Экономиканы долларсыздандырғаннан түк шықпайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3036

Мәселені теңгеге деген сенім мен инфляция ғана шешеді.

Экономиканы долларсыздандырғаннан түк шықпайды

Осыдан екі жыл бұрын  ұлттық банктің экс-төрағасы  Қайрат Келімбетовтың бастамасымен экономикамызды АҚШ долларының кыспағынан алып шығатын мемлекеттік бағдарлама дайындалып, үкімет назарына ұсынылды. Бұл бастама кейінгі төраға Данияр Ақышевтің тұсында да жалғасты. Осының өзі ұлттық банк басшылары долларсыздандыруға шындап кіріскенін көрсетеді.

Ал халықаралық "Forex Club" компаниялар тобының сарапшысы Валерий Полховскийдің пайымынша, теңгеге сенім болмаса, экономиканы долларсыздандырғаннан түк шықпайды. Мұндай жағдайда экономикалық агенттер сенімді әрі балама валюта іздей бастайды. Өйткені кез келген экономикалық жүйеге барлық талап пен сұранысқа жауап бере алатын валюта қажет. Долларсыздандырумен күресу үшін теңгеге сенімді күшейту керек. Бұған қол жеткізудің ен сенімді тәсілі инфляция.

"Экономикада инфляция деңгейі  жоғары болғанда ақша маңызды рөл  атқара алмайды. Сондықтан ең әуелі инфляциямен күресу керек. Қазір ұлттық банк теңгеге басымдық беріп, айналымдағы салмағын арттыру саясатына көшті. Өйткені олар мәселені осы қадам ғана шеше алатынын түсініп отыр. Егер ұлттық банк инфляцияны реттеп, төмен деңгейде ұстай алатынын көрсетсе, біртіндеп теңгеге деген сенім күшейеді",  – деді Валерий Полховский журналистерге берген сұхбатында. 

Біздің экономикамызға доллар неге дендеп еніп алды деген сұраққа жауап ретінде сала мамандары бірауыздан 2015 жылға дейін жүргізілген қаржылық саясатты кіналайды. Олардың пікірінше, шетелдік қаржы ұйымдарынан келіп жатқан жеңіл несие біздің банктерге ойлануға,  жүйелі саясат жүргізуге мүмкіндік бермеген. Салдарынан бас-аяғы оншақты жылдың ішінде біздің ел тіркеліп, жұмыс істеп жатқан банктердің саны жағынан ТМД елдерінде алғашқы үштікті еншілеген. Қаржыгер Ілияс Исаев елдегі банктердің бір-біріне қосылып, іріленуі қаржылық жағдайдың оңалуына, ең бастысы  ішкі нарықтың долларсыздануына ықпал еткенін айтады. Оның ойынша, 1990-2000 жылдары валюталық заңнама қатты ырықтандырылған. Елдегі валюта айырбастау бекеттері тәулік бойы жұмыс істеген. Бүгінгі таңда тұтынушылардың санасы теңгемен есеп айырысуды толық қабылдап үлгермей жатыр. Мұны бір сәтте өзгерту мүмкін емес. 2000 жылғы  қаржы  дағдарысы бізге қатты әсер етпеген. Өйткені ол кезде  бидай, металл мен мұнай  бағасы тұрақты болды.

"Өткен айда елбасы үкімет активімен кездескен кезде: "Бізге Ресейдегі немесе Қытайдағыдай жүздеген банк қажет емес. Ішкі нарықтын талабын өтеуге 5-6 банк те жетеді", деді. Бүгінде еліміздегі банктердің саны қысқарып жатыр. Бұл олардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бізге енді ұлттық валютаның салмағын біртіндеп арттыру міндеті жүктеліп тұр", –  деді Ілияс Исаев.

Қазақстан долларсыз экономиканың бет-бейнесі қандай болатынын біліп алды. Ел ішінде ғана емес, халықаралық сауда-саттық кезінде де теңгені айырбас құны ретінде пайдалану нақты нәтиже бере бастады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өткен аптада журналистермен жүздескен кезде долларлық активтерге салынатын салықты қысқартып, алтынға басымдық беретінімізді айтты. Бұл ­– Астана, Алматы қалаларының ақша айырбастау пункттерінде алтын айырбас құны ретінде айналымға шығады деген сөз. Нәтижесінде адамдар артық ақшаларына шетел валютасын емес, алтын құймасын сатып ала алады. Оның айырбас құны қанша болатыны алдағы уақытта белгілі болады.

Қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, үкімет пен ұлттық банк мәселені шындап қолға ала­тын болса, ұлттық валютамыз мұнай экспортын­да айырбас құралына айналар еді.

"Ірі экспорттаушылар мен импорттаушыларға доллардан бас тарту туралы сөз қозғауға əлі ерте. Долларсыздандыру саясаты кешенді түрде жүргізілуі үшін теңгенің ақша айналымындағы маңыздылығы арта түсуі тиіс. 2016 жылы долларсыздандыру ісі бастау алып, теңгемен салынған депозит көлемі, алдын ала берілген мәлімет бойынша 53,2%-ға дейін өссе, шетелдік валютадағы салымдар 10%-ға төмендеген. Сөйтіп депозитті долларсыздандыру деңгейі 2016 жылдың қаңтар айынан бері 70%-дан 56,7%-ға жеткен. Қазір экономиканы долларсыздандыру теңгемен несие беруді жеңілдету, несие саясатында теңгеге басымдық беру және экспорт-импорт операцияларын доллардан тыс валютамен жүргізу сынды қадамдармен іске асып жатыр. Егер АҚШ валютасының айналымдағы ықпалын 40%-ға дейін түсірсек, теңге мен шетелдік валютаның текетіресінде тепе-теңдік орнайды", – дейді Ілияс Исаев.

Оның ойынша, долларсыз экономика қалыптастыруға қатысты нақты бағдарламаның жоқтығы істің алға жылжуына көп кедергі келтіріп отыр.  
"Біз жаңа бағдарлама қабылдамастан бұрын Ресей тәрізді сыртқы экономикалық банк ашып, валюта айырбасымен айналысып жүрген нүктелердің жұмысын соған тапсыруымыз керек. Бұл бастама долларға деген сұранысты азайтады. Қазақстан өзінің халықара­лық сауда операцияларында ұлттық валютамызға көшетін болса, онда америкалық­тар Қазақстандағы барлық мұнай активтерін қазақстан­дық­тардың қолына өткізеді. Себебі алатын мұнай үшін теңгемен төлеу керек болғандықтан, шетелдіктер оны теңге бағамын белгілейтін осы елдің орталық банкінен сатып алуға тиіс болады. Осыдан кейін теңгені қанша көлемде басып шығарса да бола береді. Өйткені қазақ мұнайын алатын елдің бәрі теңгені сатып алуға кіріседі. Мысалы өз өнімдерін теңгеге сатқан Германия немесе Қытай осы валютаға қазақ мұнайын сатып ала алатынын білетін болады. Сонда Қазақстан өзінің ішкі дамуымен іс жүзінде айна­лысып, теңге түріндегі қаражатты елдің ішіне инвестициялай алады. Біз осындай тәсілмен ғана ұлттық банк пен үкімет бірлесіп қолға алмақ болып отырған бағдарламаның жүгін жеңілдете аламыз", – дейді Ілияс Исаев.

Жалпы, долларды біртіндеп жергілікті қаржылық нарықтан ығыстыру көптеген елдерде басталып кеткен. 

Саясаттанушы Нұрлан Сейдін Қытай мен Ресейдің бір-біріне жақындауы немесе Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы долларға қауіп төндіретінін, бұл ТМД елдері экономикасына доллардың ықпалын әлсірететінін айтады. Себебі бұған дейін сарапшылар арасында "долларды күйрету үшін әлі біршама уақыт керек" деген пікірдің бәсі басым болып келген. Алайда  АҚШ-тың Ресейге санкциясы бұл процесті жеделдетіп жіберді.

"Қытай  сауда-саттық бойынша есеп айырысуда өз валютасын қолдануға қол жеткізді. Юань резервтік валюта ретінде қолданыла бастады. Шикізат ресурстары саудасынан доллардың ығыстырылуы біз тәрізді даму жолына енді түскен елдерге ұлттық валютасын күшейтуге  жол ашты. Дәл қазір бізге осы мүмкіндікті уыстан шығарып алуға болмайды", – деді Нұрлан Сейдін.
Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу