Елбасының АҚШ-қа сапарынан сарапшылар не күтеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3884

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары халықаралық сарапшылар арасында біршама қызығушылық пен қозғалыс туғызып отыр.

Елбасының АҚШ-қа сапарынан сарапшылар не күтеді

Ертең елбасының Вашингтонға үш күндік сапары басталады.

Солтүстік көршіміздің сарапшыларына сенсек, Ресеймен арасы мықтап әрі ұзаққа бұзылған Американың басшылығы тікелей байланыстардан аяқ тартып, енді айналма жолдармен және араағайын арқылы жақындасу мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл ретте олар ең күрделі бітімгерлік миссияларды абыроймен атқарған Нұрсұлтан Назарбаевтан артық кандидатура табу қиын екендігін білдіреді. Сондықтан Астана АҚШ үшін енді стратегиялық тұрғыдан барған сайын маңызды бола түсуде.

Осы орайда ресейлік саясаттанушылар Қазақстан мен АҚШ-тың арасы барлық салаларда жақсы екенін еске салады. Мәселен, басқаны айтпағанда, ресми Астана НАТО әскерлеріне Қазақстан үстінен Ауғанстанға үшуға рұқсат етті. Кезінде Иракқа минадан арылту үшін бір рота бітімгершіл солдаттарды жолдады.   

Америкалық сарапшылардың байламынша, Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев өткір мәселелерді талқыға салады. Соның қатарында қос мемлекет басшысы кездесу кезінде Ауғанстанмен, Сириямен және Ресеймен байланысты мәселелерді талқылайтын болады. Америкалық ақпарат құралдары АҚШ-тың бұған дейінгі президенті Барак Обаманың Қазақстан президентін "ядролық қаруды таратпау қозғалысының барша таныған лидері" деп атағанын ойға оралтады.

Мәселен, "The Huffington Post" Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына арнаған мақаласын "Қазақстандық модель – Солтүстік Корея үшін үлгі" деп атапты. Онда сарапшылар қазақ елінің өзінің ең маңызды қағидасына – үлкен саясаттағы ядролық фактордан бас тартуға ықпал ету бағытына шын беріліп, бірізділікпен ілгерілетіп келе жатқанын жарыса айтады және біздің елімізді өнеге етуге шақырады.

Қазақстандық сарапшылар болса, бұл сапардан көпті күтуде.

"Бұл сапар ең алдымен америкалық тарап үшін өте маңызды болып отыр. Өйткені ақ үй таяу уақытта Ауғанстан бойынша АҚШ-тың жаңа стратегиясын түзетінін жария етті. Ауған стратегиясы АҚШ-тың ішкі саясатының шешуші бір қыры болып табылады. Себебі, президент әкімшілігінің осы елге қатысты қандай бағдарлама ұсынатынына және түйінді мәселені қалай шешетініне қарап, америкалық сайлаушылар оның сыртқы істердегі пәрменділігі туралы ой түйеді. Ақ үй тиісті стратегия түзуге кіріскенін мәлімдегенімен, құжат кең талқылауға әлі күнге ұсынылған жоқ", – деген халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес төрағасы, саясаттанушы Ерлан Қарин Америка президентінің сырт көзден тыс жағдайда қазақстандық лидермен осы тақырыпта ақылдасу ниеті болуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Әйткенмен, саясаттанушы ресми Астананың Ауғанстандағы ахуалды түзету бойынша нақты ұсыныстары да жоқтығын ескертеді. Бірақ ондай маңызды халықаралық шешімдер осындай кеңесу кезінде туатыны да бар.

"Тәуелсіздік алған кезден бері Америка құрама штаттары біздің жақын стратегиялық серіктесіміз болып табылады. Енді біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары арқасында еліміздің АҚШ-пен қарым-қатынастарын "кеңейтілген стратегиялық серіктестік" деңгейіне шығару мақсатын қойып отырмыз. Біздің мемлекеттер өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешуде және бұл бағыттағы істерді ілгерілетуде ынтымақтасуда. Атап айтқанда, Ауғанстан проблемасы алдағы келіссөздердің басты нысанасы болады, сондай-ақ тараптар сириялық мәселені де айналып өтпес. АҚШ өзінің еуразиялық стратегиясы аясында Ресеймен байланыстардың түйткілі де талқылайтын болады", – дейді президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Қышқымбаев.

Ол ядролық жаппай қырып-жою қаруларына қатысты түйінді мәселелердің де назардан тыс қалмайтынына сенімді. Өйткені таяуда ғана АҚШ пен Солтүстік Корея бір-біріне "ақырзаман қаруын" кезеніп, доқ көрсетті. Атап айтқанда, Дональд Трамп Солтүстік Корея проблемасын шешуде АҚШ қажет болса, ядролық қаруды қолданудан да бас тартпайтынын меңзеді. Ким Чен Ын да қарыз болып қалмады.

"Америка әкімшілігі ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстанның көшбасшылығына үлкен мән береді. Оның үстіне Корей шығанағындағы оқиғалар келіссөздердегі бұл мәселені өзекті ете түседі", – дейді ҚСЗИ басшысының орынбасары. 

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың мәліметінше, Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары "кеңейтілген серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме" қабылдайтын болады. Ол сондай-ақ 16 қаңтардағы президенттердің кездесуінде екі ел арасындағы өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жайы талқыға салынатынын хабарлады.

"Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп кездесуінің күн тәртібінде мәселелердің кең ауқымы қарастырылып отыр. Екіжақты саяси, сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті ары қарай дамытуға, Қазақстан экономикасына америкалық инвестицияларды тартуға айрықша екпін түсірілетін болады. Сонымен қатар Қазақстан лидерінің жетекші америкалық саясаткерлермен және бизнесмендермен кездесуі жоспарланған. Сапар қорытындысында, президенттердің екі мемлекеттің кеңейтілген стратегиялық серіктестігі туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданады", – деді президент баспасөз қызметінің басшысы.

Оның ақпарынша, бұл құжатта ХХІ ғасырда қазақ-американ байланыстарын одан әрі тереңдету жолдары қарастырылады.

Бұған қоса, жалпы құны бірнеше миллиард доллар тұратын бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланған. Америкалық бизнесмендердің кең қатысуын қарастыратын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтитын көрінеді. 

"Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін береді және ұзақмерзімді оң динамикаға жол ашады", – деді Айдос Үкібай.

Айта кету керек, осыдан кейін 18 қаңтар күні елбасы Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінің "Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары" атты тақырыптық дебатына қатысып, сөз сөйлейді деп күтілуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу