Экономиканы жаңа қарызбен ынталандырады

3045

Ұлттық банк БЖЗҚ-дан және өз қаражатынан банктерге 600 млрд теңге бағыттамақшы, алайда экономикалық өсімнің болжамы сол қалпында қалып отыр.

Экономиканы жаңа қарызбен ынталандырады

Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін бюджет жобасында 102,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы қаржы министрі Әлихан Смаилов мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің отырысында "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын таныстырғанда айтты.

Бюджетті қайта нықтылауға мемлекет басшысының Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімшілік мәртебесін өзгерту туралы жарғысын іске асыру қажеттілігі негіз болды. Осыған байланысты бюджеттің негізгі параметрлері нақтыланды.

Түсімдер мен шығыстар Түркістан облысының кері трансферті мен Шымкент қаласының мақсатты трансферті сомасына ұлғайтылды. Республикалық бюджеттің нақтыланған түсімдер көлемі 8,772 трлн теңге, шығыстары 9,655 трлн теңге. Тапшылық алдында бекітілген деңгей 8,772 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 1,5 %. Мұнай емес тапшылық деңгейі ЖІӨ-ге 7,4% болып, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген шектік шегінен асып кетпейді.

Номиналды ЖІӨ 58,242 трлн теңге көлемінде болады деп бағаланып отыр. Бұл сәуір айында нақтыланған болжамнан 1,036 трлн теңгеге артық. ЖІӨ жан басына шаққанда 9114,2 доллардан келеді.

ЖІӨ-нің нақты өсуі 3,8 пайыз деңгейінде сақталған.

Мемлекет басшысының Шымкент және Түркістан қалаларының әкімшілік мәртебесін өзгерту және дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру үшін 29,7 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр, оның 15,1 млрд теңгесі – Оңтүстік Қазақстан облысының бұған дейін қарастырылған субвенцияларды бөлуі. Мақсатты трансферт аясында бөлінетін 12,8 млрд теңге қосымша қаражат көркейту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өңірлердің жылу энергетикалық және газ транспорттық секторын дамытуға, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беруге байланысты орталық атқару органдарында аумақтық бөлімшелерді ашуға 1,7 млрд теңге қажет болды.

Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауында айтылған жекелеген тапсырмаларды орындауға қазіргі нақтылауда 39,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның ішінде "ҚазАгро" холдингі арқылы аграрларды ауылшаруашылық техникасы мен жабдығын сатып алуда несие беру үшін қосымша 15 млрд теңге бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар осы бағыт барысында суландыру-құрғату жүйесін жетілдіру жобасын іске асыруға қосымша 3,8 млрд теңге бөлу қарастырылған, бұл астық өнімділігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

"Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруда ТҚЖБ-ның салымшыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын беруіне несие беру үшін қосымша 15 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қадам мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға 100 мың ш. метрге дейін баспана сатып алуды қамтамасыз ету үшін 1667 алдын ала және аралық баспана қарызын беруге мүмкіндік жасайды.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бизнесті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қосымша 5,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл шығыстар коммерциялық банктердің тиімді инвестициялық жобаларын іске асыру, сондай-ақ өндірісті модернизациялау мен кеңейтуге бағытталған жобаларға берілетін жаңа несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетуге жіберіледі.

Бұған қоса, мемлекет басшысының көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту саласын жалғастыру мен іске асыруға қатысты тапсырмасына  қосымша 44,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәліздің Алматы – Қорғас автомобиль жолы учаскесінде "Нұр жолы" өткізу автомобильдік бекетін құру мен пайдалану концессиялық жобасын жүзеге асыруға қосымша 15,5 млрд теңге бөлу қарастырылуда.

Автожол саласындағы жобаларды іске асыруға қаражаттарды қайта бөлу есебінен 20,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл көлік инфрақұрылымды дамыту, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Алматы облыстарындағы 9,3 млрд теңге сомасындағы жолды күрделі және орташа жөндеу бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар "ҚазАвтожол" АҚ-ы мен ҚХР-дың экспорттық-импорттық банкі арасындағы қарыз туралы келісіміне сәйкес Қарағанды – Балқаш учаскесіндегі "Орталық – Оңтүстік" дәлізінің қайта қалыпқа келтіру және жобалық-ізденіс жұмыстары жобасын іске асыруды бастауға арналған жобалық-сметалық құжаттаманың құнының 30%-ы мөлшеріне алғы төлем жасауға 11,6 млрд теңге төлеу қарастырылған.

Алматы халқының қала ішіндегі мобильділігін арттыру үшін бюджет жобасы бойынша қазіргі жұмыс істеп тұрған тоғыз және келешекте іске қосылатын екі метрода жылдам қызмет көрсету үшін электрпойыздарының сегіз құрамын сатып алуға алдын-ала төлем жасау жоспарлануда, оған 8,1 млрд теңге бөлу ұсынылуда.

Білім беру нысандарын салу, инженерлік инфрақұрылым, баспана салу, газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету сияқты жалғасып жатқан жобалардың іске асуын жылдамдату үшін қосымша 9,8 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. "Бұл қаражат бюджетке тек жобалар бойынша ғана қосылған және бұған әкімшілер жыл соңына дейін қаражатты толық және уақытылы игеру бойынша кепілхат берген", – деп нақтылады қаржы министрі.

Сондай-ақ президент тапсырмасы бойынша елдің бұрын қабылданған міндеттемелеріне қатысты, оның ішінде жалпы сомасы 15,2 млрд теңге теңге бағамына қатысты болған шығысының түзетілуіне байланысты шығыстар ескерілді. Бұл, ең бірінші, әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуге байланысты болып отыр, оған қосымша 9,2 млрд теңге бөлу ұсынылуда, оның ішінде 3,3 млрд теңге еңбек еткеніне 20 жылдан асқан әскери қызметкерлерге қызметтік баспананы өтеу құқынсыз жекешелендірудің орнына өтемақы төлеуге берілмек. Ал 5,1 млрд теңгесі тұрғын үй төлемін жасауға берілмек. Осылайша, баспанамен қамтамасыз етудің жалпы шығыс көлемі 80 мыңнан астам әскери қызметкерді қамтиды және биылғы жылы 94,1 млрд теңгені құрайтын болады.

Президент тапсырмасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарын іске асыруда "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" және "Киров атындағы зауыт" АҚ-ның өндірістік қуатын технологиялық жаңғыртуға 3,3 млрд теңге жұмсау ұсынылуда. Тап қазіргі уақытта ауыр машина жасаудың облыстың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі 13%, кәсіпорындарды жүктеу үлесі небәрі 67%. Технологиялық жаңғырту жүргізу, сондай-ақ зауыттарды жүктеу 2021 жылға қарай өнім көлемін 40%-ға дейін арттыруға және облыстың ЖӨӨ-дегі үлесін 20%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Осы арада мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктер үшін ұзақмерзімді өтімділік есебінде қосымша 600 млрд теңге бөлуге тапсырма бергенін еске салып кеткен жөн. Бұл қаражаттар басым жобаларға қолжетімді несие беруге бағытталған болу керек.

Қаржы министрі Әлихан Смаилов журналистер сұрағына жауап бергенде аталған соманың жартысы, яғни 300 млрд теңгесі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатынан бөлінетінін айтты.

"Бұл сұрақты негізінен Ұлттық банктен сұраған дұрыс болар еді, бірақ мен, қаржы министрі ретінде Ұлттық банк бұл қаражаттың жартысын БЖЗҚ қаражаты есебінен, жартысын Ұлттық банктің өз қаражатынан бөлуді жоспарлап отырғаны жайлы айта аламын. Бұл қаражаттар екінші деңгейлі банктерге коммерциялық, нарықтық мөлшерлеме бойынша қайтару негізінде беріледі", – деп атап кетті.

"БЖЗҚ-ның активтері өсу үшін зейнетақы қорындағы салымдар инвестицияланып, кіріс әкелуге тиіс. Сондықтан оларды бір жерге инвестициялау қажет. Қазіргі жағдайда нарықтық мөлшерлеме бойынша өз экономикамызға қаржы құю сөз болып отыр. Сол себепті бұл дұрыс. Әлемнің барлық елінде осылай істелген және істеліп те жатыр", – деп қорытындылады қаржы министрі.

Оның айтуынша, Ұлттық банк таяу арада ЕДБ-ге қатысты критерийлерді белгілеуге және критерийлер, сома және лимит бойынша өздерінің болжамын ұсынуға тиіс.

Айсұлу Тимурова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу