша сыртқы сауда айналымы 19,7%-ға өсті, оның ішінде экспорт – 25,7%, импорт 9,9%-ға ұлғайды. Экспорттың 70%-дан астамы минералды ресурстарға тиесілі. Олардың экспорты бір жылда 38,2%-ға өсті.
Экспорттың өсуі елімізде шикі мұнай өндірісінің өсімі мен бағаның қымбаттауына байланысты. Бұдан бөлек, экспорт құрылымында жануарлар мен өсімдік өнімдері (29,9 %-ға), ағаш және орман өнімдері (75,8%-ға), құрылыс материалдары (24,7%-ға) айтарлықтай өсті. Ал барлық өзге тауарлар тобы бойынша экспорттың төмендеуі байқалды.
Ішкі тұтыну және инвестициялық сұраныстың ұлғаю нәтижесінде 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі тауар топтары бойынша импорт бойынша өсім байқалды.
Импорттың өсуіне ең үлкен үлесті машина, жабдық құралдар мен құрылғылар (өсу 19,5%), металдар мен олардан жасалған бұйымдар (өсу 22,4%), минералды ресурстары (өсу 10,9%) және химия өнеркәсібінің өнімі (өсу 4,6%) қосты.
Өзге де тауарлар тобы бойынша, былғары шикізатымен аң терісі импорты төмендеді. Тауарлардың негізгі импорты кеден одағының елдеріне (үлесі 40,6%), ЕО елдеріне (үлесі 20,5%) және Қытайға (үлесі 16,5%) тиесілі.
Бауыржан Мұқан